Жаңалықтар

«Біздің күшіміз — бірлікте!»

Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері жыл қорытындысын шығарды.

Салтанатты басқосуға этномәдени бірлестіктерінің, «Бірлік» ақсақалдар, қоғамдық келісім және аналар кеңесінің мүшелері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өкілдері, сондай-ақ облыс әкімі аппараты қызметкерлері қатысты.

— Бұл негізінен алғанда ресми шара емес, Президентіміздің саясатын алға бағдар етіп, Қазақстан халқы Ассамблеясында белсенді жұмыс атқаратын мүдделес жандардың кездесуі десе де болады. Біздің міндетіміз — ынтымақтастық жолын құрылымдай алдық па, жастар тәрбиесіне қандай үлес қосып келеміз, соны айқындау. Біздің еліміздің күші — көп түрлілігінде, бүгінгідей кең ауқымда бас біріктіруіміздің мәні де осында жатыр, — деп ой бөлісті облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишняк жиында.

Мерекелік бағдарлама аясында «Фрески» ансамблінің, «Славяне» орталығының «Купава» модерн тобының, «Шатлық» татар және башқұрт этномәдени орталығының «Язғы моннар», «Радуга-престиж» балалар би ансамблінің, «Оксана» украин орталығы халық хорының, «Возрождение» неміс қоғамы «Файльхен» хорының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.

— Өткен жылы қоғамдық келісім мен бейбітшілікті нығайту жолында көптеген жұмыстар атқарылды. Әртүрлі фестивальдар, концерттер, байқаулар мен конкурстар ұйымдастырылды. Біздер Президентіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарын жүзеге асыруға белсене қатыстық. Астананың 20 жылдығына қатысты шараларға өз үлесімізді қостық.

Ал биылғы жылы да сан ұлттар өкілдерінің бірлігін насихаттайтын көптеген мәдени шаралар жүзеге аспақшы, — деді облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақытгүл Снабаева.

Жиын қорытындысында «Жыл насихатшысы», «Жомарт жүрек», «Денсаулыққа қосқан үлесі үшін», «Мәңгілік әуен», «Халықтық реңк», «Жан жылуы» номинациялары бойынша этномәдени бірлестіктердің жұмыс нәтижелері айқындалды.

Алина ИМАМБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button