Жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Цифрландыру жеделдетілуі тиіс

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің цифрландыру қарқынын жеделдетуді тапсырды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте мемлекеттік органдардың, коммуналдық кәсіпорындар басшылары өңірде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

— Цифрландыруға байланысты Елбасы тапсырмасын орындау аясында аймақта ауқымды жұмыстар жүргізілді, арнаулы басқарма құрылды. Екі жылдың ішінде бұл мақсатқа 2,7 миллиард теңге қаржы бөлінді, биылға тағы 1,7 миллиард теңге қарастырылған. Соған қарамастан, бізге бұл бағыттағы жұмыстарды күшейте түсу қажет болып отыр, — деді облыс әкімі.

Ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының қорытындысы бойынша былтыр 14 жобаның жүзеге асырылғанын, әлі де 8 жобаның жүзеге асырылу сатысында екенін хабарлады.

Осылайша, «Цифрлық білім беру» бағыты аясында жалпы білім беретін 399 мектептің барлығы да интернетке, 202 мектеп Wi-Fi-ға қол жеткізді. Білім беру мекемелері  18 мың компьютермен жабдықталған, тек 2018 жылы жергілікті бюджеттің есебінен  жаңа үлгідегі 6117 компьютер және 5000 бірлік сервистік қызмет көрсету әдістемелігіндегі  компьютерлік техника сатып алынды. «Күнделік» ақпараттық жүйесіне мектептер толық қосылып, 7 жасқа дейінгі балаларды балабақшаға кезекке тұрғызу және жолдама беру жөніндегі мемлекеттік қызметтер автоматтандырылып, «Платонус» Электрондық колледж» сынамалық жобасын енгізу басталып кетті.

Денсаулық сақтау саласында 353 мекеме интернетке қосылып, 46 медициналық мекеме ақпараттық жүйелерге енгізіліп, әрбір ақтөбелікке электрондық денсаулық төлқұжаты толтырылды. Ал қағазсыз құжат айналымы  аясында  121 медициналық форманың 97-сі электрондық форматқа көшірілді.

Ақтөбеде «Қауіпсіз қала» бағыты аясында 130 қоғамдық қауіпсіздік камерасын, жол қозғалысының ережелері бұзылғандығының фото және бейнетіркеу жүйесі бар он интеллектуалды  торабын, 11 жылдамдық өлшеуіші бар литнейлі учаскелерді орнату жұмыстары аяқталды.

Сонымен бірге Бердібек Сапарбаев облыс орталығына қондырылған бейнебақылау камераларын интеграциялайтын полиция департаментінің жұмысын да сынға алып, департамент басшылығына бірыңғай интеграцияланған жүйе құру жұмысын күшейтуді тапсырды.

Жиналыста сонымен қатар «Smart City» жобасын жүзеге асыру мәселесі де талқыланды.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қала әкімдігі «Қазпошта» АҚ-мен бірге бірыңғай төлем құжатын құру шараларын қолданып жатқандарын мәлімдеді. Аталмыш жобаға  59 ұйым қосылған, оның ішінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілер, байланыс операторлары, ПИК бар.

«Ақылды қала» тұжырымдамасымен қоғамдық көліктердің барлығы GPS-трекерлермен жабдықталып, жолаушыларға қоғамдық көліктің қозғалыс кестесін қадағалауға мүмкіндік беретін AktobeBus мобильді қосымшасы іске қосылды, Ақтөбе қаласында жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйесі енгізілді және «Ақылды аялдамалар» жобасы жүзеге асырылуда. Қалалық бағыттағы он көлікке пилоттық тәртіпте электронды билет беру жүйесі енгізілді.

— «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған, сондықтан біз оны сапалы жүзеге асыру үшін барлық шараларды қабылдауымыз қажет, — деді жиынды түйіндеген облыс әкімі.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button