Басты жаңалықтарТарих

Әлия алыстаған сайын биіктеп барады

Ерлік

1944 ЖЫЛДЫҢ ҚАҢТАРДА ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВА ЕРЛІКПЕН ҚАЗА ТАПТЫ

Әлия 7 жаста

Жыл сайын 14 қаңтарда  Кеңестер Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық музейінде  ақтөбеліктер батыр қызды еске алып,  ескерткішіне гүл қояды. Бұл жолы да сол дәстүрден жаңылған жоқ.

2-Балтық майданы 22-армияның  54-атқыштар бригадасы мергені Әлия Молдағұлова 1944 жылдың 15 қаңтарында Псков облысы Новосокольники ауданындағы Казачиха деревнясы үшін болған соғыста 19 жасында ерлікпен қаза тапты. 1925 жылдың  қазанында Бұлақ ауылында дүниеге келіп, тағдыр соққысына ұшыраған бала Әлияның қып-қысқа өмірбаяны 1930 жылдардағы қазақ халқының  басындағы зобалаңмен  байланысты. Музей залында  Әлияның жақындары  ақтөбелік мектеп оқушылары мен студенттерге естеліктер айтты.

ҚР мәдениет қайраткері, мәдениет саласының ардагері Еркін Құрманбеков:

— Әлияның туған жері  — Қобда  болса, нағашы жұрты қазіргі  Темір ауданының Алтықарасуынан. Осы өңірден шыққан  атақты дәрігер, рентгенолог-онколог, медицина ғылымдарының докторы Сайым Балмұханов Әлиямен Алтықарасуда бала кездерінде бірге ойнағанын айтқан еді: «Әлия  жазда  нағашы ата-әжесінің үйінде болғанда, ауыл балалары бірігіп өзенге шомылуға барамыз. Сонда өзеннің арғы беті мен  бергі бетіне жүзіп жарысқанда, Әлия ер балаларды басып озып, бірінші болып келетін».

1995 жылы ақтөбеліктер Әлияның 70 жылдығын тойлағанда, Қобданың Бұлағында майданға аттанған ауыл адамдарын бейнелеген көрініс қойылды. Жергілікті әртістер Т.Ахтанов атындағы драмтеатрда Әлияны сахналады. Темірден Рәш апай  (Әбубәкірдің әйелі, 1936-40 жылдары Әлия Мәскеу, Ленинградта осы кісінің тәрбиесінде болды — Б.С.) келіп, қойылым біткен соң сахнаға шығып сөйледі:

«Мен сахнадан соғыс алдындағы Әлияшымды көргендей болдым. Үйде  сахнадағыдай сарафан киіп жүретін. Ленинградта тұрғанымызда, таңертеңгісін сүт алуға Сапура мен Әлияны кезек-кезек жұмсаймын. Сапура барса, бірде сүт алып келсе, бірде бидоны бос келеді. Ал Әлия  ешқашан  құр қол  қайтқан емес. Қарғашым қайсар, өжет, істі аяғына дейін жеткізетін тиянақты еді», — деп көзіне жас алды. Міне, Әлияның шынайы бейнесі — осы.

Әлия құрбысы Нина Быстровамен 1940 жыл.

 Әлияның  нағашы  сіңлісі Әрия Бисембайқызы Хабиева:

— Әкем Бисембай Хабиев — Әлияның нағашысы.  Бұлар — Қазығұл, Иманқұл, Намазғұл деген үш шалдан тарайды. Иманқұлдан — Молдағұл, Молдағұлдан — Әбубәкір мен Маржан  туған. Біздер Намазғұлдан тараймыз. Әкем — Әлияның анасы Маржан апаммен  немере туыс.

Әкем 1906 жылы туған. Әбубәкір атам әкемнен 2-3 жас үлкен, біз әкемнің үйретуімен ол кісіні «ата» дедік. Бір ауылда өскен, ол кезде Алтықарасу Ойылға қарайды.

Олардың жасөспірім шағы төңкеріс заманына тап келген. Ержетіп оқуға барарда, атам теміржолдың оқуын таңдап, оны бітіргесін аспирантураға кетеді. Әкеміз заң оқуында. Қызмет бабымен екеуі екі жаққа кетсе де, Алтықарасуға келгенде бастары қосылып қалатын.

Әкемнің айтуынша, Әлия дүниеге келгенде, атасы той жасап, азан шақырып, есімін «Ылия» деп қояды. Тойда  жұрт көзінше «батыр болсын, ержүрек болсын» деп бата беріпті.

Жазда демалысқа ауылға келгенде, үйде Әлия жүреді. Ол өте елгезек, ата-әжесіне үй шаруасына  көмектесіп,  қорадағы ешкілерге су тасиды.

— Ылия көкем, тұрасың ба? — деп әжесі оятқанда, Әлия ұшып тұрып, тез шашын тарап, жуынып-шайынып, шайға отырады екен. Бауырмал, кішкентайларды  ойнатып, үсті-бастарын қарап, шаштарын тарап,  суға түсуге барғанда,  көзінен таса қылмайды. Ол кезде  Әлия — 7 жаста. Анасынан 8-ден 9-ға қарағанда  айырылды.

