Жаңалықтар

Әлібектің әлемі

«Біз біргеміз»

Ақтөбе қаласындағы бірінші топ мүгедегі Әлібек Елеусізовтің есімі бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Бойындағы ауыр дертіне қарамастан, жарымжан жігіт түрлі қоғамдық шараларға қатысып, өз ісімен көпке үлгі болып жүр.

Қазір оның жасы 35-те. Дүниеге он екі мүшесі сап-сау боп келген бала 13 жасында буын ауруына шалдығады.  Бүгінде ол Ақтөбе қаласының Болашақ ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тұрғызылған арнайы үйде отбасымен бірге тұрады.

Он үш жасымда буындарыма салқын тиді. Сол кезде қазіргі Жаңақоныс, бұрынғы Новый ауылындағы орта мектепте білім алдым. 1996-1997 жылдары іші салқын мектепте сабақ оқудың өзі қиын еді. Менің осындай дертке шалдығуыма соның да әсері тиді ме деп ойлаймын кей кездері. Аумалы-төкпелі заманда дәрігерлердің өздері базарда сауда жасап, кейбір мамандар көшіп кетіп жатты. Ақтөбенің өзінде мықты ревматолог мамандар жоқтың қасы еді. Мен сол кезге тап келдім. Соның кесірінен бірнеше рет Алматыға баруыма тура келді. Ол жақта ғылыми-зерттеу орталығында болып, ем қабылдадым. Менің гормоналды дәрілер ішуіме тура келді. Себебі медицина қызметкерлері мендегі дертке байланысты осыдан басқа ешнәрсе жасай алмады, — дейді Әлібек.

Осылайша 1997 жылы арбаға таңылған Әлібектің бойындағы дерт  әбден меңдеп, тура бір жылдан соң ол бір жамбастап, еш қимылсыз жатып қалады. Сол жатқаннан 2006 жылға дейін төсек тартып жатқан Әлібек шарасыз жағдайға душар болады. «Сегіз жыл еш қимылсыз жатқанның салдарынан жұлындағы көз жүйесі талшықтары қысылып, соның әсерінен қос жанарымнан айырылдым, аяқ-қолым тартылып қалды. Сол кездегі медицина мамандары маған гормоналды дәрі беруден басқа ешнәрсе жасай алмады. Сөйтіп, дәрігерлер менен, мен дәрігерлерден бас тарттым. Бұдан әрі халықтық медицинаның көмегіне жүгіндім. Түрлі емдік шөптермен емделе бастадым. Себебі, дәрігерлердің өздері де менің шөппен емделуіме кеңес берді. Кейін әлеуметтік маркетингтер пайда болып, сондағы түрлі ем-домдардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болдым. Әрине, маған сол кездері арбаға отырудың өзі мұң болды», — дейді Әлібек.

Талай  ұйқысыз өткізген түндер мен жедел жәрдемнің көмегіне жүгінген уақыттарын есіне алған жігіт: Анам «төсек тартып жатқан кезімде Құралай Байменованың басшылығымен құрылған сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығына барып, мені сол қоғамның мүшесі ретінде тіркетті. Сол кездері Құралай Базарбайқызы хал-жағдайымды сұрап, үйге жиі келетін. Осындай кісілердің бойындағы ерік-жігер, күш-қайрат менің адамдармен жақын араласып, қоғаммен байланысуыма өз әсерін тигізді. Сөйтіп, осы қоғамның ұйымдастыруымен өтетін түрлі шараларға қатысып, өзімді белсенді жас ретінде таныта бастадым. Кейін Ақтөбеде түрлі еріктілер тобы құрылып, солармен қоян-қолтық араласып, бірігіп жұмыс істедім. Түрлі шараларды өзіміз де ұйымдастыратындай жағдайға жеттік. Себебі бізге қоғамда осындай мүмкіндік берілді. Кейін «Жүректен жүрекке» атты жастардан құралған еріктілер тобында жұмыс жасадым. Бүгінгі күні оның құрамында жүзден аса мүшесі бар. Біздер әртүрлі бағытта жұмыс жүргіземіз.  Мәселен, 2015 жылы «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтіп, сол өнер додасының жеңімпазы Жандарбек Бұлғақов пен белгілі айтыскер Сырым Әуезханды Ақтөбеге шақырдық. Ерікті жастардың мақсаты — шарадан түскен қаржыны менің еміме жұмсау. Сөйтіп, 900 мың теңге көлемінде қаржы жиналды. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген даналық сөз бар. Бұл орайда мен өзіме жомарттық танытқан айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың Қытайда толық диагностикадан өтуіме  қосымша қаржылай қолдау көрсеткенін айтпай кетуіме болмайды. Бұдан өзге де мен үшін қолдау танытқан жандардың барлығына шексіз алғысымды білдіремін», — дейді.

