Басты жаңалықтарЭкономика

Облыс экономика өсімін екі жыл қатарынан 5 пайыз деңгейде ұстап келеді

Бұл республикалық көрсеткіштен 1 пайызға артық


Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген жиыны өтті. Жиналысқа облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, барлық деңгейдегі әкімдер, мемлекеттік органдар мен мекемелердің, қоғамдық бірлестіктердің басшылары, кәсіпкерлер және басқалары қатысты.

Жиында облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы қаралып, осы жылға негізгі міндеттер белгіленді.

Салық түсімі — 535 миллиард теңге

Елбасының қандай да бір дағдарыстар, қиыншылықтар болмасын, экономиканың даму қарқынын өткен жылмен салыстырғанда төмендетпеу турасында берген тапсырмасы бар.  Ең негізгісі — өңірдегі тұрақтылықтың, жұмыла атқарған жұмыстардың нәтижесінде әрі Елбасы, Үкімет қолдауларының және барлық мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында Президент тапсырмаларын орындай алдық. Барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсімге қол жеткіздік. Біздің осы жылғы міндетіміз — өңірді әрі қарай дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін барлық резервтерді пайдалану, — деп жиынды ашқан сөзінде Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысы соңғы екі жыл қатарынан экономика өсімін

5 пайыз деңгейде ұстап, барлық көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізгенін атап өтті.
Оның айтуынша, 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыста өнеркәсіп өсімінің деңгейі 5,6 пайызға қамтылған, рекордтық сома болып табылатын 1,9 трлн теңгеге өнім өндірілген (2017жыл – 1,55 трлн теңге). Ауыл шаруашылығы өсімі 6,2 пайыз деңгейде, өндірілген өнім көлемінің жалпы сомасы — 228 млрд теңге. Бұл — 106,2 пайыз. Облыс әкімі мұны республикадағы ең жоғары көрсеткіш екенін айтты.

Өткен жылы экономикаға 516 миллиард  теңгенің инвестициясы тартылды, өсім —  10,8 пайыз.  Бұл — біздің облыс үшін рекордтық көрсеткіш. Құрылыс саласында 179 миллиард теңгенің жұмысы атқарылды. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі облыс бойынша 9,5 пайызға өсті.  Тұрғын үйді пайдалануға беру жөнінде айтар болсам, біз Ақтөбенің бүкіл тарихын зерттедік. Кеңес заманында Михаил Горбачевтің «Баспана-91» деген үлкен бағдарламасы болған. 1987 жылы Ақтөбе облысы бойынша 437 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Былтыр біз бұл көрсеткішті 900 мың шаршы метрге жеткіздік. Бұл да жоғары көлем. Мұның барлығы — мемлекетімізде қабылданған бағдарламалардың көмегінің нәтижесі. Мемлекет басшысы берген ең үлкен тапсырмалардың бірі — жұмыссыздар санын көбейтпеу. Экономикалық белсенді тұрғындармен салыстырғанда, жұмыссыздар саны — 4,7 пайыз. Негізсіз, заңсыз бағаны өсірмеу жөніндегі тапсырманы орындау көрсеткіші бізде республикалық көрсеткіштен төмен. Біз үшін әлеуметтік мәселелерді шешудің ең негізгі жолы — бюджеттің кіріс бөлігін көбейту. Өткен жылы біздегі салықшылар мен мемлекеттік кірістер департаменті, жергілікті әкімдіктердің біріккен жұмысының нәтижесінде бюджетке 13 пайыз өсіммен 535 миллиард теңге көлемінде қаражат түсіп, бюджетті игеру 100 пайызды құрады. Осындай жұмыстардың  нәтижесінде біз халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді толығымен орындадық, — деген облыс әкімі биліктің, жергілікті атқарушы органдар мен шаруашылықтардың, қоғамдық ұйымдардың біріккен жұмыстарының арқасында осылайша өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жоғары нәтижелерге жеткенін айтып, облыс басшылығы атынан жиналғандарға алғысын білдірді. Енді осы қарқынды бәсеңдетпей,  әрі қарай да бірлесіп жұмыс жасау керектігін айтты.

20 мың жаңа жұмыс орны құрылды

Жиында өткен жылдың қорытындысы туралы облыс әкімінің орынбасарлары Олжас Смағұлов, Қайрат Бекенов, Мавр Абдуллин, Серік Төленбергенов, Марат Тоқжановтар есеп берді.

