Білім

Олимпиада жүлдегерлері марапатталды

Биыл 4-5 қаңтар күндері жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі өткені белгілі. Бейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында аталған олимпиаданың 368 жүлдегері марапатталды.

Олимпиада нәтижесінде «Үздік олимпиадалық команда» және «Үздік инновациялық мектеп» номинациялары бойынша бас жүлдені дарынды жасөспірімдерге арналған облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты иеленді. «Үздік жалпы орта білім беретін мектеп» номинациясы бойынша Алға ауданындағы №3 Алға қазақ орта мектебі жеңімпаз атанды. Сондай-ақ облыстық олимпиада қатысушыларының ішінен үш оқушы «Үздік ауыл оқушысы» номинациясын жеңіп алды. Екі оқушы «Ең жас қатысушы» атағына ие болса, «Жеңіске деген жігерлілігі үшін» номинациясы бойынша  үш оқушы марапатталды. Сонымен қатар бір оқушыға «Олимпиаданың жаңа есімі» номинациясы берілді.

Шәкірттерін түрлі білім додаларына бірнеше жылдар бойы сапалы даярлағаны үшін «Олимп шыңына жетелеуші» номинациясы бойынша бір топ мұғалімдер марапатталды.

Шара барысында облыстық  білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева жүлдегерлерді құттықтады. Ол өз сөзінде облыс оқушыларының интеллектуалды потенциалы жоғары екендігін айта келе, республикалық кезеңде облыс намысын қорғайтын оқушыларға сәттілік тіледі.

Шара соңында Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектептің «Искорки» би тобы мен №3 музыкалық мектебінің оқушылары өнер көрсетті.

Айта кетейік, республикалық кезеңге  жаратылыстану бағыты бойынша 55 оқушы, гуманитарлық бағыт бойынша 28 оқушы жолдама алды.

Республикалық кезең  жаратылыстану бағыты бойынша биыл 15-20 наурызда Ақтөбе қаласында, ал гуманитарлық пәндер додасы 25-30 наурызда Қызылордада өтеді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button