Басты жаңалықтар

Сайлау комиссиясының мүшелері сайланды

Облыстық мәслихаттың кезекті жиырма алтыншы сессиясының жалпы отырысында депутаттар Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерін сайлады.

№24 Ембі сайлау округінен сайланған депутат Тақталифум Есенғұловтың төрағалық етуімен өткен сессия жұмысына облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері қатысты.

Сессияның күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе —  Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес депутаттар Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерін сайлады. Бұл —  2014 жылдың 3 сәуіріндегі сессияда сайланған сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты жүзеге асырылды. Осыған байланысты облыстық мәслихат хатшысының өкімімен сайлау комиссиясының жаңа құрамын қалыптастыру бойынша депутаттар қатарынан және аппарат қызметкерлерінен жұмыс тобы құрылған болатын. Жұмыс тобына №21 Қарғалы сайлау округінен сайланған депутат Гүлжанат Ерғазина төрағалық етті.  Оның айтуынша, заңнамаға сәйкес облыстық аумақтық сайлау комиссиясының жаңа құрамын қалыптастыру бойынша жұмыстың басталғандығы жөнінде облыстық мәслихаттың сайтында, сондай-ақ облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде хабарлама жарияланған әрі үміткерлер бойынша ұсыныстар жасау мерзімі мен тәртібі көрсетілген. Нәтижесінде, түрлі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден 8 үміткер ұсынылды. Ал сайлау комиссиясы 7 мүшеден тұрады. Өкілеттік мерзімі — 5 жыл.

Сессияда депутаттар аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерін құпия түрде сайлады. Бұл — облыстық мәслихаттың регламентіне сәйкес жүргізілді. Қорытындысында, аумақтық сайлау комиссиясының мүшелігіне Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынған жеке кәсіпкер Нұрлан Жұмағалиев, «Бірлік» саяси партиясынан облыстық мәслихат аппаратының бас инспекторы Есет Шангереев, Қазақ мемлекеттік заң университеті Ақтөбе колледжінің өндірістік тәжірибе меңгерушісі Галина Имашева (Қазақстан Коммунистік Халық партиясы), облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Шыңғыс Нұржігіт («Нұр Отан»), облыстық мәслихат аппаратының инспекторы Гүлнара Күнбаева («Ауыл»), облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Оксана Сопрун («Оксана» украиндердің ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі) және облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы Светлана Оспановалар («Ақтөбе облысының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі) сайланды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button