Ақтөбе — 95

Біз таңдаған жол

Журналистика — өз алдына бөлек бір әлем. Оған әркім әртүрлі жолмен келеді. Сонау аласапыран отызыншы жылдардың орта тұсында өмір есігін ашқан біздің буынның бастан кешкен қиындықтары туралы ұзақ таңға әңгімелеуге болады. Бірақ, мәселе онда емес. Ең бастысы, біздер тағдырымызбен тайталасып, алға ұмтылдық. Жоққа жасымадық, барға тасымадық. Қатарымыздан қалмай білім алуға тырыстық, белгілі бір мамандық иесі болсақ дедік.

Мен өз орнымды журналистикадан тапқаныма риза адаммын. Облыстық «Ақтөбе» газетінің менің өмірімдегі ықпал-әсері ерекше. Басылымның биылғы 95 жылдық мерекесі қарсаңында өткен жолдарымнан бірер үзіндіні оқырман назарына ұсынсам деймін.

Алғашқы ұмтылыстар

Мектепте жетінші сыныпта оқып жүргенімде жалқау оқушылар туралы қабырға газетіне сықақ өлең жазғаным есімде. Оның әсерінің күшті болғаны соншалық — мұғалімдер мен ата-аналар мені қолпаштап, өздерінің балаларын тәртіпке салушы ретінде қабылдады. Бастапқыда математик болсам деген арманым бірте-бірте әдебиет ауылына қарай ауысып бара жатқанын байқадым. Оның үстіне Орда Дайрабаев сияқты әдебиет пәні мұғалімінің әсерлі әңгімелері журналистикаға қарай жетелей берді.

Аудандық, облыстық газеттерге шағын хабарларым жариялана бастады. Бірде тіпті облыстық «Социалистік жол» (қазіргі «Ақтөбе») газетіне аудандық оқу бөлімінің мектептермен байланысы нашар екенін сын ұшына іліктіріп жіберіппін. Көп ұзамай оқу бөлімінің бастығы Хұршида апай мен оқитын Қарабұтақ орта мектебіне жиі келетін болды. Газет сөзінің әсерін осылай да сезініп, арқаланып қалдым. Бір жағынан көпке дейін қысылып та жүрдім.

Сөйтіп, мектеп оқушысы кезімде облыстық газеттің штаттан тыс тілшісі атандым. Ал бұл басылымға қызметке келу үшін арада әлі біраз жылдар өтуі керек еді…

Мектеп бітірген соң Алматыдағы №1 техникалық байланыс училищесінде оқып, қаһарман қала — Севастопольде әскери борышымды өтедім. Қара теңіз флоты бойынша шығатын әскери «Флаг Родины» газетінде мақалаларым жиі жарияланып тұрды.

Флот комсомол конференциясына делегат болып сайланып, президиумда Севастопольде іссапармен жүрген атақты ақын, «Василий Теркин» поэмасының авторы Александр Твардовскиймен қатар отырғаным бар. Сол тұста мені Ленинградтағы әскери-саяси училищенің журналистика бөліміне оқуға жіберу туралы ұйғарым да жасалған. Бірақ ауылдағы ағам елге қайтуым қажеттігін ұғындырып, бұған рұқсат бермеді.

1959 жылы өзім көптен аңсаған Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға қабылдандым. Мұндағы үлкен бір олжам — ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің лекцияларын тыңдағаным.

Мен Алматыдан дипломмен елге келгенімде облыстық газеттердің орнына өлкелік газеттер шығатын. Мұнда маған орын болмады. Күтуіме тура келді. Қарабұтақ аудандық партия комитетінде нұсқаушылық қызметке алындым. Сөйтіп жүргенімде өлке тарады да, қайтадан облыстық газеттер шыға бастады.

Мен Мұхтар Құрманалин ағаның ұсынысымен облыстық газеттің Қарабұтақ, Новоресей, Комсомол аудандарындағы меншікті тілшісі қызметіне алындым. Сонымен, көптен көздеген ойымның төбесі көрінгендей болып, қаламымды қолыма қысып ұстап, жаңа іске кірісіп кеттім.

Сол кездің суреттері

Меншікті тілші анда-санда өзі қызмет істейтін газет редакциясына соғып, есеп беруі, жаңа тапсырмалар алып тұруы тиіс.

Сондай бір ретпен келгенімде облыстық «Коммунизм жолы» газетіндегі бір көріністер көз алдымда сақталып қалыпты.

Өзіміз университетте тұстас оқыған Әкімжан Оралбаев секретариатта қызмет етті. Ол әскери тілмен айтқанда, бас штабтың шын мәніндегі штаб-капитаны еді. Өз ісіне мығым, газетті безендіруге мұқият көңіл бөлетін.

