Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Әлібектің сәйгүліктері

Сурет inform.kz сайтынан алынды

«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы  жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі…

Жылқыны қолға үйрету арқылы  біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды».

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.

10-15 жылдан бері  Ойыл ауданында ат спорты дамымай қалып, ел іші  аламан бәйгеден қол үзді.  Одан әріректе  ауылда бірлі-екілі адамдар жүйрік ат баптап,  жарысқа қосып жүр еді.  Сирек өткізілетін мерейтойларда ғана ат бәйгесі ұйымдастырылғанымен, жыл сайын тұрақты өтпегендіктен, жүйрік баптаушылар  да жоғалды.

Бірақ осыған қарап  Ойылда жүйрік жоқ деп айтуға  тағы болмас.  

Ойыл ауданы орталығынан 65 шақырым жердегі Сарбие ауылының тұрғыны, «Данагүл» шаруа қожалығының басшысы   Әлібек Бюрин бәйге аттарын жаратумен  1992 жылдан  бері айналысып  жүр. Біз Ойыл аудандық ішкі саясат  бөлімінің басшысы Мұратбай Айдарбаевпен Сарбиеге барып, Бюриндердің жаратып жатқан жылқыларын  көріп қайттық.

Сарбиеге келіп, бірден ауыл шетінде орналасқан Әлібектің атқорасына тоқтадық.  Кәдімгі ұлутастардан қаланған, іші-сырты мұнтаздай таза әрі  кең ат қораның іші секцияларға бөлінген, жүйріктер  бөлек-бөлек ұсталады. Еденіне қалың етіп көң төселген. Әлібектің өзі, қысқы каникулда жүрген институтта, мектепте оқитын балалары, ағайындарының балалары — бәрі атқорада. Олар күні бойы осы жерде,  жылқының шөбін салып, мезгіл-мезгіл жоңышқа, арпа, сұлысын беріп, су беріп, астын тазалап тыным таппайды екен. Бір байқағаным, Әлібектің бала тәрбиесіндегі үлгісі осы жерден көрінеді.

Заманауи сәйгүлік бизнесіне өзіндік жаңашылдықтар енгізген  кәсіпкерден ат баптаудың тәртібін сұрадық. Әкесі  — Кенжебай бұрынғы «Жекенді» кеңшарының абыройлы жылқышысы. Ол 8 ұлын да шаруаға жақын етіп тәрбиелегенімен, солардың ішінде ат баптаудағы әке өнегесін ұстап қалған тек Әлібек. 1992 жылы  шаруа қожалығын ашып, жүйрік ат  баптауға ерекше ден қойып, бұл істе  іргелес жатқан  Атырау облысындағы атбегілердің тәжірибесіне көп сүйенеді. 1995 жылдан бастап автокөлігімен  Дағыстанға барып, жүйрік баптайтын ауылдарды аралап, таңдаған  сәйгүліктерін  сол жақтан жүк көлігіне тиеп,  Ойылға әкеледі. Негізінен, Дағыстаннан  англо-араб, ағылшын тұқымдарының айғырларын сатып алады.

— Дағыстаннан жылқы тасығанша,  біздің  жақтан да сондай сәйгүлік табылмады ма? — деп қарсы сұрақ қойдық. Ол:

— Біздің жақтың  жылқылары, негізінен, жабы тұқымды, дене тұрқы  тапалтақ, бәйгеден гөрі  ауыр жүк тартуға ыңғайлы, ыстық-суыққа төзімді болып келеді, — дейді.

— Баяғы батырлар жырындағы жал-құйрығы сүзілген, алты  айшылық жерлерді алты-ақ аттайтын  сәйгүлік тұқымдары қайда?

— Менің ойымша, баяғы батырлар мен хандарға сұлу арғымақтар сырттан сыйға әкелінген сияқты.

— Дағыстаннан әкелінген жылқылардың күтімі қандай?

— Араб жылқыларына  жергілікті жердің шөбі қорек болмайды, арпа- сұлыға қоса,  оған арнайы өсірген жоңышқа да  керек. Жергілікті шөпті жоңышқамен араластырып береміз. Сәбіз береміз.  Ойылдың жеріне жоңышқа шықпайды, сондықтан оңтүстіктен   әкелеміз. Қысы-жазы қорада ұстаймыз. Жергілікті жылқылар сияқты далада еркін жүре алмайды. Далаға жіберсек, бірден азып кетеді. Сосын үйірге қосылмайды, өрісті білмейді, басқа жаққа  кетіп қалады.

— Ауырғанда қалай емдейсің?

— Жергілікті мал дәрігері емдей алмайды. Арнайы дәрі құямыз. Ауырғанда оттамай қалады.

— Дағыстаннан бір жылқыны қаншаға сатып аласыз?

— Бір жарым миллион теңге.

— Субсидия  аласыз ба?

— Жоқ. Мемлекеттен субсидия тек  асылтұқымды етті бағытқа ғана төленеді.

