Спорт

«Ақтөбе» хоккейшілері қатарынан 18 рет жеңіске жетті

Қаңтардың 13-19  аралығында Мұз сарайында «Ақтөбе» хоккей клубы кезекті ойындарын өткізеді. Онда «Ақтөбе» жастар командасы «Мұнайшы» және «Барыс» командаларымен кездеседі.

Жастар арасындағы шайбалы хоккейден өтіп жатқан  республикалық  турнирде  «Ақтөбе»  командасының қатарынан  18 рет жеңіске жетуі біздің өңіріміздегі осы спорт түріне деген жұрттың қызығушылығын күрт арттырды.  Шайбалы хоккейден жастар лигасы құрамына жергілікті спортшыларды көптеп тарту мақсатында  жұмыстар басталып та кетті.  Енді   Словакия, Румыния құрама командаларын, қазақстандық «Ертіс» командасын жаттықтырған   халықаралық деңгейдегі тәжірибелі бапкер, словак Юлиус Пензе  ақтөбелік жас  хоккейшілерді  халықаралық жарыстарға алып шықпақшы.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде  облыстық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мейрамбек Махамбетов, «Ақтөбе» жастар хоккей клубының директоры Ринат Нұрахметов қысқы спорт түрлерінің даму барысы жөнінде  брифинг өткізді.

Қысқа мерзім ішінде жас хоккейшілеріміз 18 рет жеңіске жетіп, тамаша нәтиже көрсетті. Бұл – өңірдегі қысқы спорт түрлерін дамыту бағытындағы   жұмыстардың алғашқы нәтижесі.

Негізгі мақсатымыз – қысқы спорт түрлерімен айналысатын жастар қатарын көбейту,  талантты спортшылар  тәрбиелеу. Осы жұмыс ауыл, аудандардың бәрінде бірдей жүргізілуі тиіс деп тапсырма жүктеген   облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың  бастамасымен биыл тағы да  «Жұлдызша» турнирі өткізілмекші.

Алдағы айларда қысқы спорт түрлерімен айналысатын  азаматтарымыздың саны 1500 адамға артады деп жоспарладық.

2018 жылы Ақтөбеде Мұз айдыны ашылып, пайдалануға берілді.  Енді ол жыл бойы жұмыс істейтін болады. Сәйкесінше, коньки тебушілердің саны да бірнеше мың адамға көбеймек.

Бүгінде  11-шағын аудандағы «Олимп» спорт  кешенінде  630 мектеп оқушысы тұрақты түрде қысқы спорт түрлерімен  айналысып жүр. Олардың  325-і шайбалы хоккей, 225-і мәнерлеп сырғанау, 80-і шорт-трек бөлімінде.  Біз уақыт оздырмай мектеп жасындағы оқушыларды шайбалы хоккейге көбірек тартуымыз керек, — дейді  Мейрамбек Махамбетов.

Ақтөбелік жас хоккейшілер мектебін қалыптастыру үшін Хоккей академиясы құрылып, оған  2011-2013 жылы  туған балаларды қабылдау басталды.

Бапкерлердің негізгі міндеті – республикалық, халықаралық чемпионаттарға  жергілікті хоккейшілерді дайындау. Олардың жұмысының нәтижесі  осыдан көрінеді. Хоккей академиясына қабылданатын ең алғашқыларын   «Олимп» спорт кешенінде хоккейден жаттығып жүрген  320 оқушының арасындағы үздіктерден таңдап алдық, —  деді  «Ақтөбе» жастар хоккей клубының директоры Ринат Нұрахметов.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button