Әкем ол жылдары енді-енді қызметке кірісіп жатқан. Әлия «Аға, маған әріптерді көрсетші. Менің атым қалай жазылады» деп сұрайды екен. 1931 жыл, заман ауыр, тамақ тапшы, қағаз-қарындаш деген атымен жоқ. Әкем  балаларға  үйдің жанындағы құмның үстіне әріп жазып үйреткенде, ұғымтал Әлия басқаларына қарағанда үйреткенді тез қағып алады екен.

Маржан апамыз қайғылы қазаға ұшырағанда, әкем атама қоңырау шалып: «Ылияны не істейміз?» деп кеңес сұрайды. Әбубәкір атам ол кезде Ташкентте, аспирантурада. Әкеме  «әзірше сіздің үйде болсын, қолым тиген уақытта келіп алып кетемін» дейді. Біздің үй ол кезде Ақтөбедегі ескі мешіттің  жанындағы Овражная көшесінде. Атам Ылияны өзімен бірге Мәскеуге алып кеткенше, әкемнің қасында болды.

Бала кезімізде төргі бөлмедегі шифоньердің жоғарғы жағында  Әлия апамыздың құлақшын киген,  винтовка ұстаған, винтовка кезенген 3-4 суреті (сырты қағазбен қапталған) тұратын. Әкем кейін атаммен ақылдаса отырып, біраз  құжаттарды Алматыдан сұратқан белгілі  адамдарға  беріп жіберді. Әзиза Нұрмаханова Ақтөбеге арнайы  келіп, әкемнен біраз дерек алды. Алматыдан Тойтанбаев деген журналист келіп, әкеммен екі сағат сұхбаттасып, таспаға жазып отырды. Алайда ол сұхбат еш жерде жарияланбаған, естеліктер де жоғалды.

Бисембай Хабиев пен Әбубәкір Молдағұлов

Әкем кейінгі жылдары Әлияның жатқан жеріне бармадым, топырақ салмадым деп көп уайымдады. Денсаулығы да сыр беріп жүрді. 1994 жылдың 19-29 сәуір аралығында Әлияның жорық жолдарымен экспедицияға шығып, әкемнің арманын орындадым деп ойлаймын.

Өзім дәрігермін, жасым да біразға келді. Бірақ сол жолы Монаково ерекше әсер еткенін жасырмаймын. Таңертеңгі сағат 8-де түстік, митинг болады деп күтілуде. Күн тамаша, аспан көкпеңбек, ашық, тап-таза әлем. Бауырластар зиратына жақындағанда, жер өзіне тартып бара жатқандай,  екі қолымды созып  жата кеткім келді. Әлия апамыздың рухы сезді ме? Содан оңашалау барып отыра қалып, жерді ұзақ уақыт сипалап отырдым.

Жалғыз Әлия емес, талай боздақтың қаны төгілген жер, өлгендердің рухы сезеді…

Тәжен Нұрмұхамедқызы Сарқұлова:

— Мен Нұрмұхамедтің екінші әйелінен туған екі қыздың бірімін, 1945 жылы тудым. Нұрмұхамед пен Маржанның Ылиядан кейін Бағдат есімді ер баласы болды. Маржан анамыз  қайтыс болғаннан кейін әкем Әбубәкірге  «Оқыған, көзің ашық адамсың. Ылияны саған тапсырдым, өзіңнің фамилияңа жаз», — дейді. Себебі, әкем «молда» деп көп қудаланып жүрген.

5 жастағы Бағдатты әкемнің қарындасы алғанымен, ол барған бойы ауырып, қайтыс болды. Әкем «Ылия 1924 жылы туды, Бұлақта үйіміздің қасында Әнуар, Елеусін деген інілерім тұрды» дейтін. Әкем қайтқанда 7 жастамын, бәрі есімде.

Өзімнің шешемнің айтқаны: 1944 жылдың орта тұсы. Бір күні  далаға шықсам, шалым құлап жатыр. Жанында бейтаныс  кісі тұр. Ол  сіз ұстай тұрыңыз, мен адамдарды шақырайын деп жүгіріп кетті. Қарасам, жерде газет жатыр. Шалымды сүйемелдеп үйге кіргізген соң ана кісі: «Қызыңыз ерлікпен қайтыс болды. Соны естіртуге келдік» деп, Әлияға Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені туралы жарлық шыққан газетті көрсетті.

Сол құлағаннан тұрмай, әкем 1952 жылы қайтыс болды. Үйде Әлия апамның ордені, батыр атағы берілген қызыл кітапшасы әкемнің сөмкесінде болатын. Соны алып, жылап отыратыны көз алдымда. «Қара қағазды» зейнетақы тағайындаймыз деп бір адамдар алып кетті.

 Әзірлеген Баян СӘРСЕМБИНА.

(Фотосуреттер Кеңестер Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық музейінен алынды).

ӘЛИЯ АУЫЛЫ ДА БАТЫРДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқан күні Қобда ауданында атап өтілді.  Қобда ауданы әкімшілігі, қоғамдық  ұйым өкілдері, мектеп оқушылары батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып,  ауданның жас бишілері  Әлия Молдағұлованың соңғы ұрысын бимен көрсете білді.

Қобда ауданы әкімінің орынбасары Болат Кулов, «Қос Шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес, Әлияның сіңлісі Әліп Сарқұловалар батырдың өмірін, ерлік жолдарын айтып өтті, жиналғандар Қобда аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған  қойылымды тамашалады.

Содан кейін «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығында ас беріліп, Құран бағышталды.

Бағдаш ТӨПЕНОВА,

«Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button