Ақтөбе — 95Басты жаңалықтар

Газетте қолтаңбасы қалған…

Облыстық газеттің 95 жылдық тарихына үңілгенде, көптеген мәлім-беймәлім жайларға тап боласыз. Мәселен, басылымда әр кезеңде қызметте болғандар тізімінен барлығын бірдей тап басып тани бермеуіңіз ақиқат нәрсе. Сондай-ақ, «өзі — бір күндік, сөзі мың күндік» газетте аз-кем уақыт болса да еңбек етіп, бірақ артына сол күндердің өшпес естелігін қалдырып кеткен жандардың лебізі де біздер үшін бүгінде бағалы жәдігерге айналып отыр.  

Біз бұл жолы көпшілік үшін осындай көмескілеу көріністерге көбірек көңіл аударғанды қаладық. Сондағы мақсатымыз — «Ақтөбенің» тағылымды тарихының тереңінен сыналап сыр шертуге талаптану.

Құрмашев кім еді?

Сонау 1924 жылдан бері қарай желі тартатын қызметкерлер тізімінен сіз Хамит Құрмашев деген есімді кездестіресіз. Бірақ оның кім екенін толық біле бермесіңіз анық.

Хамит Құрмашев туралы біраз деректерді бізге оның қызы Роза апа ілгеріректе айтып берген. Ол кісі қазір көрші Атырау қаласында тұрады. Жақында ғана телефонмен тілдескенімізде «Ақтөбе» газетінің 95 жасқа толғалы отырғанын айтқанымызда, үлкен толқу үстінде «Менің әкемді ұмытып кетпеңдер» деп қайта-қайта еске сала берді.

Ұзақ жыл ұстаздық еткен Роза қазір сексеннің тоғызына қарады. Дегенмен әлі тың, өткеннің әңгімелерін айтқанда жады жаңылыспайды.

— Менің әкем Хамит Құрмашев журналист болған, онда да осы облыстық газетте қызмет атқарған, — дейді апай. — Әкем 1932 жылдың тамыз айында көкірек сырқатынан қайтыс болған.

Сол уақытта қазақ және орыс тіліндегі газеттерде қазанама жарияланған. Онда «Қазақ ауылын социалистік жолмен қайта құруда қалам қуатымен күрес жүргізген жас большевик-журналист Хамит Құрмашев қайтыс болды» делінеді. Одан әрі қаламгердің өмірбаяны беріледі.

Нақты деректерге сүйенсек, Хамит Құрмашев 1904 жылы Темір ауданына қарасты №28 ауылда дүниеге келеді. Бастапқыда ауыл мектебінен білім алып, сосын Темір жетіжылдық мектебінде оқиды, 1926 жылы Ақтөбе педагогикалық техникумына қабылданады. Жалынды жас жігіт  осында оқып жүріп, «Кедей» газетіне хабарлар әкеліп тұрады.

Газетте ұзақ жыл басшылық қызметте болған Смағұл Мұқашев атаның былай деп жазғаны ойымызда сақталып қалыпты: «Кедей» газетінің беттерінен «Х.Қ.» деген бүркеншік есімді жиі кездестіресіз. Алуан түрлі тақырыпқа құлаш сермеген қаламы жүйрік осы кісі сол техникумда оқып жүріп, газет жұмысына ауысқан Хамит Құрмашев еді».

Хамит 1927 жылы аталған «Кедей» газетіне тілші болып қызметке алынады. Ал 1928 жылдан бастап редакцияның жауапты хатшысы және редактордың орынбасары болып қызмет атқарады.

1930 жылдың тамызында басылым «Кедей» атымен Темір ауданының газетіне айналады да, оның орнына Ақтөбеде «Алға» газеті шығады. Өлкелік басылымда аз уақыт ішінде мол тәжірибе жинақтаған Хамит та бұдан былай Темірге ауысып, сонда қызмет атқара бастайды.

Ол осылайша облыстық газетте үш жылдай қызмет етеді. Жолдастары Хамиттің қолымен көп нәрсе атқарылғанын, оның талантты журналист болғандығын, тіпті жазушылық талабы да байқала бастағанын баян етеді. Хамит Құрмашев Темірде белгілі қаламгер Жиенғали Тілепбергеновпен тұстас қызмет істейді.

1932 жылы «Социалды жолға» айналған облыстық газеттегі әріптестері қоштасу сөзінде: «Хамит! Елеулі ер едің, қара жердің қабатына тасаланғанмен, әлі де сені жолдастарың ұмытпас, қош бол» депті.

…Хамит Құрмашев дүниеден өткелі, міне, сексен жеті жыл болыпты. Қаламы қарымды, сөзі дарынды ілгері буынның көрнекті өкілін біз де ұмытпаймыз. Соның нақты дәлелі — осы шағын жазбамыз…

Тұңғыш жауапты хатшы

 Әдетте газетте қызмет істейтін журналистер өздерін қолдарындағы қаламын қару етіп, мылтықсыз майданда жүргендей сезінеді де, мұнда да әскердегідей штаб жұмыс істейді. Газеттің штабы — секретариат. Әбден сүзгіден өтіп, жариялануға дайын материалдар осында жинақталады. Содан газеттің кезекті санына қол қойылғанша штабтағы жұмыс қызу қайнап жатады.

