Мереке

Ертеңі еңселі Елорда

Астананың туған күніне арналған мерекелік шаралардың  бірі облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында да өтті.  Кітапханашы Айгүл Қырымқұлова «Ертеңі еңселі  Елорда» деген тақырыпта оқырмандармен сұхбат жүргізді.

Шарада сөз алған кітапхана директоры Несібелі Жұмағұлова жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, қала тарихы, экономикасы мен мәдениеті жөнінде әңгімеледі. Ал кітапхананың өнер бөлімі  «Астана — нұрлы қала» тақырыбында слайд әзірледі. Слайд «Астананың көрікті жерлері», «Менің саған сыйым болсын, Астана» деген екі бөлімнен тұрды.Сондай-ақ шарада ақын Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған Қанат Айтбаевтың әні «Астана вальсі» шырқалды. Өз кезегінде №48 мектептің оқушылары Бақытгүл Келмағанбетова мен Айдана Ниязова, №36 мектептің оқушысы Айгерім Сағатова қала тарихына арналған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ өзге қатысушылар да белсенділік танытты.

Лариса  ҚҰРЫМБАЕВА,

кітапханашы.

Қуанышты хабар

Астанада Жиембет көшесі бар

Астана қаласынан жерлесіміз, жазушы Табыл Құлыяс телефон шалып, елордамыздың бір көшесіне ХҮІІ ғасырда ғұмыр кешкен Жиембет жыраудың есімі берілгенін қуана хабарлады.

…Менім ерлігімді сұрасаң,

Жолбарыс пен аюдай,

Өрлігімді сұрасаң,

Жылқыдағы асау тайындай,

Зорлығымды сұрасаң,

Бекіре мен жайындай,

Періктігімді сұрасаң,

Қарағай мен қайыңдай, —

деп төкпелететін жыраудың кім болғанын әу баста қалың қазаққа 1968 жылы шыққан «Қобыз сарыны» монографиясында сол кездегі жас ғалым, бүгінгі көзі тірі классик Мұхтар Мағауин баян етіп еді.

Көп түрткі көріп, әзер жарияланған сол монографиядан үзінділер келтірелік.

«Бортоғашұлы Жиембет жырау Алшын руынан, көшпенділердің әскери аристократиясынан шыққан. Алшындар тек қазақ хандығында емес, басқа Орта Азия хандықтарында да мемлекеттің тірегі, әскери күші болғаны мәлім. Самарқанд Регистанындағы Шері-Дар медіресесі мен Тіллә-қари мешітін салғызған атақты Жалаңтөс бахадұр да осы Алшын руынан.

Жиембет — Есім ханның әскербасы батырларының бірі әрі жорықшы жырауы. Сонымен бірге Жиембет — ел аузынан алынған тарихи әңгімелерге және өз шығармаларындағы кейбір сөздерге қарағанда, заманының ірі феодалы, мемлекет істерінде үлкен рөл атқарып отырған қабырғалы би…

Тананың ұраны — Жиембет. Атақты Сырым батыр да жауға шапқанда өз атасы Жиембеттің атын атап шапқан…»

Міне, заманында осы қазақ халқы үшін атқа мініп, айқасқа түскен, жігерді жанып, жыр толғаған  аяулы бабамыздың есімі Астанамыздың бір көшесіне берілуі — қуанышты һәм мақтанышты оқиға.

Астанамыз бен Астана көшелерінің мәртебесі биіктей бергей!

Е.АХАТҰЛЫ.

7 жыршы «Ер тарғынды» жырлады

оның бірі — ақтөбелік Гүлмарс

Елордамыз Астанада астананың туған күніне орай К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында, сонымен бірге астаналық саябақта «Астана-Арқау» түркі музыкасының фестивалі өтті.

Үшінші жыл қатарынан өткен фестивальға қатысып жүрген әншілер қатарында біздің Ақтөбенің бойжеткені — дәстүрлі әнші, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы Гүлмарс Аманбаева да бар. Біз онымен телефон арқылы сөйлескен едік.

— 3 шілде күні Астана саябағында дәстүрлі түркі халықтарының этномәдени фестивалі өтті. Фестивальға Өзбекстаннан, Татарстаннан, Әзірбайжаннан, Түркиядан, Тувадан әншілер келді. Ұйымдастыруға ұйытқы боп жүрген Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысты. Біз бұл күнгі кешкілік 7 жыршы боп «Ер Тарғын» жырын жырладық. Жыршылар әр өңірден жиналды, Наурызбек жырау мектебінен Аманғос Садықов, Маңғыстаудан Амандық Көмеков, Жетісудан Ақан Әдуәлиев пен Ерболат Шалдыбеков, Сыр өңірінен Баян Мұсаева мен Рысбек Әшімов және Ақтөбеден өзім.

