Мәдениет

Қызығы мол сол жылдар

«Қазақстан – Ақтөбе» – 50

(Жалғасы. Басы №62-63, 71-72, 74-75, 81-82 сандарда)

Тенденциозный деген не?

І

Әлекең де қызық (Әлқожа Мұхамеджановты айтам), біреуге шүйліксе жаман шүйлігетін. Дауысы зор ғой ол кісінің. Сол бар даусымен «қарсыласын» басып тастайтын. Иә, бұл енді кейін…

* * *

Сол жылдары әр екі жылда аудандардың телефестивалі өткізілетін. Содан кейін сол фестивальдар қорытындыланып, жақсы деген жекелеген сюжеттер, хабарлар іріктелініп алынып, жаңа сценарий жазылып, республикалық телефестивальға ұсынылатын. Телередакция ұжымының бүкіл шығармашылық өресі сонда бағаланып, сонда қорытындыланатын еді.

Бұл — енді үлкен шаруа. Сондықтан телестудия, телередакция ұжымдары тайлы-тұяғы қалмай соған жұмылдырылатын. Жалпы республикалық телефестивальдың бүкіл шаруасына Әлекең басшылық жасайды. Ол кісінің шығармашылық қарымы қандай дәрежеде – бұған мен баға бере алмаймын. Рас, Алматыда Ақтөбе телестудиясы дайындаған фестивальдардың жоғары деңгейде өткен жылдары да болды. Осыған қарағанда ұйымдастыру тобының бас штабының «генералы» атанған Әлқожа Мұхамеджановтың ұйымдастыру, іскерлік қабілеті жоғары болды-ау деймін.

Бұндайда, әрине,  іссапар деген жиілейді. Қаладан мандытып ештеңе шығара алмайсың. Сондықтан ел-жер, табиғат, сол табиғат аясында партия белгілеген бесжылдық жоспарларды орындауда маңдай терін төккен еңбек адамдары – біздің нысанаға алатынымыз солар. Маған сол жылдардың бірінде Ойыл ауданынан телефестиваль ұйымдастыру жүктелді. Оның алдында Андрей екеуміз Новоресей ауданына қарасты «Құдықсай» кеңшарынан сюжет және бір-екі хабарға жетерлік суреттер түсіріп, тағы да бір малшы қазақ үйінің төрін төрт күн бойы шаңдатып қайтқан едік. Енді Ойыл ауданы…

Ойыл – менің туған ауданым. Бірақ сол Ойыл кентінен әрі қарай аяқ басудан аманмын. Сондықтан ол жақта кеңшарлар атын газет, жерлестер әңгімесінен естігенім болмаса, басқасы маған жұмбақ еді.

Аудан орталығына жету қиын емес-ті. «АН-2» «кукурузник» бар ғой – бірден төбесінен түсесің. Жалғыз кеттім ол жаққа. Сценарий жазуым керек, кейін менің сол «шатпақтарым» бойынша режиссер, оператор баруы тиіс. Шынын айтайын, бірінші хатшы Байсалбай Жолмырзаев жолдасқа (ол кезде бәріміз де жолдас болатынбыз) кіре алмай кеттім. Қабылдау бөлмесіндегі қыз (әлде келіншек) шаруамды әбден мұқият тыңдап, бастығына кіріп қайта шықты да: «Сіздің шаруаңызбен үшінші хатшы айналысады, соған барасыз» – деді. Басекеңнің қатты кісі екенін, тіке қарағанда қайсыбір жүйкесі бостардың маңдайынан тер бұршақтап, аяқтары қалтырап шығатынын естіп-біліп жүргем-ді. Тіпті мүйізі қарағайдай республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің дырдай тілшісін де есік сыртынан қайырып жібергенін естігенмін. Ал мен?… Шынашақтай қара   жігітті (достардың бірі бірде былай деп еді: «сен өзіңді сабап жазады екенсің») қабылдамағаны тіпті жақсы болды.

Ертеректе Ойыл ауданының аумағы  қазіргіден әлдеқайда үлкен болды… Менің жетекшім – Сағиев Зейнолла. Көлігіміз – артында будкасы бар, жүргенде егер жол ойлы-қырлы болса, мас адамдай олай-бұлай теңселіп кететін ауыр машина.