Оның қарсы алдында «Беломор» темекісін екі езуіне алма-кезек жүгіртіп, газет макетін сызып Дербісәлі Ниязбаев аға отырады.

— Партия тұрмысы тақырыбындағы әнеу күнгі сендерге түскен материалды қашан саласыңдар? — деп жәй басып, майда үнмен Мұрат Нұртаев кіреді кабинетке.

— Келесі сенбіге әдебиет бетін әзірлеп едік, — деген Мұхтар Құрманалин ақынның сырбаз үні естіледі бір жағынан.

— Материалдарды шатастырасыңдар, әрі тұрыңдар, әрірек тұрыңдар, — деп жауапты хатшы Лұқпан Жұмабаев қолын сермеп жатады.

Бірсыпыра уақыттан кейін мен редакцияның өзіне қызметке келдім. Әкімжан Оралбаев — өнеркәсіп және құрылыс, Марат Мырзағұлов — совет құрылысы, мен ауыл шаруашылығы бөліміне меңгеруші болып бекітілдік.

Бұл бөлімде ертеректе республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болып қызмет атқарған, артық сөзі жоқ, ертеден қара кешке дейін хат қорытудан жалықпайтын Көмекбай Оразнияовпен, қаламы жүйрік, материалдарды жедел дайындаудың шебері Кәдірбай Бекмағанбетовпен қызметтес болдым.

Бір мереке қарсаңында шағын мейрамханада журналистер болып бас қосқанымыз есімде. Редактордың орынбасары, қадірлі аға Смағұл Мұқашев Әкімжан екеумізді мақтады-ай келіп, сыртқы тұрпатымызды емес, сөп саптауымызды. Сырттай ұяла, іштей қуана қабылдадық.

Шөп шабуға барғанда

Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Андреевич Ливенцов тынымсыз адам. Оның әсері біздерге, журналистерге де тиіп жатады.

Жазда қаладағы бүкіл кәсіпорын-мекемелердің жұмысшы-қызметкерлері шөп шабуға қатысады. Біз де сол қатардан табылдық.

Газеттің бірінші бетінде нөмір сайын мал азығын дайындаудан топтамалар беріп, жұртшылықты рухани жағынан жұмылдырып жүргеніміз жеткіліксіз.

Сонымен, Ырғыз өңіріне «Уазик» көлігімен редакциядан — Көмекбай Оразниязов, Жұлдызбай Әндіров, Құрал Тоқмырзин және мен, төртеуміз жүріп кеттік. Торғай, Ырғыз өзендерінің қиылысқан жеріне келіп тоқтадық. Бізден бұрын келгендер бума-бума құрақтан баспана жасап алыпты.

Сөйтіп, қол орақпен қамыс шабуға кірістік. Орталық штабты облыстық партия комитетінің хатшысы Кеңес Нокиннің өзі басқарады.

Біз де ешкімнен қалыспай, біраз бумалар әзірледік. Барымызша еңбек етіп жатырмыз. Мақсатымыз — журналистер қалам ұстаумен бірге, қара жұмысты да атқара алады екен ғой деген ой орнықтыру айналадағы жұртқа.

Бір айға жуық уақыт қамыс шауып, алғыс алып қайттық Ырғыздан. Берілген тапсырманы артығымен орындадық.

Бұл сапардың бізге зияны болған жоқ. Кейін мал азығын дайындау, жалпы еңбек адамы туралы мақалалар жазғанда бұл тақырыпты жақсы білетінімізді ішіміз сезіп отырады. Журналиске соның бәрі керек екен-ау деп ойлағанмын сол кезде.

«Қолдарыңда үлкен күш бар…»

Облыс басшысы журналистермен кездесу өткізгенде, бізге осылай дейтін. «Қажет болса мені де, басқа хатшыларды да, кез келген лауазымды өзге тұлғаны да аямай сынаңдар. Қорықпаңдар, ұялмаңдар. Мен сендерге әрқашан қолдау көрсетемін. Тек сын әділ болсын. Ал облыстық партия комитетін, облыстық кеңесті сынауға қақыларың жоқ. Өйткені солардың органысыңдар» деген сөзі де есімде қалыпты.

Василий Андреевич екі жылда бір өткізілетін шопандардың облыстық съезінде баяндаманы қазақша жасап, қазақтың мақал-мәтелдерімен орайымен келтіріп, талайлардың таңдайын қақтырушы еді.

Шынында да журналистің қолына үлкен күш берілген. Оны пайдалану үшін сөз құдіретін ұғына білуіңіз керек.

