Басты жаңалықтарЭкономика

Қордағы өнімдер сатылымға шығарылды

Баға

1 қаңтардан бастап Ақтөбе қаласындағы Тұрақтандыру қорында сақталған өнімдер сатылымға шығарылып жатыр. Мұндағы ауыл шаруашылығы тауарлары жергілікті билік пен шаруа қожалықтары басшыларымен алдын ала жасалған келісімшарт негізінде жиналған өнімдер. Бұл — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандыру негізінде жүзеге асырылған шара.  

19 түрлі тауар және 16 меморандум

Статистика департаментінің мәліметі бойынша, өткен жылы тұтыну бағаларының индексі Ақтөбе облысы бойынша 105,2 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш республикада — 105,3 пайыз. Азық-түлік өнімдері бойынша көрсеткіш —  104,4 пайыз. Бұл орайда Ақтөбе облысы республикадан 0,7 пайызға төмен болып, екінші орынға табан тіреді. Сонымен қатар,  желтоқсан айында 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың 17-сінің бағасы республикалық көрсеткіштерден төмен болыпты. Тек 2 тауардың, яғни сүт және майлылығы 2,5 пайыздық айранның бағасы жоғары болған. Өткен жылдың желтоқсан айы бойынша  Ақтөбеде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 8 түрі республикада ең минималды төмен бағаны көрсетіпті. Олардың қатарына бірінші сұрыпты бидай ұны, қарақұмық, тұздалмаған сары май, сиыр еті, күнбағыс майы, тауық еті, пияз және тұз кіреді.

Ақтөбе қаласы әкімдігінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта азық-түлік өнімдеріне күнделікті баға мониторингін жүргізу, меморандумдардың шарттарын орындау, жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету, сондай-ақ бағаның негізсіз өсуіне жол бермейтін басқа да шаралар жүзеге асырылады, — дейді Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Қайрат Есенжолов.

Оның айтуынша, бүгінгі күні жергілікті билік ірі бөлшек сауда кәсіпорындары, азық-түлік сататын базарлар және жергілікті тауар өндірушілермен негізгі азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру жөнінде меморандумдарға қол қойыпты. Бұл жұмыстар өткен жылдың соңында жүзеге асырылған. Келісімнің мақсаты — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру, қала тұрғындарын қолжетімді әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуде өзара келісім механизмін орнату, сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету.

Бағаны тұрақтандыру және жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсетуге бағытталған меморандум шарттарының орындалуына бақылау жүргізіледі. Биыл барлығы 31 бөлшек сауда ірі кәсіпорындарымен, көтерме жеткізушілер және тауар өндірушілермен 16 меморандумға қол қойылды. Мұндай келісімнің негізінде негізгі азық-түлік тауарларына 10 пайыздық үстемақысын қолдану міндеттемелерін алған сауда желілері бойынша жеткізушілер мен өндірушілердің жіберу бағаларын желілердегі бөлшек бағалармен салыстыру әдістемесі бойынша бақылау жүргізіледі, — дейді Қ.Есенжолов.

65 жәрмеңкенің жемісі

Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласындағы Орталық базар, «Алтай», «Ануар», «Арай», «Табыс» коммуналдық базары, «АгроОптСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Алматы» көтерме сауда базарларында орынды жалға алушыларға қызметтерге қойылатын бағаны негізсіз көтеруге жол бермеу мәселесі де басты назарға алынған. Яғни, жалға алушыларға сауда орнын жалға беру, басқа да қосымша қызметтер, сондай-ақ облыстың тауар өндірушілеріне басымдық ретінде сауда орындарын ұсыну міндеттеліпті. Мұның барлығы бағаны реттеу, жергілікті өнім өндірушілерді қолдау мақсатында жасап жатқан шара.

 

Бағаны тұрақтандыру мақсатында және жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен сауда сөрелерін тікелей қамтамасыз ету үшін былтыр 487,8 миллион теңге сомасында 65 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілген болатын. Жәрмеңкелер негізінен «Табыс», «Алтай» базарларында, қалалық ипподром аумағында, қаланың 12-шағын және «Нұр Ақтөбе» аудандарында, селолық округтерде ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдері неғұрлым арзан бағада сатылды, — дейді мамандар.

Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімі мамандары берген мәлімет бойынша,

2018-2019 жылдарға арналған облыстық тұрақтандыру қорына жалпы көлемі 1880 тонна картоп пен көкөніс өнімдері салынған. Облыстық тұрақтандыру қорын басқару комиссиясының шешімімен, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап облыс орталығындағы коммуналдық шағын базарларда, әлеуметтік дүкендерде және павильондарда тұрақтандыру қорының өнімдері сатылымға шағарылды. Мамандардың айтуынша, өнім бағалары базар бағасынан 10-15 пайызға төмен. Атап айтсақ, картоптың келісі — 75 теңгеден, сәбіз – 75 теңге, пияз — 60 теңге,  қырыққабат — 85 теңге, күнбағыс майының 0,875 литрі —  320 теңгеден, күріштің келісі — 180 теңгеге, бірінші сұрыпты ұн 90 теңгеден сатылып жатыр.

Қызанақ пен қияр жеткілікті өндіріледі

Мұрат Тоқболатов, Ақтөбе қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің  басшысы:

Өткен жылдың желтоқсан айының аяғында облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің төрағалығымен облыстық тұрақтандыру қорын басқару комиссиясының отырысы өткен болатын. Комиссия отырысында Ақтөбе қаласында қаңтар-ақпан айларына қай өнімді қандай көлемде, қандай бағада сату керектігі жайы сөз болып, шешім қабылданды. Соған байланысты тұрақтандыру қорынан қаңтарда 350 тонна картоп Ақтөбе қаласындағы 22 әлеуметтік дүкен мен «Табыс» коммуналдық базарына жеткізіледі. Бұл жұмыстар 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, тұрақтандыру қорындағы бір келі картоптың бағасы — 70 теңге. Әлеуметтік дүкендегілер бұл өнімге қосымша 5 теңге қосып, сатылымға шығарады. Ал ақпан айында қордан қосымша 250 тонна картоп сатылады. Бұл айда да тұрақтандыру қорындағы картоптың келісі 70 теңгеден сатылмақ. Сол сияқты, осы айларда 25 тоннадай сәбіз сатылымға шығарылады. Қорда сақталған сәбіздің бір келісі  75 теңгеден өткізілмек. Сонымен қатар комиссия шешімімен пияз, қырыққабат сынды әлеуметтік маңыздағы азық-түліктер де арзан бағада нарыққа шығарылмақ.

Бүгінгі күні «Жаңа Әлжан» ұн комбинаты өндірген ұн да тұрақтандыру қорында жеткілікті мөлшерде сақтаулы тұр. Қаңтардан бастап қордағы бірінші сортты  ұнның 10 тоннасы сатылымға шығарылып жатыр. Бір келі ұнның бағасы — 90 теңге. Жергілікті билік аталған айларда күнбағыс майын да мейлінше арзан бағада сатуды жоспарлап отыр. Қаңтар-ақпан айларында қордан жалпы көлемі 15 тоннадай ғана күнбағыс майы бөлшек сауда нарығына шығарылмақ.

— Қазір өзімізде қызанақ, қияр жеткілікті мөлшерде өндіріледі. «Изет Грин Хауз Қазақстан», «Ақтөбе» жылыжайлары, сол сияқты «Амир Агро» шаруа қожалығында қызанақ, қияр өндіріледі. Осы жылға тұқым сеуіп, өнім алу жұмыстарының бірінші айналымы жүзеге асырылады. Бұл ақпан айының 20-ларынан бастап қолға алынатын шаруа. Сол кезде «Изет Грин Хауз Қазақстан» жылыжайы қияр егу жұмыстарын бастайды. «Агрофирма Көктем» серіктестігі де осындай жұмыстарды қолға алмақ. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласындағы жылыжайлардың қуаттылығы жетеді. Мәселен, қаладағы ең үлкен жылыжайлардың бірі, яғни жалпы ауданы 9,5 гектар аумақты қамтитын  «Изет Грин Хауз Қазақстан» жылыжайының күніне 15-16 тонна қызынақ өндіруге шамасы жетеді. Бірақ, біздегі «Анвар», «Дина» сияқты үлкен сауда желілері болсын, шағын дүкендер болсын, бұлардан тапсырыс аз түседі. Бұл өнімді олар бір күнде ала алмайды. Олар күніне жарты, әрі кеткенде бір тоннаға ғана тапсырыс түсіреді, — дейді М.Тоқболатов.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласындағы Пригородный елді мекенінде көкөніс қоймасы бар. Жергілікті тұрғындардың бұл қоймадан азық-түлік өнімдерін алуына жағдай жасалған.

Арайлым НҰРБАЕВА.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button