Басты жаңалықтарЭкономика

Ауыл шаруашылығы: 228 миллиард теңгенің өнімі өндірілді

Соңғы жылдары облыста ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөліне бастады. Соның нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс бойынша 228,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 6,2 пайызға артық. Осы салаға 17,2 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл алдындағы жылмен салыстырғанда 156,1%-ды  құрайды.

Мейлінше қолайсыз ауа райы жағдайында егістік алқабының әр гектарынан орташа есеппен алғанда 11,7 центнерден өнім алынды. 2018 жылғы астық мөлшері  514 мың тоннаны құрады. Суармалы алқап ауқымы 10 мың гектарға ұлғайды. Мал шаруашылығында мал басының өсуі байқалды. Ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлері дами түсуде. Саланың әлеуеті айқын көрінгенімен, өкінішке қарай, соның бәрі толығынан пайдаланылмай келеді.

Осы мәселелер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте қаралды. Бұл жиынға барлық деңгейдегі әкімдер, жетекші тауар өндірушілер, мемлекеттік және қадағалау органдарының, дамудың қаржылық институттарының басшылары, шағын және орта бизнестің, үкіметтік емес ұйымдардың  өкілдері қатысты.

Жиында ауыл шаруашылығының өткен жылғы қорытындылары қаралып қана қойған жоқ, сонымен бірге саланы қарқынды дамыту, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді игеру мәселелері ашық әңгіме өзегіне айналды.
Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев қол жеткізген жетістіктермен бірге, ауыл шаруашылығы саласындағы бойкүйездік, нарық талабын терең түсінбеу, уақыт талабына сай қимыл көрсете алмау секілді кемшіліктерді де өткір сынға алып, тиісті лауазым иелерінен нақты жауап беруін талап етті.
— Табиғи және экологиялық жағынан таза ауыл шаруашылығы өнімдері облыстың және республиканың бетке ұстар мақтанышы бола алады және болуы тиіс. Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында да осы туралы айтқан болатын.

Сондықтан да сіздерді саланың барлық әлеуетін пайдалануға, тиімді жұмыс істеуге шақырамын, ал әкімдер селолық округтер тұрғындары арасында мемлекеттік бағдарламалар және олардың ұсынатын мүмкіндіктері туралы кең ауқымда түсінік жұмыстарын жүргізуі тиіс, — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев.

Аграрлық саланың өткен жылғы қорытындылары туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай баяндап берді. Ол ауыл шаруашылығы кешенінің негізгі салаларын кеңінен қамтып, бірқатар проблемалық мәселелердің түйінін тарқатып айтты.
Өткен жыл қорытындысына қарағанда облыс егіншілері алдарына қойылған міндеттерді ойдағыдай орындады. Алдындағы кезеңмен салыстырғанда егіс алқабы 80 мың гектарға ұлғайтылып, барлығы 753,4 мың гектар құрады. Бұның ішінде дәнді дақылдар 59 пайыз құрады. Ауа райының қолайсыз болуына қарамастан әр гектардан 11,7 центнерден өнім алынды. Картоп пен көкөніс алқаптарынан айтарлықтай өнім жиналды. Осылайша, азық-түлік қорын жасауға мол үлес қосылды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы алқап өнімділігінің артуын шаруалардың минералды тыңайтқыштарды белсенді түрде пайдалануымен байланыстырады. Мәселен, былтыр топыраққа 3,3 мың тонна тыңайтқыш себілген. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда екі жарым есеге жуық артық.
— Диқан қауымы тұқым дайындауға бұрынғыдан да жауапкершілікпен қарай бастады, — деп атап көрсетті ол. — Облыс басшылығының бірінші, екінші класты тұқымды ғана пайдалануға қатысты нұсқауы жіті орындалуда. Осының өзінен-ақ өнімділіктің көтерілуі байқалады. Жыл сайынғы суармалы егіс алқабын кеңейту жұмыстары өз нәтижесін беруде. Бүгінгі күні облыста суармалы алқап көлемі 30 мың гектарға жеткізілді, биыл тағы да он мың гектар қосылмақшы. Бұл бізге өнеркәсіптік жылыжайларды 23-ке жеткізуге мүмкіндік берді, қазіргі уақытта олардың аумағы 32 гектар құрайды. Демек, облыс тұрғындарын жыл бойы жас көкөніспен қамту мүмкіндігіне негіз қалануда.

Баяндамада айтылғандай, өткен жылы мал шаруашылығы біршама тұрақты дамыды. Ірі қара саны — 9, қой-ешкі — 22, шошқа — 12,8, жылқы 14 пайызға артты. Тірілей салмақта 138,7 мың тонна ет өндірілді, 325,5 мың тонна сүт дайындалды, бұл алдындағы жыл көрсеткішінен 3,8 пайызға артық. Жұмыртқа өндіру 24,4 пайызға өсті. Ең бастысы, етті экспорттау 5 пайызға жуық ұлғайды.