Газет жұмысына беріліп кеткенім сондай, маған сол тұстарда Мәскеуге екі жылдық партия мектебіне бару туралы ұсыныс жасалғанда одан бас тарттым. Осындай тыныс алу мүмкіндігін қолдан берген мен редакцияның қамытын шындап мойныма кидім. Мен жетекшілік ететін ауыл шаруашылығы бөлімінің жұмысы таусылмайды. Науқан атаулы кезектесіп келеді де тұрады.

Сол кезде ақын әріптесім Есенбай Дүйсенбаевтың:

«Қой қоздату, қозы үні…» —

деп жатқанын көрер ек.

Көктемгі егіс…

Қызған шақ.

Арасында қояды,

Қыздарға да звондап, —

деп достық әзіл жазғаны бар. Бір жағы үйленуге де қолым тимей жүрген кез ғой. Соны да астарлап айта кеткен.

Есенбай аса талантты ақын ғана емес, қаламы жүйрік журналист те. Ойға беріле өлеңін жазып отырады. «Есенбай-ау, жоспарлаған топтамаларды беруіміз керек қой», — дейді бөлім меңгерушісі ақын Смат Қабылбаев. «Жақсы» дейді Есенбай. Тартпасындағы бірнеше папка материалдарды іріктеп, сұрыптап алады да, қолтықтап машбюроға барады. Бірнеше сағатта ондаған топтама дайын, бір айға еркін жетеді.

— Есенбай, бетке жақсы шапка керек, — дейді жауапты хатшы Лұқпан ағасы. — Қаламақысы — 10 сом.

Шамалы уақыттан соң беттегі материалдардың мазмұнына сәйкестендірілген бір не екі жол өлең секретариатта жатады.

Ленин (қазіргі Қарғалы) ауданына бір іссапарға барғаным жадымнан кетпейді. Колхозда партком хатшысы қарсы алды. Күн шыжып тұр. Жарқабақтағы ескі кірпіш үйдің ішінде ауа жоқ. Терезеден сыртқа қарадым. Төменде мөп-мөлдір өзен суы күнмен шағылысады. Менің назарымды байқаған партком хатшысы: «Төке, суға түсіп, салқындап келейік» деді. Менің де күткенім — сол.

Соның арқасында дастарқан да дайындалып қалыпты. Табақта — семіз қозының еті. Шампан ашылды. Тілектер айтылып жатыр. Күннің ыстығынан ба, әлде шампан буынға түсті ме, партком хатшысы жастыққа қисая беріп, қор ете түсті. Оянар емес жуық маңда.

Сыртқа шықтым да, көлік жүргізушіге «пішеншілер қосына барып келейік» дедім. Онда механизаторлар бейқам, жұмысқа шығуға асығар емес. Бригадирді тауып алдым.

Шабылатын жер, шабылғаны, әр агрегаттың тиімділігі — бәрін сұрастырып жатырмын. Байқағаным — шаруа барысы нашар, ауданда мал азығын дайындаудан көш соңында келеді. Осылай деп газетте сын мақала бердім.

Осы мақала аудандық партия комитетінің бюросында қаралып, колхоз басқармасының төрағасына да, партком хатшысына да сөгіс беріліпті. Кейін Ақтөбеде, Кеңестер үйінде сол хатшымен бір жиында кездесіп қалдым. Салқын амандасты. Не айтарымды білмей, кібіртіктеп қалдым. Оның ыстық ықыласын, маған деген көңілін аттап кеткендей сезіндім өзімді. Артынан «сөгіс бергізіп, бүкіл облысқа жар салғызуымның не керегі бар еді?» деп өзімді кінәладым.

Бір жағынан «Қолдарыңда үлкен күш бар» деген сөздің мағынасын жете ұғына түскендей болдым.

* * *

Иә, бүгінде мұның бәрі естелікке айналды. «Ақтөбе» газетінде сан ұрпақ алмасты, буындар өзгерді. Қалай дегенде де бұл газет мен үшін ыстық. Ылғи да елеңдеп отырамын. Осында қаншама сәулелі күндер өтті десеңізші.

Біздің уақытымызда журналистерге қазіргідей марапаттаулар көп берілмейтін. Мәселен, 1997 жылы менің Қазақстан Журналистер одағының Тауман Амандосов атындағы сыйлығының лауреаты атануым сол кезде үлкен мәртебе еді. Екі медальмен марапатталыппын. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасын алыппын.

Газет бетінде мақаламыздың соңында аты-жөніміздің берілуі журналист үшін ең жоғары атақтай көрінетін бізге. Сол сезім әлі күнге дейін көкірегімізді жылытады.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button