Жаңалықтар

Сыйақыға 3,1 миллиард теңге берілді

Ақтөбелік кәсіпорындар облыс басшылығының Тұңғыш Президент күніне, Тәуелсіздік күніне және Жаңа жылға қызметкерлеріне сыйлық беру туралы шақыруын қолдады.

— Біз желтоқсан айындағы мерекелерге орай облыстағы орта және ірі кәсіпорындардың өз қызметкерлеріне сыйақы беру жайына талдау жасадық. Тұтастай алғанда 176 кәсіпорынның 37 мың жұмысшы-қызметкері сыйақы алды. Сыйақы мөлшері орташа алғанда бір қызметкерге 85 мың теңгеден келді. Жалпы жиынтығында оның көлемі 3,1 миллиард теңге құрады, — деп хабарлады облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан.

Өз жұмысшыларына сыйақы берген, сондай-ақ дәстүрлі 13-ші айлық төлеген компаниялар қатарында «Қазхром» ТҰК», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «КМК Мұнай» АҚ, «Қазақойл», «Сағыз Петролеум», «Аман Мұнай», «Урихтау Оперейтинг» ЖШС және басқалары бар.

Жаңа жыл қарсаңында әлеуметтік жағынан нашар қамтылған отбасылардың балалары да назардан тыс қалған жоқ. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған 15 мыңнан астам бала жаңажылдық шаралар мен қайырымдылық акцияларына қатысты.

Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 3626 бала үшін «Балаларға қуаныш сыйла!» ауқымды акциясы ұйымдастырылды, оның аясында мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнес-қауымдастығының өкілдері Аяз атамен және Ақшақармен бірге балғындарды құттықтап, олардың үйлеріне барып, сыйлықтар тапсырды.

Түгел ДАУЫЛТАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button