Былтырғы жылдың облыс үшін тиімді болғанын айтқан О.Смағұлов: «Елбасының Үкіметтің және облыс әкімінің экономиканы дамыту бойынша берген барлық тапсырмасы толығымен орындалды. Ең негізгісі — екі жыл қатарынан облыстың экономикалық өсімі 5 пайызға жетті. Бұл — республика деңгейінен 1 пайызға артық. Өнеркәсіп, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, бөлшек сауда, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша немесе барлық салаларда қарқынды өсім белгіленді. Егер Ақтөбе қаласы және аудандардағы көрсеткіштерді айтар болсақ, Шалқар ауданында — 3 индикатор, Ойыл және Мұғалжарда — 2 индикатор, Алғада 1 индикатор бойынша төмендеу бар. Жалпы, былтыр облыс бойынша 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Аталған жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық пен инфляция деңгейі республикадан төмен.

Сондай-ақ, бюджет бойынша міндеттер сәтті орындалды», — деді О.Смағұлов.

Ол өз сөзінде үшінші жыл қатарынан 5 пайыз экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін барлық салалар бойынша қарқынды төмендетпеу қажеттігін айтып, ақтөбеліктердің жағдайын жақсарту жолында бар күш-жігерлерін жұмсап, барлық бастамалардың абыроймен орындалатынына уәде берді.

Экономикалық даму және жаңа жобалар

Облыс басшылығы әлеуметтік-экономиканы әрі қарай дамыту мақсатында биыл бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, елді мекендерде инфрақұрылымды дамыту кезінде бюджет қаражатын неғұрлым тиімді жұмсау үшін «Адамдар инфрақұрылымға» моделі негізінде облысты дамытудың бесжылдық жаңа бағдарламасы әзірленбек.

Сол сияқты шикізат пен жабдықтарды еркін экономикалық аймақ аумағына өткізу кезіндегі барлық салықтардан, оның ішінде кедендік баж салығынан босататын «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары жоспарлануда. Сонымен қатар, бос кен орындарының әлеуетін пайдалану бағытында  жұмыстар жасалады. Былтырғы  жылы 18 кен орны бойынша жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар жасалыпты. Бұл ретте әлеуеті ашылмаған әлі де 160 резервтік кен орны бар. Шағын және орта бизнесті дамытуға да бағытталатын болады. Ол үшін 22 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған, оның ішінде 5,1 млрд теңге «Бес әлеуметтік бастама» аясында шағын несиелеуге бөлінеді.

Денсаулық сақтау басқармасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ядролық медицина, Чек-ап, балалар онкологиялық гемотология орталықтары сияқты бірегей жобаларды жүзеге асыру жалғасып, білім саласында кем дегенде 25 жеке балабақша мен 10 жаңа мектеп ашылмақ.
Айта кетейік, былтыр облыстағы барлық мектептер жаңа компьютерлермен

100 пайыз қамтылса, биыл Елбасы тапсырмасына сәйкес барлық балабақша мен мектептер бейнекамералармен жарақтанатын болады.
Сол сияқты, осы жылға 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру, кем дегенде 50 өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту, 21 мың жаңа жұмыс орнын құру және ақтөбеліктердің еңбекақысын әрі қарай көбейту міндеттері жүктелді.

Бүгінгі күні денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі — 2590 баланың ата-анасы екпеден бас тартып отыр. Оның 1668-і — Ақтөбе қаласында, ал қалғандары Мұғалжар, Алға, Темір аудандарында тіркелген. Жергілкті билік бұл бағыттағы жұмыстарды оңтайлы шешудің жолдарын қарастырып, жұмысты әрі қарай жалғастыру керектігін айтты.

Әріптестік бағдарлама неге орындалмайды?

Қайрат Бекеновтың айтуынша, бұрын өнеркәсіпте шикізат көлемі басым болса, бүгінгі күннің динамикасы өңдеу саласына қарай өзгеріп отыр. Егер 2016 жылы облыстың өңдеу саласы 27 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 33 пайызға жеткен. Жиында Бердібек Машбекұлы облыста әлі де болса жаңа инновациялық, цифрлық технологияларға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың аздығын, сол сияқты қазақстандық мазмұнды арттыру көрсеткіші де мардымсыз екенін атап өтті. Бұл орайда ол қазақстандық мазмұн көлемін кем дегенде 80-85 пайызға жеткізу керектігін айтты.