«Жетікөл» кеңшарын бірден сызып тастадық – шалғай, үш-төрт күн айналасында басқа шаруашылықтарды аралап үлгермеуіміз мүмкін. «Жекендіге» кештетіп жеттік те сонда түнедік. Зәкең бастық қой аудандық мәдениет бөлімінде. Сондықтан оны сыйламайтын, құрметтемейтін адам жоқ бұл өңірде…

Зәкең ұзын бойлы, қараторы жүзді, сөзге шешен әдемі жігіт ағасы болатын. Бәлкім, ол мені танымаған шығар, ал мен танитын едім. Ақшатау жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жүргенімде Зәкең Мәскеудің «Сталь», әлде басқа институт па, оқып жүргенде науқастанып, «детдомға» келіп оқытушы болған-ды.

Ертесіне тура «Құрманға» тарттық. Осында болды бар қызық. Неге екенін білмеймін, түс қайтқанша бір үйде қонақта болдық та, енді Социалистік Еңбек Ері Бекіш Ғалымовқа баруға тиісті болатынбыз. Мен сонда қонып, атақты шопанмен етене танысып, өз алдына телесуреттеме жазсам ба деймін. Ал Зәкең: «жоқ, бүгін осында қонамыз. Бекіштің әкесі қытымыр шал, қонаға барғанымызды қаламауы мүмкін», – деп өз дәлелін ұсынады. Ақыры, Зәкең түсінді ғой деймін, онсыз да үш күнді жеп қойдық. Алда әлі біраз шаруа бар.

Сол жылғы Ойыл ауданының телефестивалі жақсы өтті ме, жаман өтті ме – ол жағын басшылар бізге айтпады. Бірақ ауданнан келген көркемөнерпаздар ұжымының қойған концерті телестудия басшыларының да, басқалардың да айызын әбден қандырғаны әлі есімде.

* * *

Соңғы жылдарда басшылардың көзі маған жиірек түсетін болды. Әрине, бұл жақсы. Бірақ құрғырдың іссапары жиіледі.  Машина соғып, біреудің үйінде жөнді тыныға алмай шаршап-шалдығып келесің. Оны ескеріп, елеп жатқан басшылар бар ма?! «Барасың!» – дейді, бұл – бұйрық. Сосын екі құлағың салбырап кете барасың жұмсаған жағына. Соның бәрі меніңше, отбасын құрмай сыбай-салтаң болуымнан ғой деймін… «Бөгетсай» кеңшарына баратын болдық. Андрей бұл жақты жақсы біледі екен. Мақсатымыз, Әлекеңнің тапсырмасы – ақын, бақташы Қызмет Нұралинді жазу, бір жағынан студияға шақыра келу.

Қызметтің отырған жері кеңшар орталығынан бір бүйірде болып шықты. Ауа райы жақсы: ыстық та емес, салқын да емес. Жол тегіс емес, даланың айдау жолы ғой – «Уазик» көтеріп тастап, жөңкіп келеді. Бір уақытта, құдайдың құдіреті, сонадай жерден бір топ киік қапталдаса кеткені. Киік дегенді бірінші рет көруім, танаулары далиып зулап келеді, машинадан қалар емес. «Кеш болсын» деп қояды Андрей.

Қызметпен әңгіме-дүкеніміз жарасты. Ол бұрын да студияға шақырылып жүретін. Бірақ онымен басқа редакция айналысатын еді. Бұл жолғысы маған түсініксіз. Кейін білсем, Андрейдің өзі қалапты мені. Кешкілік олар – Андрей, шопыр және Қызмет бар, киік атуға кетті. Мен үйде қалдым. Бұл шын мәнінде үй емес, ағаш үй деген аты, болмаса заты – күрке. Бәлкім, Қызметтің орталықта сайлы үйі бар шығар. Тұрмыс-күйі де жақсы шығар. Қайдам!.. Ол кезде солай болуға да тиісті еді. Саясат солай еді ғой. Адамнан гөрі мал қымбат болатын, адам екінші планда. Осы бір идея кейін, бірер жыл өткен соң  әңгімелерімнің бірінде сюжет желісіне тартылады.