Әлібектің балалары ат құлағында ойнайды.  Үлкен ұлы Ойылға аты шыққан шабандоз болса, ағайындарының балалары да жүйрік десе жанын беретін нағыз атшабарлар. Қазір  қорада  «Айбас», «Лицей» атты жұлдызды жүйріктер бастаған  8 арғымақ тұр. Дағыстаннан әкелінген ағылшын, араб-ағылшын  сәйгүліктері қысы-жазы осы жерде бөлек күтімде.

Әлібектің  жүйріктері негізінде Маңғыстау, Атырау облыстарында өтетін ат бәйгесіне  қосылады. Өткен жылы Ақтауда  Әлібектің сәйгүлігі 1 миллион теңгенің бас бәйгесін олжалады.  Ал оның алдында жүйріктері  5 автокөлік алып берген.

Ат жаратуда  Әлібектің ерекше қасиеті бар. Ол 2005 жылы  қанша бәйгеге қатысса да,   3-ші не 4-ші болып келетін бәйге атын иесінен  сатып алып, соны әбден жаратады. Сол  «Тайфун» деген тұлпар бір жылда 4 автокөлік мінгізді.

Ойыл ауданында ат спортын дамытуда Әлібектің мынадай ұсыныстары бар:

— Қазір ауданда ат спортын дамыту  енді бастап қана  қолға алынып жатыр. Ат бәйгелері біздің облысқа қарағанда, Маңғыстау, Атырау облыстарында  көп өткізіледі. Жыл сайын наурыздың 13-інен 14-іне қарағанда Отпантауда амал күндері өтіп, ат бәйгесі ұйымдастырылады.  Оған жылда қатысамын. Бәйгеге қосқан жүйрігім  4 рет қатарынан бас бәйгенің иесі болды.  Мен екінші, үшінші орын алғандарымызды тіпті айтып отырған жоқпын. 

Біздің ауданда да жылына екі рет бәйге ұйымдастырылып тұрса, ат спортының дамуына  жол ашар еді, — дейді атбегі Әлібек Бюрин.

— Бәйге аттарын жаратудағы  сәтсіздіктер қандай? — дейміз атбегіден. Ол:

Бәйге аттарында  көп кездесетін сәтсіздіктердің бірі — аяғы сынуы. Жілік майы жұқарған аттардың сүйектері сынғыш келеді. Оның үстіне біздің батыс аймақтың жері қаттылау. Тіпті екі аяғын бір-біріне соғып сындырып алып жатады, — дейді.

Оның айтуынша, бәйге үнемі сәтті де бола бермейді.  Бір жүйрікті 5 бас биеге  айырбастап алып баптап, жарысқа дайындаған. Әбден жаратылған тұлпар бәйгеде бірінші боп мәреге жете бергенде,  аяғы сынып кеткен.

Мұндайдың  талайын бастан өткерген Әлібектің сағы сынған емес. Әрі ешкімнен көмек те күтпейді. Қайта бәйге аттарын көбейтуге бел буды. Шетелдің жүйріктерімен өзіміздің жылқыны будандастырып құлындар алып, болашақ жүйріктерді өсіріп жатыр.

Көк бейнетті жұмысына, пайдасынан шығыны көп кәсіпке құлай берілгені соншалық — өз балалары мен аға-інілерінің балаларын да жылқыны күтіп-баптауға жегіп қойған.

Қазір ауданда Әлібектің жүйріктерінің алдына шығатын ат жоқ. Олай дейтініміз, ауданның бір торқалы тойында төрт ат қосып төртеуі де аламан, тоқ бәйгелерде  бірінші, екінші келген. Шаруаны келістіріп отырған Әлібек   бие сауып қымыз да  дайындайды. Әзірше күніне  15 литр қымыз  алады.

— Басында бие сауғанда, өзіміздің ішіп-жемімізден, ағайындар мен келген қонақтардан ауыспайтын еді. Бір-екі рет ауыл адамдары ақшасына сұрап келді. Бірте-бірте саумалға деген сұраныс көбейе бастады. Қазір бұл жұмыспен біраз жылдан бері тұрақты айналысып жүрмін. Әрі отбасым ішеді, әрі сыйлы сусын, әрі пайда, — дейді өзі.

Әлібек ауылда өтетін қоғамдық жұмыстардан шет қалмайды. 4 жыл қатарынан наурыз тойында тай жарысын ұйымдастырды. Биыл да білек сыбанып отыр. Мұның өзі жүйрігі бар ауылдың жарыс десе тыпыршып тұра алмайтындығын білдіреді.

Ат бәйгесі десе  делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Мәреге бірінші жеткен  сәйгүліктердің санын көбейтіп отырған Әлібектің  жүйріктері Ойылдың  жақсы атын шығарып жүр.

 Самат НАРЕГЕЕВ,

                                                                   Сарбие ауылы,

                                                                   Ойыл ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button