Біз былтырғы жылды «Кедергісіз кәсіпкерлік» жылы деп жарияладық. Яғни бизнестегілерге барлық жағдай жасалатын болды. Сонша ұрандатқанмен, бірақ  облыста кедергісіз бизнес қалыптастырудың нәтижесі көрінген жоқ. Бизнес үшін 33 миллиард теңге қарастыру, бұл аз қаражат емес. Алайда бізге «Бизнестің  жол картасы» бағдарламасы бойынша жұмыс жасау керек. Елді мекен тұрғындары көптеп кәсіп ашуы қажет. Оның үстіне Ақтөбедегі индустриалды аймақтағы жобалардың жүзеге асырылуы нашар. Ең үлкен мәселе — әріптестік бағдарлама. Соңғы уақытта бұл бағдарламаны ұмытқан сыңайлымыз. Ірі кәсіпорын басшыларынан  шағын және орта бизнесті қолдау, импортты төмендету бағытында қандай жұмыстар тындырылғаны туралы сұралмайды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты — осы. Сол сияқты, барлық кәсіпорын басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін орындауға міндетті. Олар бірінші кезекте биліктің барын, екіншіден, осы өңірде жұмыс жасағандықтан әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысу қажеттігін сезінуі тиіс. Осы бағытта жұмыс жасалуы қажет, — деді облыс әкімі Қ.Бекеновке.

Сүттен 120 түрлі өнім шығарылу керек…

Жиында Бердібек Сапарбаев облыстық сот төрағасы мен облыс прокурорына: «Кейінгі кезде инспекция берген материалдар облыстық сотта қолдау таппайды. Соның себебінен 20-30 жыл пайдаланылмаған жерлер иесіне қайта беріледі. Ешкімнің әкесінің тастап кеткен жері жоқ. Жерді алғаннан соң, пайдалану керек. Мемлекет заңнамасына сәйкес, бұл жерде прокуратура, сот тарапынан қатаң шаралар қолданылуы керек», — деді.

Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында  ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты да өзекті мәселелер сөз болды. Облыс әкімінің айтуынша, аймақта иелігінде 230 мың гектардан астам жері бар 434 шаруа қожалықта егін егілгенмен, мал өсірілмейді. Мұндай сын Әйтеке би ауданы шаруаларына да бағытталды. «Біз мал басын көбейтуіміз керек. Қытайға, Араб елдеріне етті экспорттауымыз қажет. Облыста ет те, сүт те көп өңделмейді. Тауарлар көбінесе ет, сүт түрінде сатылады. Сүттен ең кем дегенде 100-120 түрлі өнім шығаруымыз қажет», — деген Бердібек Машбекұлы орынбасары Мавр Абдуллинге аймақаралық кооперацияны дамыту, шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, бағаны бақылау сынды мәселелерге айрықша мән беру қажеттігін тапсырды. Сол сияқты, жиында жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін тиімді бөлу, бұл істе бақылауды күшейту қажеттігі сөз болды.

Қандыағаш-Алға аралығында жол құрылысы басталады

Жиында газ тарту, жол салу ісіне қатысты атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер айтылды. «Жаңажолдан Хромтау арқылы Ақтөбеге газ алып келуіміз керек. Газ құбырының ұзындығы — шамамен 160 шақырым. Құны 20-30 миллиард теңгенің көлемінде. Қазір біз Үкіметпен, «ҚазТрансГаз» компаниясымен жұмыс жасап жатырмыз. Қаражат бөлінді, енді бұл жұмыстарды жылдамдатуымыз керек. Мемлекет басшысының Үкіметке берген үшінші газ құбырын салу тапсырмасы орындалса, онда Ақтөбенің экономикасы одан әрі дами түседі. Бізде газ жеткілікті. Өткен жылы облыста  7 миллиард текше метр газ өндірілді. Оның 2 миллиард текше метрі ішкі тұтынуға, ал қалғаны республикаға әрі қарай экспортқа жөнелтілді», — деді облыс әкімі.

