Жаңалықтар

Шынайы қамқорлық шарапаты

«Біз біргеміз»

Ақтөбе қаласының тұрғыны Мұсағали Есенғалиев — биыл екінші жыл облыстық «Біз біргеміз» акциясының қатысушысы. Екінші топ мүгедегі бүгінде қалалық жұмыспен қамту орталығында бағдарламашы болып жұмыс істейді.

Орал қаласында туып-өскен ол 2012 жылы Ақтөбеге қоныс аударған. Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жұмысқа орналасып, өз мамандығы бойынша қызмет атқаруда.

— «Біз біргеміз» акциясы — қайырымдылық мәдениетін дамыту, мүгедек жандарды қолдау мақсатында өтетін дәстүрлі шара. Бізді елеп-ескеріп, жылда шақыратын «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігіне ризашылығымды білдіремін.

Қазіргі таңда елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі үшін көптеген әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Өзім 2017 жылы қызметтік пәтерге ие болдым. Мұның өзі мемлекет тарапынан берілген қамқорлық деп білемін, — дейді ол.

Мұсағали қаладағы ұйымдастырылатын спорттық жарыстарға белсене қатысып тұрады. Бұдан бөлек ол бос уақытында қолөнермен айналысып, жиһаз жасағанды ұнатады. Бүгінде отбасылы, екі баласы бар.  Сол балалары ел дамуына үлес қосар үлкен азамат болса екен дейді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

ЖҮРЕК «КӨЗІ» КӨРСЕ БОЛҒАНЫ…

Ақтөбеде қазақ соқырлар қоғамы жанынан жаңа цех іске қосылды. Мұндағы загип азаматтар бұрын тек тапсырыс бойынша төсек жаймалары мен қолғаптар тіксе, енді табиғатты ластамайтын эко қапшықтар жасауды қолға алды.

Цехта 40 адам жұмыс жасайды. Барлығы — көздері нашар көретін зағип жандар. Дегенмен олардың еңбек етуге деген құлшынысы жоғары.

Цехта жұмыс жасап, өңірде шағын және орта бизнесті дамытуда белсенділік танытып жүрген ерлі-зайыпты Әміржан мен Гүлжанат — бірінші топтағы мүгедек жандар.

Қатал тағдырдың соққысына мойымай, ағысқа қарсы жүзген қайсар жандар 1990 жылы Ақтөбедегі қазақ соқырлар қоғамында танысып, отбасын құрған.

— Мен Ақтөбедегі қазақ соқырлар қоғамына 1988 жылы келдім. Ал жарым Гүлжанат менен екі жыл бұрын келген. Екеуміз осы жерде танысып, кейін сөзіміз жарасқан соң  отбасын құру туралы шешім қабылдадық. Содан бері біргеміз. Бүгінде, шүкір, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Ұлым жоғары оқу орнын бітіріп, үйленді. Үш немерем бар. Алды мектепке барады. Алладан бар тілерім, тек қуат беріп, балаларымның қызығын көруді жазсын, — дейді Әміржан Тілеумағамбетов.

Қаңтардың 11-і күні шаңырақ көтергендеріне 29 жыл болған Әміржан мен Гүлжанат отбасы бақытының құпиясы — бір-біріне қамқор болып, бірін-бірі түсінуде екендігін айтады.

Көзі көрмесе де  Әміржан баянда ойнап, гитара тартады. Ал Гүлжанат ән салады.

— Гүлжанат та, мен де күнде таңғы 8.00-ден 16.30-ға дейінгі аралықта жұмыста боламыз. Бұрын тек төсек жаймаларын, қолғаптар тігетінбіз. Енді экопакеттер әзірлейтін жаңа цех іске қосылып жатыр. Бұл ісіміз де дөңгеленіп кететініне сенімдіміз. Цехта қауіпсіздік шараларына ерекше мән берілген. Барлығымыз арнайы тігін машиналарында отырамыз. Біздің қоғамда еңбек етемін деген жандар үшін бар жағдай жасалған ғой. Тек жүрек «көзі» көрсе болғаны, — дейді ол.

Ал жұмыстан тыс уақытта екеуі де соқырлар қоғамы жанындағы кітапханаға барады.

— Кітапханаға арнайы уақыт бөліп, жиі барып тұрамыз. Сондай-ақ қоғамдық шараларға да қатысып тұрамыз. Өйткені түрлі мерекелік кештер мен қайырымдылық шараларынан рухани демалып, сергіп қаламыз, — дейді Әміржан Тілеумағамбетов.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button