Әлеумет

М.Оспанов көшесі

Есте қалар есімдер

Ақтөбенің бұрынғы С.Тюленин көшесі қазір М.Оспанов көшесі аталады. Көпшілікке бұл есім медициналық университет арқылы жақсы таныс. Алайда көшеге есімі берілген тұлға туралы жан-жақты білетіндер аз.

Марат Оспанов  — ҚР Парламент Мәжілісінің тұңғыш төрағасы, саясаткер, экономика ғылымының докторы.

Марат Тұрдыбекұлы 1949 жылы қыркүйектің 17-сі күні Ақтөбе қаласында туған. 1971 жылы Мәскеудегі В.Г.Плеханов атындағы халық шаруашылық институтын бітірген соң, туған қаласына оралып, еңбек жолын  медицина университетінде саяси экономика және КПСС тарихы кафедрасында жас маман болып бастайды. Еңбекқор әрі өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Марат бірден іске кіріседі. Оқу орнында 17 жыл қызмет етіп, кафедра меңгерушісі қызметіне дейін өседі. Кандидаттық, докторлық диссертацияларын осы оқу орнында жүріп қорғаған. Үлкен саясатқа 90-жылдары араласты. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды, қаржы, салық саласы мен құнды қағаздар комиссиясын да басқарды. Осы салалар бойынша еңбектер жазды. Белгілі саясаткер 2000 жылы 51 жасында көз жұмды. Қайраткер өмірден өткен соң Ақтөбенің көпшілік Сазды атап кеткен аумағындағы көшеге және  батыс аймақтағы іргелі медициналық оқу орнына қайраткердің есімі берілді.

Қазір Марат Оспанов көшесінің бойында шағын сауда дүкендері мен жер үйлер орналасқан. 2016 жылы аталған көше жөндеуден өтті. Көктем мен жаздағы жауыннан асфальт түгел бүлініп, топырағы бетіне шығып жатқан көше қайта қалпына келтірілді. Суағарлар және жаяу жүргіншілер жолы салынды. Осы көшенің бойында 15 жылдан бері тұратын Мәдина Сидашева көшенің қазіргі қалпына риза.

— Бұрын көктем мен жазда көшеде балшықтан жүре алмайтынбыз. Қазір, шүкір, жөндеуден кейін бәрі жақсарды, таза әрі жарық. Орталықта орналасқандықтан болар, көше түнде де жарқырап тұрады. Ал көшеге есімі берілген азаматтың кім екенін үлкендер жақсы білгенімен, кейінгі жастар бейхабар. Медициналық университетпен ғана байланысы бар екенін біледі, — дейді қала тұрғыны.

Кәмшат ҚОПАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button