Биыл көктемде Қандыағаш пен Алға қалалары аралығында жол құрылысы басталады. Жоспар бойынша Ақтөбе-Астрахань тасжолының құрылысы 2020 жылы салынып бітеді. Осы жылы Ақтөбеден Орск қаласына дейінгі аралықтағы жол құрылысы аяқталады. Оңтүстік айналма жол мен Шұбарқұдық бағытындағы салынып жатқан көлік жолының құрылысын аяқтау жоспарланыпты. Сонымен қатар, Хромтау-Бадамша бағытындағы тасжол құрылысының қалған бөлігін тапсыру жоспарда бар.

Жиында кейбір индикаторлар бойынша көрсеткіштері төмен аудандардың, ауылдық округтердің әкімдері орындарынан тұрғызылды, істің толықтай орындалмау себебі түсіндірілді. Әкімдер рейтингісі де көпшілік назарына ұсынылды.

 Күллі Қазақстанға үлгі болатын бастама

Кездесу Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың қаланың 150 жылдық мерейтойына дайындық барысы туралы есебімен аяқталды.  Оның айтуынша, мерейтойда тек іс-шаралар өткізумен ғана шектелмей, ірі кәсіпорындар мен мекемелермен бірлесіп, бұл шарадан үлкен із қалдыру мақсатында түрлі қаржыландыру көздері есебінен қала бойынша 150 нысан пайдалануға беріледі. Бұл орайда қаладағы ірі кәсіпорындар да облыс орталығын абаттандырып, көркейтуге өз үлестерін қоспақ. Мәселен, «Қазақойл» ЖШС демеушілігімен ағайынды Жұбановтар көшесіндегі «Ғашықтар» аллеясын 130 миллион теңгеге қайта жаңарту ұсынылса, «Трансэнерго» мекемесі халыққа қызмет көрсету орталығы жанында 10 миллион теңгеге сквер салмақ. «Күндізгі уақытта автокөлік қозғалысының көп болуына байланысты қаланың Шығанақ Берсиев көшесіне жерасты жаяу жүргінші туннелін салу үшін  «ТрансМостГрупп» компаниясының басшысы Төлеген Таңатаров өз қаржысына бүгінгі күні жобалық-сметалық құжат әзірлеп жатыр. Жалпы сомасы — 60 миллион теңге. Бұл жұмыстар биыл басталып, пайдалануға беріледі.  Осы уақытқа дейін Шығанақ Берсиев көшесінде бірнеше рет жол бойында балаларды көлік қағу оқиғасы тіркелген болатын. Төлеген ағамыз бұл жұмысты өзінің 70 жасқа толу құрметі әрі Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына арнап отыр. Ағамыз: «Той жасағанша, осындай туннель жасайық» деп идея тастады», — деді Ілияс Испанов.  Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, мерейтойға дайындық жұмыстарына әр ақтөбелік  белсенді қатысуы керек. Бұл шараға он екі аудан да үлес қоспақ. Бүгінгі күні Алға ауданы өздеріне бекітілген аумақты көркейту жұмыстарын бастап та кеткен.
Мерейтой — қаланың дамуындағы маңызды кезең болуы керек, концерттер мен басқа да ойын-сауық іс-шараларын өткізумен шектелуге болмайды. Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойынан із қалатындай, ақтөбеліктердің пайдасына қызмет ететін көптеген жобалар жүзеге асырылуы тиіс. Оларды іске асыруға ерекше жауапкершілікпен қарау керек. Төлеген Таңатаров сияқты осында отырған ағаларымыз биылғы жылғы тойдың бәрін Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арнайық деп осындай бастама көтерсе, жақсы болар еді. Тойға кететін шығын, кіретін кіріс мерейтойға жұмсалса, керемет емес пе!? Онда біз «Мынау — Төлеген  Таңатаровтың 70 жылдығында Ақтөбенің 150 жылдық мерейтойына арнаған сыйы» деп жазып қояр едік. Менің ойымша, бұл — бүкіл Қазақстанға үлгі болатындай жақсы бастама. Шынын айту керек, кейінгі кезде біздің тойларымыз  шектен шығып бара жатқан сияқты. 500-600 адам жинаймыз, одан қалды беретін сыйлықтарымыз тағы бар. Егер тойды осындай нақты іспен атап өтсек, қазақша айтқанда, оның сауабы тиер еді. Сондықтан бірде-бір ақтөбелік  Ақтөбе қаласын дамыту үшін сырт қалмай, өз үлестерін қосуы керек. Біз, барлығымыз бірге  күш-жігерімізбен көп нәрсе жасай аламыз, — деп облыс әкімі өз сөзін қорытындылады.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button