Денсаулық

Денсаулық саласында арыз-шағым неге көп?

Ақтөбе медициналық орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының жұмысы қорытындыланды. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.  

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жиналғандар алдында есеп берді.  Оның ішінде алдымен мемлекеттік бағдарламалар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Биыл — 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының соңғы жылы.

Аталған бағдарлама бойынша нақты жұмыстар қолға алынды. Қазіргі күні ең маңызды мәселе — кадр жетіспеушілігі. Бүгінгі күні облыста 3802 дәрігер және 7730 орта буын медицина қызметкері бар. Оның ішінде мемлекеттік ұйымдарда 2899 дәрігер мен 6400 медбике еңбек етеді. Дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі 1, 8  пайызға артты. Дегенмен әлі де 68 маман керек.  Осы бағытта жұмыс жасалып жатыр, — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ облыста бала туу көрсеткіші екі пайызға артқанымен, 1 жасқа дейінгі сәби өлімі  көбейіп тұр. Бұған аналардың өзін-өзі дұрыс күтпеуі, жүктілікті жоспарламауы, алдын ала ем алмаулары себеп болуда.  Былтыр Қобда, Мұғалжар, Байғанин аудандарында нәресте өлімі көп тіркелген. Сонымен бірге екпе алмған балалардың да саны артып барады.

—  Облыста 2590 балаға екпе жасалмады. Олардың саны тағы 59 балаға артып отыр. Темір, Мұғалжар, Байғанин, Алға, Шалқар, Хромтау аудандары мен Ақтөбе қаласында бірқатар мәселелер туындап отыр.  Екі жыл бұрын арнайы штаб құрылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ жаңа босанған аналар кейде баласына екпе жасатудан бас тартады. Денсаулық сақтау министрлігіне мәжбүрлеп вакцинациялауды ұсынған едік. Қазір тек халыққа түсіндірумен шектеліп жүрміз, — деді Әсет Қалиев. 

Сондай-ақ облыста  өлім-жітім 0,6 пайызға көбейген. Көрсеткіштің өсуіне жол-көлік апаты, жазатайым оқиғалар, уланулар  себеп болуда. Ал қатерлі ісіктен көз жұмғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 6,07 пайызға төмендеген.

— Қатерлі ісік бойынша бірінші орында өкпе, екінші — асқазан, үшінші орында өңеш ісігі тұр.  Әсіресе, өкпе ісігінен көз жұматындар көп. Осы ретте өлім-жітімді азайту үшін облыста арнайы тексеру жүргізгелі жатырмыз. Жасы 55-тен асқан, отыз жыл бойы темекі шегетін адамдарды скринингтен өткіземіз. Қазір барлық емханалар жұмыс жасап жатыр. Шамамен он мыңдай адам тексеруден өтеді. Бұл өкпе қатерлі ісігін ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді, — деді басқарма басшысы.

Облыс тұрғындарынан денсаулық сақтау басқармасына былтыр 470-тен аса арыз-шағым түскен. Жедел жәрдем бекеті мен Ақтөбе медициналық орталығы балалар стационарының және  Мәртөк, Мұғалжар аудандық ауруханаларының, бас дәрігерлері жұмыстарынан босатылған. Қазіргі Шалқар аудандық ауруханасының бас дәрігері Асқар Есмағамбетовке қатысты тексеру жүріп жатыр. Бас дәрігердің мәдениеті мен қызметіне сын айтып, 45 адам арыз жазған. Оның ішінде  бас дәрігердің аурухананы өзінің жекеменшігіне айналдырғаны,  ешқандай заңға қарамайтыны,  Ақтөбе қаласы мен Шалқарда үй салып алғаны, түнде қарамағындағы дәрігерлерді жұмысқа шақыратыны, іссапарға шыққандарға ақша берілмейтіндігі, мәдениетінің нашар екені айтылған.

Ешкім көрмеді, ешкім естімейді деп ойлауға болмайды. Бәрін халық біледі. Кімнің қандай көлікпен жүретіні, қандай үйде тұратыны белгілі. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар. Егер арыз жазған адамдарды қудалайтын болса, бас дәрігердің өзі жұмыстан кетеді, —  деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ қаладағы емханалардың бас дәрігерлеріне де ескерту берді.

Қазақта «Балық басынан шіриді» деген сөз бар. Арыз-шағымдардың көп болуына басшылар кінәлі. Егер бас дәрігер  өзінің жауапкершілігін сезініп, таза жұмыс жасаса, бұндай шағым болмайды. Әсіресе, әлеуметтік желілерде  Мәртөк, Шалқар аудандық ауруханасы және   жедел жәрдем ауруханасы мен бірінші, екінші емхана дәрігерлерінің үстінен түсетін шағым көп. Арыз түскеннен кейін бас дәрігер ойлануы керек қой, — деді облыс әкімі.

Осыдан екі жыл бұрын медициналық кластер құрылды. Негізгі мақсат — облыс тұрғындарына сапалы қызмет көрсету, оларды өзге өңірге, сырт мемлекетке жібермей емдеу. Алайда осы бағытта олқылықтар бар. Көрші мемлекет пен Астана, Алматы қалаларына барып емделетіндердің саны тоқтамай отыр. Сырттан келіп ем алушылардың да қатары аз. Облыс әкімі медициналық қызметтің сапасын жақсарту керектігін ескертті. Жиында сапаны жақсарту үшін өңірге шетелдік мамандарды тарту керектігі, оларды үй-жаймен қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Өткен жылы жергілікті және шетелдік дәрігерлердің қатысуымен аса күрделі 300-ден аса ота жасалған. Медициналық кластер аясында 126 мыңнан аса науқасқа медициналық көмек көрсетілсе, 33 093 адамға хирургиялық операция жасалған. Оның ішінде 1311-і жоғары мамандандырылған инновациялық медициналық қызмет алған.

Жиында облыстық  қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева, фармация комитеті департаментінің басшысы Ринат Құбатаев, М.Оспанов атындағы БҚММУ ректоры Ербол Бекмұхамбетов, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының директоры Гүлмира Қожаниязовалар баяндама жасады. Облыс басшысы қоғамдық тамақтану орындары мен супермаркеттердегі, базардағы азық-түліктің сапасын қатаң бақылау керектігін, осы салада олқылықтардың көп екенін айтып, Нұрсұлу Беркімбаеваға ескерту жасады. Отырысты түйіндеген облыс әкімі қоғамдық денсаулықты қорғау шараларын күшейту, дәріханалар қызметтерін, әсіресе дәрі-дәрмектер бағасы мен құрамында есірткі бар препараттардың сатылуын  қадағалауды, егілмеген балалар санын азайту сынды бірқатар тапсырмалар берді.

— Біздің мақсатымыз —  медицина деңгейін көрші өңірлерден, көрші елдерден келіп емделетіндей деңгейге жеткізу. Бұл ретте  жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету маңызды. Өкінішке қарай, тек кадр тапшылығы ғана емес, дәрігерлер мен медбикелердің бейәдеп қылықтары,  дөрекіліктері де өзекті болып отыр. Бұған дейін де бұл мәселе бірнеше рет айтылды. Бірақ  халық тарапынан түсетін шағымдар азайған жоқ. Сіздердің ең басты міндеттеріңіз —  халық денсаулығын жақсарту, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ ол денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстарына басымдық беру керектігін ескертті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.  

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button