Басты жаңалықтар

Техникалық тексеріс орталығы ашылды

Өткен сенбі күні Ақтөбе қаласында «Шинторг Центр» компаниясының техникалық тексеріс орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов бастаған атқарушы билік өкілдері, сала мамандары мен тұрғындар қатысты.

1889 жылдан бері қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан белгілі француз көлік өндірушінің «Michelin» атты өнімінің 20 жыл бойы ресми дилері — «Шинторг Центр» компаниясының су жаңа техникалық тексеріс орталығында көлікке қажетті құрал-жабдықтың барлығы бар. Сәнкібай батыр даңғылының бойындағы нысанда сауда жасап қана қоймай, машиналарды жөндеуге, ал келушілерге сол уақытта тамақтануға болады. Яғни әуелі келушілердің өзін қолайлы сезінуі үшін бар жағдай жасалған. Салтанатты шарада алғаш боп сөз алған Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов:

— Ақтөбе қаласында күннен-күнге жаңа ғимараттар, бизнес орталықтар ашылып жатыр. Бүгін, міне, жергілікті кәсіпкерлік саласының өкілінің орталығының ашылу салтанатына келіп отырмыз. Мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен пайдалануға берілген орталық көлікке қатысты көптеген қызметтерді көрсетеді. Менің ойымша, көлігі бар азаматтардың саны күн санап өсіп келе жатқан уақытта бұл орталыққа келушілердің қатары көп болады. Ақтөбе қаласының 150 жылдығы аясында мұндай орталықтардың ашылып, жаңа жұмыс орындарының пайда болуы қуантарлық жайт деп ойлаймын. Сондықтан орталық ұжымын осынау қуанышымен құттықтаймын. Сапалы да жылдам қызметті көрсетуіңізге тілектеспін! — деді.

Жоғарыда аталған компанияның құрылтайшысы Ерғазы Оспановтың айтуынша,  орталық барлық соңғы заманауи талаптарға жауап береді. Мұнда кез келген көліктің доңғалағын ауыстырумен бірге, майын жаңартуға, өзге де бөлшектерін ауыстыруға мүмкіндік бар.

— Орталықтағы көптеген қызметтер автоматтандырылған. Қызметімізге де, тауарларға да белгілі бір уақыт аралығындағы кепілдік беріледі.

Мұнда еңбек ететін адамдардың саны 50-ге жуықтайды деп жоспарлап отырмыз, — деп атап өтті Ерғазы Оспанов.

Салтанатты шара барысында Франция елінен әкелінген техникамен жабдықталған орталықтың алғашқы клиенттері арасында ұтыс ойындары ұйымдастырылып, естелік сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік, Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Әжниязовтан білгеніміздей, шаһардың 150 жылдық тойы аясында 150 кәсіпкерлік нысанын ашу жоспарланып отыр. Соның бірі — осы орталық.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button