Ақтөбе — 150Мәдениет

Аталар мен әжелердің тартуы

Ақтөбедегі «Атамекен» аталар ансамблі мен «Асылым» әжелер ансамблі Ақтөбе қаласының 150 жылдық тойына қызу дайындалып жатыр. «Асылым» әжелер ансамблінің құрылғанына 10 жыл болды. Ал «Атамекен» былтыр қазан айында құрылып, желтоқсанда алғашқы концертін ұйымдастырған болатын.

— Қай жерге барсақ та, аналар, әжелер ән айтып жатады. Ал аталар неге ән айтпайды? «Атамекен» аталар ансамблі осындай ойдан туды. Бір жағынан бұл ансамбльді қаламыздың 150 жылдық тойына тарту болсын деп құрдық. Қалалық мәдениет бөлімі басшылығының ұйытқы болуымен қалалық Мәдениет үйі жанынан құрылған аталар ансамблінде бүгінде 60-82 жас аралығындағы 10 адам бар. «Отаным», «Жасай бер, қазақ!», «Ақбұлақ» секілді қазақ композиторларының әндері бар. Желтоқсанда өткен концертімізге облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі келіп, жоғары бағасын берді. Бізге аудандарға шығу үшін автобус берді. Бұл —үлкен қолдау, — дейді «Атамекен» аталар ансамблінің мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков.

Аталар мен әжелер ансамбльдерінің көркемдік жетекшісі Қарагөз Сағынованың айтуынша, ұжым биылғы концерттердің, гастрольдердің барлығы Ақтөбе қаласының 150 жылдық тойына арнамақ. Қалалық мәдениет бөлімінің қолдауымен аталар мен әжелерге сахналық киімдер тігілген.

— Қазір қалалық мәслихат деутаты  Асқар Садықов қолдау көрсетіп, бізге жаңа костюмдер тіктіріп беруді қолға алып жатыр. Бұл да бізге үлкен қолдау. Енді аудандарға гастрольдерге шыққалы жатырмыз, мамыр айынан бастап өзге облыстарға барамыз. Репертуарды біраз жаңартық. Ақтөбенің тойына арнап жаңа әндер жазылып жатыр. Олардың қатарында Қайырғали Қожанбаевтың «Ақтөбе вальсі», Мұрат Бекмағамбетовтың Ақтөбе туралы әні, басқа да шығармалар бар, — дейді Қ.Сағынова.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button