Әдетте газеттің осы буынына жетекшілік ететін жауапты хатшыға қойылатын талап жоғары. Ол білікті журналист болумен қатар, газеттің макетін жасау, беттеу процестерін де жетік білуі тиіс. Сонымен қатар, редакциядағы жалпы ахуалды жадында ұстап, күн тәртібіндегі тақырыптардың толық қамтылуын ескеріп, ұйымдастыру шараларына да көңіл бөлуге міндетті.

«Кедей» газеті редакциясының тұңғыш жауапты хатшысы қызметін атқарған Кенжебай Назаралин үшін осы жұмыстардың тіпті де оңайға соқпағаны анық. Өйткені ол кезде баспасөз кадрларын даярлайтын арнайы оқу орны жоқ, оның үстіне тәлім-тәжірибе алатын басқа басылымдардың да қазақ елінде санаулы болғаны мәлім. Соған қарамастан бұл кісінің өзіне сеніп тапсырылған жұмыс тізгінін бекем ұстағаны байқалады.

Ол сонау алпысыншы жылдардың орта тұсында жазып қалдырған естелігінде былай деп баян етеді: «Кедей» газетінің бірінші саны 1924 жылдың жазында жарық көрді. Тырнақалды нөмірдің өзін әзер деп шығардық. Өйткені ол кезде оқыған білімді журналистер, әріп терушілер және баспахана қызметкерлері жоқ болатын. Оның үстіне қазақ тіліндегі әріптер жетіспей, Қазаннан алдырдық. Тәжірибесіздіктен де біраз таяқ жедік. Бір сөзбен, газет ісінің әліппесін редакцияда жұмыс істеп жүріп үйрендік».

Осындай қиындықтармен «Кедей» газеті бастапқыда аптасына бір рет шығып тұрады. Газеттің жергілікті авторлармен байланысы күшейіп, мүмкіндіктері молая түседі. Сол тұстарда белгілі заң қызметкері Мырзағұл Атаниязов, жазушы Жиенғали Тілепбергенов, тіл маманы Құдайберген Жұбанов, қырғи тілді ақын Әкімәлі Қаржауов газет жұмысына белсене қатысып тұрған.

Жауапты хатшы Кенжебай Назаралинмен қызметтес болып, күнделікті жұмыс барысында онымен тікелей байланыста болған Сабыр Зәкіржанов есімі де тарих тасасынан көлбеңдеп көрініп қалады. Ол газет шыға бастаған 1924 жылы «Кедейдің» шығарушысы болып қызмет істейді.

Газетті басып шығару жұмысы түнімен жүреді. Электр болмағандықтан, май шамның жарығы пайдаланылады. Газетті басу жұмысы ол уақытта толығымен қолмен атқарылады. Қандай қиындықтар болса да, таңертең газет оқырмандарының қолына кідіріссіз тиіп тұрған.

Штаттан тыс тілші  

«Кедей» газеті алғашқы санынан-ақ үкіметтің саясатын халыққа кеңінен түсіндіру, байлардың шабындықтарын кедейлерге бөліп беру, қосшылар одағының жұмысын жандандыру, әйел теңдігі, тағы да басқа көптеген өзекті мәселелерді қамтып отырған. Бұл бағытта ауылдарда тұратын тілшілерге арқа сүйеген.

Газет жұмысына белсене қатысқан сондай адамдардың бірі — Әкімәлі Қаржауов. Ол қазіргі Хромтау ауданының Құдықсай ауылы төңірегінде 1885 жылы дүниеге келген. Жастайынан өлең шығарып, айнала жұртқа есімі ақындығымен танылған. Әкесінен жастай қалған ол бала кезінде діни білім алады.

Алғашқы өлеңдері «Қазақ» газетінде жарияланады. 1916-1917 жылдары патшаның жарлығымен окоп қазу жұмысында болған ол елге көзі ашылып, саяси сауаттанып оралады.

«Кедей» газеті жарыққа шыққан алғашқы күннен оның жанашыр оқырманына айналып, өзі де хабар-ошарларын жолдап тұрады. Газет тарату ісімен де белсене айналысып, редакция тапсырмаларын тиянақты орындайды.

Облыстық «Социалдық жол» газетіне отызыншы жылдардың басында қызметке келген Смағұл Мұқашев өмірден өткенінше Әкімәлі ақынның шығармашылығын насихаттаумен болғаны есімізде. Тоқсаныншы жылдардың басында Хромтау өңірінде Әкімәлі Қаржауовқа арнап үлкен ас берілгенде оған қатысуға Алматыдан қазақтың көрнекті қаламгерлері Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаев келді.

Сол үлкен жиында екі талантты тұлға халық алдында тағылымды әңгімелер айтты. Олардың екеуі де Әкімәлі есімін жастайынан естіп өскен екен. Әсіресе, Қуандық аға арқалы ақынның көбінесе ауызша тараған өлеңдерінен мысал келтіріп отырды. Сол қатарда мынадай жолдар жадымызда сақталып қалыпты:

Кәрі құдай, қайдасың,

Большевик салды найзасын…

Немесе:

Бесжылдық план — иірілген қара жылан…

Осындай өлеңдердің салдары болар, ақын халық жауы деп ұсталып, айдауда жүріп өмірден өтеді.

Әрине, Әкімәлі туындыларының барлығы бірдей үкіметке қарсы шыға бермейді. Оның «Ұлы күн», «Ленинге» деген сияқты сол уақыттың талабына сай өлеңдері күнделікті мақалаларымен бірге «Кедейде» жарияланып тұрған.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button