Әлібек — шаңырақтағы жалғыз ұл. Өзінен кейін екі қарындасы бар. Оған үнемі ата-анасы мен бауырлары, туыстары қолдау танытады.  Ол өлең оқып, айтыс тыңдағанды ұнатады. Болашақта қазақ тілі мен әдебиеті немесе психолог мамандығы бойынша жоғары білім алғысы келеді.

Аллаға шүкір, қазір қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға түрлі әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп жатыр. Алайда әлі де болса біздің кедергісіз өмір сүруімізге тосқауыл болатын жайттар кездеседі. Қазір пәтер алу кезегінде тұрған мүмкіндігі шектеулі жандарға жалдамалы баспана беріледі. Ал бұл еш жерде жұмыс жасамайтын, ай сайын мемлекеттен алатын азын-аулақ қаражатына күн кешіп, ем қабылдап жатқан мүгедектер үшін пәтер ақысын төлеуге қиындық тудырады. Сол сияқты, мүгедектердің жоғары білім алып, оларды жұмыспен қамту мәселесі де  қоғамда толықтай шешімін таппаған проблемалардың бірі, — дейді бірінші топ мүгедегі Әлібек Елеусізов.

Сөз арасында Әлібек Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ұйымдастырылып жатқан «Біз біргеміз!» атты шығармашылық кешке шақырту алғанын, бұл шараны туыстарымен бірге барып тамашалаудың мүмкіндігі туғанын айтты. Әрине, ол мұндай шаралардың қоғамда жиі-жиі ұйымдастырылып, титтей де болса мүгедектер басындағы мәселені шешуге оң ықпалын тигізсе деген тілегін де білдірді.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

ӨМІРГЕ ҚҰШТАР, ӨНЕРГЕ ҒАШЫҚ ЖАН

Тағдыр тауқыметіне мойымай, қиындықтарға қарамастан өнерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың бірі — Жанат Жалғас. Ол бүгінде облыстық арнайы есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернат колледжінде хореограф болып жұмыс істейді.

Жанат жастайынан спортпен айналысып, би әлеміне қадам басты. Өзі армандаған «Әлия гүлі» халықтық би ансамблінің мүшесі болып, Ақтөбе гуманитарлық колледжін, кейіннен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін хореография мамандығы бойынша тәмамдады. Алған білімі, еңбекқорлығы, өнерге деген қызығушылығы алға адымдауына жол ашты.

Анасы Нәбия Жұмалықованың айтуынша, Жанат — Ақтөбедегі есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы ең белсенді спортшылардың бірі. Еліміздің түкпір-түкпірінде өткен жүзу, волейбол спорт жарыстарында топ жарып жүр.

Біз отбасымызбен 1989 жылы Ойыл ауданынан қоныс аудардық. Төрт балам да бірдей сырқатпен мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарында. Барлығын да қалаған мамандықтарына оқуға түсіріп, адал еңбектенуге, қандай жағдай болмасын тек алға қарай талпынуға тәрбиеледім. Қазір әрқайсысының отбасы, балалары бар.

Жанат — туғаннан сөйлеу қабілеті бұзылған 3-топ мүгедегі. Өзінің еңбекқорлығының арқасында қоғамға қызмет етіп, өз үлесін қосып келеді. 

Ақтөбедегі «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова қолдау көрсетті. Барлық ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардан, назардан тыс қалдырмайды.

Ұлым Қанат 22 жаста. Екі жылдан бері қаладағы «Ақбота» арнайы түзету балабақшасында аспаз болып жұмыс істейді.

Бізді тек баспана мәселесі алаңдатады. Табысымызды жалдамалы пәтерге төлеу қиындық туғызады. Сондықтан алдағы уақытта өз үйіміз болса деген арманымыз бар, — дейді Нәбия Жұмалықова.

Спорттың бірнеше түрін қатар меңгерген Жанат бүгінде жолдасы Ғабит екеуі екі бала тәрбиелеп отыр. Екеуі де республика көлемінде ұйымдастырылған жарыстарда чемпион атанып жүр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button