Түнде соларды күтіп, біразға дейін көз ілмеп едім, таң біліне қатып ұйқыға кетсем керек. Андрей иығымнан түртеді. Өзі көңілді – машина ішінде төрт киік жатыр, қан-қан…

Маған тиген үлес – бір киік еді, жатқан үйімнің қожайыны қуанып қалды. Әжеміз былқытып әлгі киіктің етін асты. Бірақ менің тамағымнан өтпей қойды ол. Келесі күні түскілікке сол еттен қуырдақ дайындап қойыпты – бәрібір тамақтан әрі өтпейді, шайнай-шайнай мақта болып кетті… Бұл да телестудияда жүрген күндердің бір қызығы еді.

* * *

Жылдар жылжып өтіп жатты. Бір қарағанда алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ сияқты, ал енді қабат-қабат тірліктің қатпарларына бір сәт ой жүгіртсең, әркім де өзіне: «осы телестудияда  ғұмырым осылайша өте ме», – деп сұрақ қоятыны анық, әйтеуір.

Мысалы, өз басым «сценарийдің сол жағы – қимыл-қозғалыс, қатып қалған сурет болмауға тиіс, кейіпкер үнемі динамикалық қозғалыста болу керек» дегендерге көндіге алмай-ақ қойдым. Бұл менің суреткерлік қиялыма, авторлық шегініс жасауыма, кейіпкер бейнесін ашу үшін психологизм тәсілдерін қолдануыма шектеу қоятындай еді.

Осындай бір ой-қиял күндерімнің бірінде жігіттердің бірі: «Қазір Әлқожаға жиналуымыз керек», – деді. «Құдай-ау, не болды, қате жіберіп алдық па екен» – деген сияқты бағынышты адамдарда болатын сан-сауал миымда жүгіріп өткені рас-ты. Менен лауазымы жағынан жоғары ығай-сығайларымыздың бәрі жиналыпты. Бас режиссер Нұраш Жиенғалиев, кезекші режиссер Рүстем Гиреев, менен әлдеқайда тәжірибесі мол Зейнолла Құлжанов, неге екені белгісіз, қатар тізілген отырғыштардың ең соңында Әбу Түңілдіков және басқалар бастары салбырап төмен қарап отыр. Мен оларға қарсы беттегі отырғыштардың біріне ұры күшіктей абай басып отыра кеттім. Сірә, мен келместен бұрын әңгіме қызу жүрсе керек. Әлекең үстелге бір еңкейеді, бір шалқаяды. «… солай, Түңілдіков жолдас, қолыңнан келмейді екен, кету керек…». Айқай күшейіп барады. Әбекең де қалысып жатқан жоқ, бұрын онша көп сөйлемейтін, өзді-өзді боп жүретін томаға тұйық жігіт ағасының бір айтса сөзге шеберлігін, сол сөздерінде (менің сол кездегі түсінігім бойынша) берік логикалық байламдардың барлығын байқап қалғандай едім. «Сіз, Мұхамеджанов жолдас, тенденциозно сөйлейсіз…», – деді Әбу, тағы бір нәрселерді айтып жатыр, айтып жатыр…

Бұлар не мәселені талқылап жатқанын түсінсем (соны ақыры түсінбей кеттім) бұйырмасын… Жарыссөз басталды. Көбісінің сөзі есімде жоқ, тек Рүстем ағайдың мына сөзі есімде қалыпты: «Өзіміз азбыз, бірлікте болған жақсы ғой…» – дейді ол. Бәрі сөйлеп болды.

— Сен не дейсің… жолдас? – Әлқожа шүйлігіп маған қарап отыр. Білмеймін жұрттың қалай ойлайтынын, өзім біреудің жекіп, ұрсып, сені ит жеместей қорлағанын тіпті де жақсы көрмеймін және мына жерде Әбуге көпе-көрнеу қиянат жасалып жатқандай болып көрінді маған.

— Мен «тенденциозный» деген сөзге түсінбей отырмын, – дей салдым. Жұрт тарс жарылды… күлу… күлу… Әсіресе, Зейнолла… Иегіндегі қыл-қыбырды шоқып жеп отыр: шиқ-шиқ… Әлқожаның да жүзі жылына бастады.

— Тенденциозный деген біржақты, бірбеткейлік, – деп әлгі орыс сөзінің қазақшасын түсіндіре бастады. Оны түсінбейтін, білмейтін бала емеспін ғой.

Мен әлгі сөзді әдейі айтқанмын. Ұлы Абайдың сөзі бар емес пе: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген. Біріншіден – кейістік тарқасын, екіншіден – Әбу жағынан бәлендей кемшілік, қылмыстық әрекет көріп отырғаным жоқ. Олай болса, ол бекерден-бекерге неге күйеді? Қорғау керек. Осындай ой болған еді сол сәтте менде.