Жырды 1913 жылы Қазанда басылып шыққан кітаптағы нұсқа бойынша бөліп алып, орындадық. Маған негізінен Ақжүністің сөздері берілді. Мен үшінші жыл қатарынан осылайша жыр орындауға қатысып жүрмін. Бұрнағы жылы «Алпамыс», былтыр «Қыз Жібекті» орындадық. Бұл игі істі қолға алып, насихаттап жүрген — Алматыдағы «Жәдігер» орталығы. Бұл орталық әр жыр үлкен сахнада орындалған сайын, оны студияда арнайы жаздырып, диск жинағын шығарып жүр. Мәселен, кеше бізге — орындаушыларға «Қыз Жібек» жырының диск  жинағын ұсынды. Жинақ үш бөлімнен тұрады. Қазір сатылымға шығыпты. Диск шығару үшін «Ер Тарғын» жырын біздің орындауымызда жазып алды, — дейді дәстүрлі әнші Гүлмарс Аманбаева.

Бұдан басқа фестивальда Батыс пен Шығыс тыңдаушыларын таң қалдыратын шамандық ән орындау, шаңқобызға арналған виртуоздық құрылымдар, көмеймен ән салу, эпикалық және аспаптық құрылымдар, Орта Азия мен Қазақстан, Қап тауы мен Анадолы, Еділ бойы мен Сібір түркілерінің әуен сарыны орындалыпты.

Сондай-ақ фестивальда Қызылордадан келген жыршы Алмас Алматов, Оралдан келген әнші Қатимолла Бердіғалиев, Арқадан әнші Қайрат Байбосынов, Ақтаудан әнші Айгүл Қосанова, Атыраудан Қайрат Кәкімов, Ақтаудан күйші Сержан Шәкіратовтар өнерлерін көрсетті.

5 шілде күні Астана саябағында Батыс өңірінің өнерпаздары концерт қойып, мұнда ақтөбелік Гүлмарс Аманбаева Сыпыра жырау термесі мен Сарының әнін, Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сүйген жар» әнін әуелете шырқады. Ал дәл осы күні кешкілік К.Байсейітова атындағы драма театрында өткен түркі халықтарының фольклорлық жыр кешінде Гүлмарс Наурызбектің термесін орындады.

6 шілде күні Астана саябағында фестивальдың салтанатты жабылуында өткен жыр-терме кешінде Гүлмарс Аманбаева Ақтанның «Қалағандарың сөз болса» термесі мен Сартайдың термесін төкті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Ізімғали Көбенов: Ұсынысты үш күн бойы талқыладық

1994 жылдың 4,5,6 шілдесі күндері Астананы оңтүстік өңірден солтүстікке көшіру жайындағы ұсыныс  сол кездегі  алғашқы кәсіптік парламентте  қызу талқыланды. Пікір екіге бөлініп,  үш күн бойына  тартысты әңгіме өрбіген. Соңында Астананы Ақмолаға көшіруді қолдаған топтың ұсынысы  дәлелденіп, заң қабылданып, оған Елбасы қол қойды.  Бұл шешімнің қабылдануына біздің  ақтөбеліктердің  де қосқан үлесі бар. Солардың  бірі,  сол кезде осы өңірден сайланған депутат Ізімғали Көбенов қабылданған тарихи шешімнің басы-қасында жүрген еді.

— Үлкен айтыс-тартыспен қабылданды бұл шешім. Ол кезде еліміздегі экономикалық жағдай да ауырлау болатын.  Ауыл шаруашылығы құлдырап, ұжымшарлар тарап жатты. Одақтан бөлініп шыққан тәуелсіз елдерді қалыптастыру, оны дамыту міндеті тұрды. Осындай алмағайып кезеңде  астананы көшіру мәселесі туындады. Себебі, егемен ел болдық. Жан-жақпен қарым-қатынастар күшейе түсті. Елге шетелдерден келушілер көбейді. Көптеген елдердің елшіліктері, министрліктер, парламент, департамент, басқармалар құрылып жатты. Оның бәріне  өзі  бұрыннан тұрғындары көп Алматы тарлық етті. Астананы  Ақмолаға көшіру ұсынысы туындағанда пікір екіге бөлінді.