Алайда бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге болар еді. Өкінішке қарай, аудандардың барлығы бірдей көздеген межеден шыға алмады. Мысалы, Ырғыз ауданында етті экспорттау жоспарланғанның 52,2 пайызын ғана құрады, ал Хромтау ауданында шетелге сиыр еті мүлдем жіберілген жоқ.

2018 жылы бордақылау алаңдарына 20,8 мың ірі қара қою жоспарланған болатын. Алайда Мәртөк, Хромтау, Ойыл, Байғанин, Әйтеке би, Алға және Қарғалы аудандары мен Ақтөбе қаласында бұл бағыттағы жоспар орындалмады.
— 423 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен шұғылданбайды. Бұл жарамайды. Олар жарты жылдай ғана жұмыс істейді, сосын бос жүреді. Яғни жеңіл өмірге үйренген. Ең болмаса өз малдары үшін бидайық ексе екен. Мұндай жайбарақаттыққа енді жол берілмейді. Жердің пайдасын көруіміз керек. Іс оңға  баспайтын болса, әкімшілік ресурстарды пайдаланатын боламыз. Яғни ресми түрде тапсырма беріп, орындалуын талап етеміз, — деді облыс басшысы.

Әйтеке би ауданында алты селолық округ тұрғындары «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланудан тыс қалып отыр. Осы мәселеге байланысты облыс басшысы аудан әкімі Мәлімбет Ибрашовқа сын айтты. Бұл ауданда мемлекеттік қолдау басымдықтарын жергілікті тұрғындар жете түсінбеген немесе хабардар етілмеген деген пікір айтылды жиында.
«Біз енді мәселені басқаша қоямыз. Мемлекет агроөнеркәсіп кешенін қолдау үшін 36 миллиард теңге бөліп отыр, ал ауыл шаруашылығы осының үш миллиардын ғана қайтарды, яғни он есе аз мөлшерде. Бұл жарамайды. Жергілікті әкімдер ертең халық алдында есеп бергенде не деп айтады? Мемлекет ауыл тұрғындарына көмектеспейді дей ме? Бұл мәселені бақылауда ұстауды өзімнің орынбасарым Мавр Абдуллинге тапсырамын» деді облыс басшысы.
Етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту үшін 10 мың бас асылтұқымды ірі қара сатып алу жоспарланса, іс жүзіндегі көрсеткіш одан 2,7 мыңға асып түсті. Бұл жұмыстар биылғы жылы да жалғасын таппақшы.

Ауыл шаруашылығы құрылымдары шетелден мал сатып алу үшін өтінімдерін тапсыруда. Қой шаруашылығында да осы бағытта жұмыстар атқарылуда. Мал өсірушілер қазірдің өзінде ірі қараның 209 фермасын құрылымдады, сонымен бірге қой-ешкі ұстайтын 56 бірлестік жұмыс істеуде.
Уақыт өткен сайын өндірістің дәстүрлі емес түрлерімен шұғылданатын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары саны ұлғая түсуде. Аталған кәсіпорындардың өнімдеріне тұтынушылар тарапынан да ауқымды сұраныс байқалуда. Бүгінгі күні 57 шаруа қожалығы етті бағыттағы ешкі өсірумен шұғылдануда. 17 жерде омарта ұйымдастырылып, бал өндіріледі. 38 шаруа қожалығы қоян өсірсе, 58 бөдене жұмыртқасын дайындаушылар бар.

Марал шаруашылығы да қатарға қосылып келеді. 49 құрылым үйрек пен тауық бағуда.

Жалпы облыс бойынша өндірістің дәстүрлі емес түрімен шұғылданатын 263 шаруашылық тіркеуден өтіп, белсенді жұмыс істеуде. Олардың қатарын биылғы жылы 75 шаруашылық толықтырмақшы. Солардың барлығы 23 тонна бал, 220,5 тонна ешкі сүтін, 6 тонна қоян етін, 3 миллион бөдене жұмыртқасын және 134 тонна құс етін өндіреді деп күтілуде.

Жеміс-жидек дақылдарын өсіру бағытында биылғы жылы бірқатар жобалар жүзеге асырылмақшы. Мәселен, жылына 60 тонна өнім беретін қуаттылыққа ие 1,1 гектар жылыжай құрылысы аяқталады. Биыл африка жайынын өсіретін тоған құрылысы басталмақшы. Жыл сайын 2 мың тонна балық өндіру көзделуде, оның бір бөлігі экспортқа жөнелтілмекші.

Қазіргі уақытта облыста ұсақ шаруашылық құрылымдарын біріктіру жоспарлануда. Бұл жұмыстар негізінен кооперацияға ұжымдастыру арқылы жүргізіледі. Қазіргі уақытта олардың саны 190-ға жетті. Егер талдап айтар болсақ, етті бағытта — 105, сүтті бағытта 64 кооператив бар. Ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес саласында 6 кооператив жұмыс істейді. 15 құрылым жеміс-жидек дақылдарын өсіреді. 2019 жылы кооперативтер 28 жобаны жүзеге асырады деп күтілуде.

Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жұмыстары да белсенді атқарылуда. Бүгінгі күні 17 кәсіпорын өңделген өнімдерін экспорттауға қол жеткізді. Өткен жылдың тоғыз айында ғана облыс кәсіпорындары экспортқа 63,4 миллион АҚШ доллары мөлшерімен бағаланатын өнімді экспортқа жөнелтті, бұл алдындағы жылмен салыстырғанда 1,5 есе дерлік артық.
Жиында жерді тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Облыс әкімі жылдар бойы пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекет қорына кідіріссіз қайтару қажеттігін атап көрсетті. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы айналымында 10 миллион 500 мың гектар жер бар деп есептеледі, оның 9 миллион 247 мың гектары — жайылымдық жерлер.
Құсайын Сәрсембай бұл іс ауқымында көптеген шешімін күткен мәселелер бар екенін атап көрсетті. Өткен жылдың өзінде ғана 678,7 мың гектар пайдаланылмаған жер мемлекеттік қорға қайтарылған. Осы ауқымдағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақшы.

Кеңес барысында биылғы жылдың міндеттері нақтыланды. Ірі қара етін экспорттау 4 мың тоннаға дейін жеткізілуі тиіс. Сондай-ақ бордақылау алаңдарындағы мал санын 4 мың басқа дейін ұлғайту көзделіп отыр. Шетелден 10 мың ірі қара, 70 мың қой сатып алып, жаңадан 180 ірі қара фермасын, 117 қой шаруашылығы құрылымдарын құру жоспарлануда.

Егіс алқаптары 805 мың гектарға дейін ұлғайтылмақшы. Биыл ауыл шаруашылығында 208 жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Оның 149-ы — ет,

10-ы сүт өнімдерін молайту бағытын көздейді. Төрт жоба құс өсіруді қамтиды, бес жоба өнім өңдеу бағытында жұмыс істемекші. Қырыққа жуық жоба аясында алқаптар суландырылмақшы.

Баяндамашы осы жобалардың толық және табысты жүзеге асырылуы үшін негіз бар екендігіне жиналғандарды сендірді.
Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев кеңейтілген мәжіліс қорытындысын шығара келе, өзінің бірқатар ескертпелерін ортаға салды.
«Сіздер бірқатар жобаларды белгілеп, жоспар жасап отырсыздар, ал жергілікті әкімдер сол тапсырмаларды орындауға дайын ба? Біздің алдымызда көптеген жұмыстар тұр. Биылғы жылы егіс көлемін біраз мөлшерде ұлғайтуымыз керек. Сүт пен ет өңдеуді жолға қоятын, оны жан-жақты жүргізетін сапалы инвестициялық жобалар қажет. Бізде «Айс» фирмасы сүт өнімдерінің 30 түріне дейін шығарады. Бұл жақсы. Бірақ онымен де шектеліп қалуға болмайды. Сөз реті келген соң айта кетейін, Беларусь республикасында сүт және оның өнімдерінің 40 түрлі атауы шығарылады.

Біздің өңіріміз үшін дәстүрлі емес шаруалармен кеңінен шұғылдануымыз керек. Былай қарағанда бізде бәрі де бар, ал мектептегі балаларымызға күніне 15 грамм бал мен 200 грамм сүт беруді әлі жүзеге асыра алмай келеміз. Егер осы шараны жүзеге асырсақ, бүлдіршіндеріміздің денсаулығына оң әсерін тигізер еді.
Қазіргі уақытта барлық аудан орталықтарына газ жеткізілді. Мұның өзі сол өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға, жеке шаруаны бастауға және өрістетуге мүмкіндік бар екенін айғақтайды», — деді ол.

Облыс басшысы өсімдік шаруашылығында өзгерістер жасау қажеттігі бұрыннан айтылып келе жатқанын және еске салды.
— Біз барлық ресурстарды пайдалануымыз керек, оның ішінде табиғаттың мүмкіндіктері қаншама. Су қоймалары, өзендер мен көлдер маңына бау-бақша салып, көкөністі молынан өсіру қажет. Мектептер жанынан өз жылыжайларын салу маңызды. Сонда мектеп оқушылары тәжірибелік дағдыдан өтіп қана қоймайды, сонымен бірге өздерін мол көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ете алар еді. Шығанақ Берсиев негізін қалаған Ойылдың ақ тарысының даңқын қайта шығаратын уақыт жетті, сондықтан бұл өңірде аталған өнім алқаптарын ұлғайту қажет, — деп атап көрсетті ол.

Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруда, ауыл шаруашылығында цифрландыруды енгізу бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Кеңестен кейінгі жалғасқан семинарда мемлекеттік қызмет көрсету және сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағындағы көкейкесті мәселелер талқыланып, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, облыстағы әлеуметтік құрылыстарды жобалау, биылғы Жастар жылында жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жандандыру ауқымындағы баяндамалар тыңдалды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button