Құқық

Кассациялық сотқа қарағанда аппеляциялық сотқа түсетін шағым көп

Брифинг

Бұл жөнінде Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Айбек Дәуренбеков өткізген брифингте мәлім болды.

Көбіне кәсіпкерлік нысандары, заңды тұлғалар арасындағы корпоративтік дауларды қарайтын  Ақтөбе облыстық экономикалық  сотының 8 судьясы

2017 жылы — 3890,  ал 2018 жылы 4905 азаматтық істерді қараған.

Өткен жылы Жоғарғы Сот ақтөбелік даулы істерге  қатысты 13 шешімді  бұзған. Істердің бұзылуын  Айбек Дәуренбеков былай түсіндірді: «Көбіне  сот шешімдері істерді  бағалау сипатына қатысты өзгеріп жатады. Кемшілік – судьялардың  істі қарауда материалдық ережелерді білмеуінен.  Заң тәжірибесінде  экономикалық сот пен қылмыстық сот  судьяларының  істерді қарау процесінде айырмашылық көп. Егер Қылмыстық Кодекстің заң тармақтары нақты болса, ал азаматтық істерде  заңды қолдану тәжірибесі әртүрлі. Заң баптарында  қосымша нормативтік ережелер, басқа да нормативтік шарттар бар, тіпті судья қандай да бір фактілерді соңына дейін зерттемеуі мүмкін.  Мәселен, алғашқы инстанциядағы соттың  судьясы істі тәуелсіз  түрде зерттеп, көбіне сараптама тағайындап, осы  сараптама негізінде шешім шығарады. Аппеляциялық сотта осы сараптаманы тар профильді  маман жасағаны анықталып,  істі кең профильді  маман жүргізгенде,  сараптама басқа нәтиже көрсетеді.  Ақыры не шешім  өзгереді, не  іс бұзылады».

«Соттағы татуластыру рәсімдері» пилоттық жобасы дауласушы тараптарды бітімге келтіру,  істі сотқа дейін жеткізбеу үшін жасалынған. Осы мақсатта әр аптаның бейсенбі күні сағат 15.00-17.00 арасында экономикалық соттың судьялары  «Ашық есік» күндерін өткізеді. «Негізінен, заңды тұлғалар арасындағы дауларды қарайтын болсақ та, адамдарымыздың  құқықтық сауаттылықтары әлі де төмен екендігін жасырудың қажеті жоқ», — дейді Ақтөбенің бас экономикалық судьясы.

Істі сотқа дейін жеткізбеу, татуластыру  жобалары қолға алынғанына қарамастан, заңды тұлғалар арасындағы даулар көбейген.  Экономикалық сотқа  2017 жылға қарағанда 2018 жылы 1000 іс артық түскен. Оның үстіне судьяның жүктелімі көп, штатта 10 судья жұмыс істеу керек болса, қазір 8 судья ғана дауларды шешумен отыр.

 Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button