Депутаттардың бір тобы экономиканың қиын шағында жаңа қала қалыптастыру оңай емес екендігін алға тартты. Астананы жасақтауға көптеген қаражат керек еді. Бұған жұмсалған қаржыны ауылшаруашылығына салып, экономиканы көтеруді ұсынды. Оларды да түсінуге болады. Әрқайсысының арқалаған аманаттары бар ғой.

Ал екінші тобымыз тың ұсынысты қолдадық. Алматының тығыздығын  әрі географиялық орналасуын ескердік. Ғылыми-зерттеу институттарының мамандары да  бұл қаланың жер сілкінісіне бейім екендігін мәлім етті. Сол жылдары жан-жақта, Ташкентте, Зайсанда жер дүмпулері жиі болып жатты. Сонымен не керек, үш күн бойы айтыс-тартыс болып, біздер жеңіп шықтық. Сол кездегі депутаттық құрам өте күшті еді. Саясаткер Марат Оспанов, академиктер Мырзатай Жолдасбеков, Салық Зиманов, Сұлтан  Сартаев, ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов  секілді беделді азаматтар болды.

Бірақ сол кезде күдіктің де болғаны жасырын емес. Қиын болатынын сездік. Дегенмен, тәуекел басым еді. Сонымен, бұл заң 1994 жылы 6 шілдеде қабылданды. Елбасының қолдауымен, астана жайлап, белгіленген кестемен  Астанаға көшті, үш-төрт жылдың ішінде орнығып  болды. Елбасының сарабдал саясатының арқасында әсем қаламыз Астана қалыптасты.

Қазір әлем елдерімен тереземіз теңесті. Көркейген елге айналдық. Ұрпағымыз мақтан тұтатын  қала орнықты.  Жыл сайын Астана күнін мерекелеп келеміз. Бұл астаналықтардың ғана емес, барлық қазақтың Астанасы, барлық қазақтың мерекесі. Тек бір өкініштісі, осы заңды қабылдауда атсалысқан сол кездегі депутаттардың, өзге де азаматтардың еңбегінің еленбейтіндігі қынжылтады. Мысалы, біздің депутаттық құрамдағы сол кезде заңды қабылдауға  өз үлестерін қосып, қызылкеңірдек болып айтысқан азаматтарды, осындай мереке қарсаңында құттықтап, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, ең болмағанда, телефон шалмайды. Бұл қазіргі депутаттық құрамға, парламенттегі ұйымдастыру комитетіне, одан қалды жергілікті мәслихаттарға сын.

Ал Астананың өркендеуіне  ақтөбеліктердің де қосқан үлесі зор. Мысалы, батыр Әлия апамыздың ескерткішін орнаттық, өзге де жақсы шаралар жасалып жатыр. Осындай жарқын мереке қарсаңында біздің жерлестеріміз де ұмыт қалмаса екен, — дейді Ізімғали Көбенов.

P.S. Көркейген Астанамызды кімнің болмасын мақтан тұтары анық. Сол кездегі қиын жағдайға қарамай, тәуекелге бел буып, Ел ордасын оңтүстіктен солтүстікке көшіру  үлкен ерлік. Осы мәселеге атсалысқандар үшін сол күндердің естелігі тым ыстық. Бүгін біз соны жеткізуге тырыстық.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Байқау

Оқушылар тақырыбы — «Астана және Президент»

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ЮНЕСКО кафедрасы Қазақстанның ақпараттық саяси институтымен бірлесіп, Астана қаласының 12 жылдығына арнап «Астана және Президент» республикалық бейнематериалдар мен шығармалар байқауын ұйымдастырған болатын.

Ақтөбеде бұл байқау облыстық балалардың құқын қорғау департаментінің ұйымдастыруымен 1 ақпан мен 30 сәуір аралығында қала мектептерінің арасында өтті.

Қаладағы 30 мектептен «Астана және Президент» тақырыбында шығарма жазған 50 оқушы қатысты. Мұнда 25 таңдаулы жұмыс таңдалынып, Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ЮНЕСКО кафедрасына жіберілген.

Мұнда белсенділік танытқан Ақтөбе қаласындағы №2, №3, №21, №29, №31, №35 орта мектептің оқушыларының шығармалары төрешілердің назарына ілікті.

Кеше облыстық әкімдікте облыстық балалардың құқын қорғау департаментінің бөлім бастығы Шамшырақ Сайлагиева осы республикалық байқаудың үздіктерін құттықтап, оларға салтанатты түрде ЮНЕСКО сертификатын тапсырды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button