Әкімдер есебі

Талқы мен талап

Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Бағжан Тілегенов өзінің қала тұрғындарымен кезекті  есеп беру кездесуін Шанхайда орналасқан №40 мектепте өткізді. Есепті кездесуге Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова қатысты.

Астана ауданы әкімінің сөзіне қарағанда, аудан құрылған сәттен бері әкімнің атына 148 сауал келіп түскен. Оның 97-сі қазіргі күні шешімін тапқан не шешілу үстінде.

Қала тұрғындары алдында берген есебінде әкім ауданның әлеуметтік-экономикалық табыстарына жан-жақты тоқталды. Әсіресе, проблемалық мәселелерді кеңірек қозғады. Соның бірі — қалада 250 кәріз құдықтарының қақпақтары қолды болған. Оны қабылдайтындардың негізгісі — металл қабылдау пункттері. Тексеру жүргізгенде аудан аумағындағы 19 қабылдау пунктінің 15-сі еш жерде тіркелмеген болып шықты, яғни заңсыз жұмыс істеп келген.

Аудан аумағында жақсартуды тілеп тұрған жолдар, су ағатын арығы, жарығы жоқ көшелер әлі де бар. Әкімнің баяндамасында  атап көрсетілгеніндей, 63 көше талапқа сай болса, әлі де 74 көшеге суағарлар қажет.

Өткен жылы алты көшеге күрделі жөндеу жүргізілгенмен, бұдан кезек азайған жоқ. Кездесуде аудан әкіміне қойылған алғашқы сауал да осы мәселеге қатысты болды. Көктем мен күзде  көшелер батпаққа айналатыны, қираған қоқыс контейнерлері, пәтер иелері кооперативінің құрылмауы тәрізді мәселелерге қоса қоғамдық тәртіп туралы да сөз қозғалды.

Кездесу барысында учаскелік полиция қызметкері өзінің бұл аумақта жұмысқа кіріскеніне бір апта ғана болғанын айтып, алда барлық кемшілікті түзетуге уәде береді.

Кездесудің пайдалы болғаны сол — тұрғындар проблемалық мәселелерін әкіммен бетпе-бет отырып талқылады. Оларды қалай шешуді кеңесті. Сауал қоюшылар да, сөйлеушілер де аз болған жоқ. Кездесуді қорытындылаған қала әкімінің орынбасары К.Айдарханова, аудан әкімі Б.Тілегенов осында көтерілген бірде-бір мәселенің назардан тыс қалмайтынын, шешімін табатынын мәлімдеді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button