Мәдениет

Туған жердегі жүздесу

Өткен аптада Сары Батақұлы атындағы Шалқар аудандық Мәдениет үйінде жерлесіміз, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлімай Қуанышеваның «Сәлеметсіз бе, бақыт!» атты шығармашылық кеші өтті. Оған жыр сүйер қауым, оқушылар мен ақынның ауылдастары қатысты.

Кеш Ақтөбе қаласынан келген «Рухнама» шығармашылық орталығы мүшелерінің әзірлеген театрландырылған көрінісімен басталды.

Сахна төріне Гүлімай Қуанышева шығып, «Аяққұмым», сияқты өзінің патриоттық, лирикалық өлеңдерін оқыды. Жалпы кештің өн бойы ақынның өлеңдерімен өрілді. Ақынның өлеңдерін тыңдап, тамашалаған көрермендер қол соғып, қошемет көрсетті.

Шарада Бозой ауылдық округінен келген Гүлжан Сәкенова, Айшуақ ауылдық округінен келген Бағдажан Әбшанова, Шалқар қаласының тұрғыны Жұлдыз Үмбеталы, Мөңке би ауылдық округінен келген Жанар Сүндетбаева және №8 орта мектептің 9-сынып оқушысы Венера Тұрдиева ақынның патриоттық өлеңдерін оқыды.

Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, талантты  ақын Гүлімай Әбішқызына алғыс айтып, шығармашылық табыстар тіледі және аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің атынан құттықтау хат пен сый-сияпат табыстады. Сонымен қатар аудандық аналар кеңесінің төрайымы Маржан Бекетова, Аяққұмнан арнайы келген ақынның ауылдас ағалары Нәсіпжан Лекеров пен Тоқберген Үсенов өз тілектерін білдірді.

Өз кезегінде Гүлімай Қуанышева Аяққұм мектебінде кезінде сабақ берген ұлағатты ұстаздарына шексіз ризашылығын білдіріп, шығармашылық кешінің өтуіне ұйытқы болған аудан әкімдігіне, аудандық аналар кеңесіне, «Шалқар саясы» қоғамдық бірлестігіне, сондай-ақ аудандық Мәдениет үйіне алғысын айтып, сый-сияпаттар табыстады.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.     

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button