Осыным дұрыс болды ма, әлде бұрыс па? Кабинетке кіріп алып, жападан-жалғыз ойға баттым. Ойлан, Меңдіғалидың баласы, ойлан!…

Телефон шар ете қалды.

– Алло-оу?

Тоқаң (Тобық) екен. Сәлем-сауқаттан кейін Тоқаң: «Кездесейік, әңгімелесейік», – дейді. Түсіне қойдым, сонада үйінде бірнеше күн бойына әңгіме құрғанбыз. Ол мен туралы повесть жазбақ ниетте екен. Соның керегі де жоқ еді, бірақ Тоқаң қояр емес, әбден соңыма түсіп алды. Енді соның кейбір тұстарын нақтылап алу керек болған шығар…

* * *

Ойлан, ойлан, Меңдіғалидың баласы!.. Ойлануға тура келді. Менің арманым – газет, соған бару. Бірақ бұндағылар мені жібергісі жоқ. Енді қайтпекпін? Сөйтіп жүргенде Асекең  (Асанғали Шыңбаев) есіме түсті. Баяғыдан бері, бес жыл бойына телеарнадан халықаралық шолуын тастамай келе жатқан болатын. Сол ағаймен кеңесуге тура келді. Газетке бару туралы  ойымды да айтқанмын оған.

Бір күні Асекеңнің өзі шақырды мені кеңсесіне. «Бұлар (телерадиокомитетті айтады) сені газетке жібергісі жоқ. Осы партия мектебіне неге тартып кетпейсің. Бір орын болып тұр» – дегені («Қара шаңырақ», 12-б.).

Бірақ сол оқуға баруыма қарсы болғандар да табылды. Бағым бар екен, қалалық партия комитетінде Петр Тұрмағамбетов ағайдан қолдау тапқанымды өткен тарауда айтып кеткенмін. Онда Бәкеңнің маған көрсеткен екі жақсылығын айтқан болатынмын. Бертінірек келе ол кісінің тағы бір жақсылығын көрдім. Пәтерімді алмастыруға көмектескені – бұл енді оның үшінші жақсылығы еді. Содан бері сол пәтерде тұрып жатқан жайымыз бар. Санап отырсам, оған да қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Иә, қырық жылға жуық!..

Ал енді телестудиядағы қазақ редакциясының бас редакторы Уәрә Нұрсейтов қайда жүр? Ол кісі сол жұмысқа қанағаттанбай жүрді-ау деймін. Әлде оны басқа біреулер мүйіздеді ме (сондай әңгіме де болған),  ол жағын білмеймін. Бірде келеді, бірде келмейді жұмысқа. Біз тапсырған материалдарды – сценарийлерді кейде қарайды, кейде «режиссерларға тапсыра бер» дейді. Әйтеуір, көңілі хош емес.

Бұл кезде менің де оқуға баратыным белгілі болып, соған дайындалып жүргенмін. Бір күні, жаз ортасы ғой деймін, Жәкең (Жандай Тәукебаев) келіп тұр.

Маған сынай қарап, қолымды алды. Ішінде жасырған бір құпиясы бар тәрізді. Соны мен біле ме, әлде білмей ме екен деп сынай қарап тұрғаны екен оның бұнысы. Өзі айтты.

— Ал енді, Төке, осында мені обком қазақ телестудиясының бас редакторы етіп тағайындады. Бірлесе, білек сыбана жұмыс істейік, – деп қ…а…рап тұр.

— Ой, бәрекелді. «Молодец» деймін ғой баяғы. Солай дедім де оны қапсыра құшақтадым. «Әй, әй, қой. Жұрттан ұят», – дейді ол жан-жағына алақ-жұлақ қарап. Жалпы, Жәкең өте сақ, аңдап басып, абайлап сөйлеп жүретін.

Тағдыр деген осы. Жәкең телестудияға келуіме (марқұмның жатқан жері жайлы болсын) себепкер болып еді. Енді, міне, сол студияда қайта табыстық. Бірақ бізге тағдыр бірге жұмыс істеуге бір айдай ғана уақыт беріпті.

Хош бол, студия! Хош, достар!

Төлеміс МЕҢДІҒАЛИ.

(Жалғасы бар).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button