Жаңалықтар

Менің отаным — Қазақстан

Шаңырақ

Бұл әлемде барлық қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол  – бірлік. Ел басына күн туған кезеңдерде халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі десек, артық айтқандық емес. Достық пен ынтымақ бар жерде, береке мен ырыс болары анық. соның бір дәлелі бүгінгі күні біздің ауданымызда қазақ, орыс, кәріс, өзбек, неміс, белорус, украин, болгар, әзірбайжан, татар, т.б. өзге де ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Осындай түрлі ұлттар арасындағы достығы нығайып, ынтымағы жарасқан өңірде көп жылдардан бері тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің бірі — Камиль Марданов. Ол — татар этномәдени бірлестігінің мүшесі. Камиль Марданов аудандағы қоғамдық шараларға, мерекелік бағдарламаларға белсене қатысып, ауданның дамуына өз үлесін қосып жүр.

Мәртөк — көпұлтты аудан және түрлі ұлт өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті өңір. Мұнда барлық ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Ол – біз үшін басты құндылығымыз. Барлығымыз ауданда ұлтымызға, дінімізге қарамастан, бауыр басып, тамыр жайдық. Бір нанды бөлісіп, басқа түскен қиыншылықты бірге жеңіп келеміз. Менің арғы аталарым Ресей Федерациясындағы Қазан қаласынан. Өзім осында тудым. Отбасында жеті ағайындымыз: үш қыз, төрт ұл. Барлығы осы Мәртөкте тұрады. Менің қазақ халқына айтар алғысым шексіз. Мен ең алдымен, елімізде осындай тыныштық пен үндестік, өзара сенімділіктің орнауы Президентіміздің салиқалы саясатының арқасында деп түсінемін. Қазақстан — біздің ортақ үйіміз, Отанымыз. Сондықтан қандай жағдай болса да, біз, Отанымызды құрметтеп, қадірлейміз. Ауданның дамуына, көркеюіне өз үлесімізді қосамыз.

Сөз соңында айтарым, бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болып, бейбіт өмір сүрейік! — дейді ол.

Айта кету керек, бүгінде Камиль Марданов зейнеткерлік жаста. Кеңес заманы тұсында ол Семей ядролық полигонында әскери қызмет атқарған. Қазір аудандағы «Солдаты особого риска» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Сондай-ақ ол ұзақ жылдар бойы Мәртөк ауданындағы жөндеу зауытында учаске шебері болып еңбек еткен. Кейінгі жылдары «Нұр Отан» партиясы Мәртөк аудандық филиалында күзетші болып жұмыс жасаған.

Оның айтуынша, бүгінгі күні «Солдаты особого риска» қоғамдық бірлестігінің құрамында жүзге жуық адам бар. Олардың арасында армян, татар, орыс сияқты өзге ұлт өкілдері бар. Олардың барлығы Семей ядролық сынақ полигонында әскери қызмет атқарған.

Камиль Марданов отбасында екі бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардан үш немере сүйіп отыр.

 Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button