Білім

Биыл ҰБТ-да қандай өзгерістер болады?

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменованың айтуынша, биылғы жылдың қаңтарынан бастап ҰБТ жылына 4 рет, яғни қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізіледі. Маусым айындағыдан басқа тестілеудің бәрі ақылы негізде өтеді, құны — 2242 теңге. Биыл қаңтар айында өтетін алғашқы ҰБТ-ға облыстан 1430 талапкер қатыспақ. Тест тапсыру Ақтөбе қаласында, Хромтау, Қандыағаш және Шалқар аудандарында өтеді.
— Қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы ҰБТ үміткерге жоғары оқу орындарының тек ақылы бөлімдеріне түсу құқығын береді. Осы үш тестілеудің нәтижесі бойынша басқа үлгідегі сертификат беріледі. Ол сертификаттар грант алуға жарамсыз. Егер үміткер мемлекеттік грантты алуға ниет білдірсе, онда ол ҰБТ-ны маусым айында тапсыруы тиіс. Тек сол тестілеудің қорытындысы бойынша ол гранттық байқауға қатыса алады. Ақылы бөлімге түсу үшін үміткерлерге 4 рет өткізілетін ҰБТ-ның біреуіне ғана қатысып, шекті балға қол жеткізсе жетіп жатыр. Мысалы, қаңтар айындағы ҰБТ-ға қатысып, 120 балл жинаған талапкер 1 ақпанда қалаған жоғары оқу орнының қабылдау бөліміне жүгініп, ақылы бөліміне шартты түрде тіркеле алады. Ал егер ол грант алуға ниет білдіріп, маусым айындағы ҰБТ-ға қатысып, 50 балл жинаса, қаңтар айындағы 120 балл алған көрсеткішімен грантқа үміткер бола алмайды. Грантқа түсу үшін маусым айындағы ҰБТ қорытындысы маңызды болғандықтан, ол тек ақылы негіздегі оқуға қол жеткізеді, — дейді Г.Сүлейменова.
Биылғы жылғы ҰБТ форматы еш өзгеріссіз қалатынын атап өткен жөн. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді.
Қаңтар айында ҰБТ-ға 3 санаттағы ниет білдірушілер қатыса алады. Олар: 11-12 сынып оқушылары, қыркүйек айында университетке шартты түрде қабылданғандар және шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға ауысқан студенттер. Наурыз айындағы ұлттық тестілеуге тек 11-12 сынып оқушылары ғана қатыса алады. Маусым айында грантқа үміткер барлық санаттағы талапкерлер, ал тамызда ақылы бөлімге түсушілер және осыған дейін талап етілетін қажетті балды жинай алмағандар бағын сынай алады.

Шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға ауысқысы келетін студенттер бұдан былай екі профильді пәннен тестілеуден өтуі тиіс. Өйткені олар шығармашылық мамандықтарға түскен кезде осы жолғы тестілеудегі профильді пәндер бойынша тест тапсырмаған болатын. Барлық бітірушілерге сертификатпен бірге ақпараттық парақшалар беріледі. Онда құжат өткізуге болатын білім беру бағдарламаларының тізімі, ағымдағы жылы бөлінген гранттар саны, өткен жылдары өткізілген орындар бойынша конкурс қорытындысы көрсетіледі.

 Ақбота БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button