Мәдениет

Алғашқы наурыздар қалай өтті?

Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында еліміздің тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерекесі жақын қалғанын, оған айрықша даярлық қажеттігін атап көрсетті. Әсіресе, осы жылдардың қадір-қасиетін, тәуелсіздік жылдарында қол жеткен табыстарымызды, қайтып оралған озық салт-дәстүрлерімізді таразылау, көптің есіне салу парыз. Егер Тәуелсіздігіміз қолға тимесе, Наурыз мейрамын бүгінгідей тойлай алар ма едік? Кешегі кеңес кезінде уысымыздан шығарып алған бұл ұлы мерекеміз осы жылдарда халқымызға қайтып оралды. Әрине, бірден келе қалған жоқ, бастауы бар, қалыптасуы бар. Оның Ақтөбе аймағында қалай орныққанын облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бастығы Бекарыстан Мырзабайдың, «Ұлт тағдыры» қозғалысы облыстық филиалының төрағасы Айтқали Италиевтің төмендегі әңгімелерінен де аңғаруға болады.

Бекарыстан МЫРЗАБАЙ:

— Біздің Ырғызда бала кезімізде тоқсан шыққан соң алты күннен кейін «Дүние наурызы келеді» дейтін ұғымды әкеміз айтатын еді. Сөйтіп наурыздың 19-ы күні біздің үйде міндетті түрде көже асылады. Сосын тостаған арқаламайды, қазір молшылық дейді. Бірақ «Қасығыңды ала жүр. Өз қасығыңмен көршілерден сыбағаңды іш» деп жібереді, не ертіп барады. Бала кезімізден біз білетін Наурыз солай. 19-20-21 күндері. Ол кезде біздің өңірде 22-сі дейтін ұғым жоқ, неге олай болғанын түсінбедім.

1985 жылы мен қыста жұмыс ауыстырып Алматыдан Ырғызға келдім. Ол жылы наурыз көже болған жоқ. Келесі жылы жігіттерді көжеге шақырдым. Көпшілігі құрдастарым, Рақымжан сияқты журналистер еді. «Етіңді үнемдейін деп, алдымен көже беріп жатырсың» деп, олар мені мазақ қылды. Енді сол кездегі ұғымдарымыз сондай дәрежеде еді.

Келер жылы да сол жігіттерді көжеге шақырдым. Басқалар қаңтар-ақпанда соғымның етіне шақырды. Ал мен наурызға ыңғайлап қонақ етемін. Бірақ ол кезде наурыз дегенмен, арақ-шарап бар, дастарқанға бәрі қойылады.

Содан 1988 жылы Алматыда тойланып жатыр деп, нұсқау болып, Тыныштық Үмбетова идеология хатшысы еді, наурызды көшеде өткізуге тапсырма берді. Сол наурызды Темірбек Жүргеновтің 90 жылдығымен байланыстырып өткіздік. Әлі де қар жатыр еді. Еденіне тақтай төсеп 3 киіз үй тіктік. Көшпелі қазақ өмірін көрсету үшін көшелермен арбаға ат, түйе жегіп жүргіздік. Өйткені сол тұста Алматыда да осындай театрландырылған көріністер көрсетілгені айтылып жатты.

Біз де көшеге есімдерін жазып ұлттық тұлғаларымыздың бейнесін алып шықтық. Оларды халықтың есінде қалдыру шараларын жасадық. Перзентханада дүниеге келген бір балаға Темірбек есімін бердік. Екінші қыз балаға Т.Жүргеновтің жұбайы Дәмештің есімін қойдық.

1993 жылдың жазында Ақтөбе қаласына көшіп келдім. Қалада ұлттық қозғалыстың тізгінін ұстап жүрген сол кездегі белсенді жігіттерге қосылдым. Келер жылы, 1994 жылдың наурызында олар маған қалада наурыз мейрамын өткізудің сценарийін жазуға тапсырма берді. Біраз адаммен ақылдастық. Алдымен Ақтөбе университетінің ректоры, ғұлама Мұхтар Арын ағамызға бардық. Ол кісі: Хасен Әбішевтің, Ысқақовтың «Қазақ календарын» оқыдың ба?» деп сұрады. Оқығанымызды айттық. Онда енді Машановтың мынадай-мынадай әдебиеттерін оқыңыздар деп, кеңес берді. Соларды оқып, қалада Наурыз мейрамын атап өтудің сценарийін әзірледік. Соның алдында 1993 жылдың күзінде төл теңгеміз айналымға қосылған еді. Жігіттер сол ұлттық теңгеде белгіленген қайраткерлерді наурызға шығаралық деген ұсыныс айтты. Әл-Фарабиді нарға мінгіздік. Ол нарды мифологиялық Ұмай ана мен Үтбике жетектеді. Үтбике — үт келді, жылылық келді дейтін қыздың бейнесі де, Ұмай ана — архологиялық күн бейнесі. Біреуін бәйбіше, біреуін қыз қылып киіндірдік. Әл-Фараби нар үстінде халыққа сөз арнады. «Бөрідей жорытып жүргенде, бөгеліп көрген жан емен» деп жыр айтып Сүйінбай келеді ат мініп. Одан кейін Құрманғазы күй тартады. Ол — өзіміздің Жайлау күйші.

Осындай көріністерді біз бір ай дайындадық. Оған драма театрының режиссері Диқан ағамыз басшылық жасады. Бұлардан басқа Әбілқайыр, Абылай, Шоқан, тағы сол ұлттық теңгедегі барлық 7 тұлға бір-бір ауыз сөз айтып, Наурызда халық алдына шықты.

Алаңға келген кезде сол кездегі облыс әкімі С.Пачинді саумалдық айтып отпен аластауды ұйымдастырдық. «Көш, мыстан, көш, Көш, Қайырхан, көш, Ескі жылмен кет! Кел, Жаңалық, кел!» деген сөздермен. Солайша халықтың наразылығын білдірдік. Мұны түсінгендер болды.

Басқа да 18-19 рәсім болды. Оларды кітаптардан теріп алдық.

Наурыз тойының соңында Әл-Фараби бата берді.

Менің есімде, сол жылғы Наурызда қар ала тесік болып, кете қойған жоқ. Орталық стадион алаңынан Ақтөбе университетіне дейін жағалай ақ қардың үстіне қаз-қатар киіз үйлер тігілді. Одан кейінгі наурыздарда киіз үйлер облыстық әкімшілік ғимараты алдындағы алаңдарға қарай көшті. Әбілқайыр даңғылы бойын түгел алып жататын болды. Мәселен, сол 1994 жылғы Наурыздың өзінде 26 ауыл аталды. Себебі, Машановтың кітабында күн мен түннің айналу нүктесі 26 мың жылда тышқанның тұмсығына қайтып келеді деген болжам бар. Бұл астрономиялық заңдылық. Соған орай біз 26 санын алдық. Сосын рәсім санын Құранның тірегі деп 26 қылдық. Осындай символдық жақтары қарастырылды.

Айтқали Италиев:

— Кеңес өкіметінің басынан дәурені өткені белгілі бола бастаған сексенінші жылдардың соңында «Алдаспан» ұлттық қозғалысы құрылды. Оның жетекшілері Серік Ерғали, Сұлтанбек Тәшкенбаев, Естай Жайлыбаев сияқты азаматтар болды. Біз осы қоғамның белсенді мүшелері ретінде қоян-қолтық жұмыс жүргіздік. Тәуелсіздік таңы атып келе жатты. Ұлттық құндылықтарымызды түгендеу басталды. Тарихтың ақ таңдағына ұшыраған қайраткерлерімізді, дінімізді-ділімізді іздедік. Наурыз мейрамын неге тойламаймыз? Оны ұлттық мейрамға неге айналдырмаймыз дедік. Алайда, біздің бұл ұсыныстарымыз алғашқы кезде ресми қолдау таба қойған жоқ.

Сосын осы қалада Наурызды алғаш рет 1988 жылы үйде өткіздік. 1989 жылы М.Шахановтың бастауымен Алматы көшелерінде наурыз шеру тартты. Киіз үйлер тігіліп, астана халқының қатысуымен аталып өтті. Осыдан есептегенде биыл Наурыз елімізде 20-шы жыл аталып отыр.

Ал біздің Ақтөбеде халықтық мерекелеу сипаты бар наурыз 1990 жылы қазіргі С.Бәйішев атындағы ғимарат алдындағы алаңда өтті. Оны әлгі айтқан ұлттық қозғалыстың мүшелері ұйымдастырды.

Он екі қанат екі киіз үй тігілді. Тайқазан көтеріліп, наурыз көже пісірілді. Ол қала халқына тегін таратылды. Онда көзі жоқ, сонда да тапқандар көшеге ұлттық киімдер киіп шықты. Дастарқанға қазы-қарта, жент, құрт-ірімшік сияқты ұлттық тағамдар қойылды.

Барынша қазақы киінуге тырысқан келіншектер киіз үйге бас сұққандарға ілтифат білдіріп, қызмет көрсетті. Мұнымен бірге киіз үйлерге келі-келсап, жүкаяқ, кебеже сынды этнографиялық мұражайлық дүниелер қойылды.

Дастарқан мәзірінде ішімдік мүлде болған жоқ. Өкінішке орай, одан кейінгі Наурыздарда ішімдікті жасырып ішу жағдайлары болды. Наурыздың насихаттық, көріністік сипаты басым болды. Әрине, бұл да жаман емес. Сол арқылы халқымыз Наурызды танып, білді. Қазір ол өмірімізге сіңісті, дәстүрлі мейрамымызға айналды. 22 наурыз ресми демалыс болып жарияланды. Бүгінде наурыз мейрамы еліміздің бар қалаларында, ауылдарында, әр үйде мейрам ретінде аталып өтіледі.

Әңгімелескен Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button