Ақтөбе — 150Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: 150 жылдық мерейтойдан үлкен із қалуы керек

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту шараларына дайындық барысы талқыланды.  Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары мен Ақтөбе қаласы әкімдігінің өкілдері, депутаттар, ірі кәсіпорындар мен мекемелердің, құқық қорғау органдары мен басқарма, жоғары және арнаулы оқу орындарының басшылары, қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Жиынға аудан әкімдері онлайн-режимде қосылды.

Жиынды ашқан сөзінде облыс басшысы биылғы жылдың ақтөбеліктер үшін тарихи жыл екенін айтып, Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту үшін дайындық шараларын қалай жүргізу қажеттігіне тоқталды.

— Қазақстанда 150 жылдық тарихы бар облыс орталықтары көп емес. Ақтөбе —  еліміздің батыс өңірінде орналасқан, бай тарихы бар қала. Сондықтан біз бұл шараны өз деңгейінде лайықты өткізуіміз керек. Әрине, мерейтой құрметіне ғылыми, мәдени, спорттық шаралар өткізіледі. Ең негізгісі — 150 жылдықтан үлкен із қалуы керек. Яғни алдағы уақытта келешек ұрпақ салынған нысандардың, айталық, ол ғимарат немесе зауыт болсын,   Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы құрметіне тұрғызылғанын біліп жүруі керек. Ақтөбе қаласы облыс орталығы болғандықтан, бұл шараға облыстың барлық тұрғындары, елді мекен, аудандар түгел қатысып,  атсалысуы қажет. Мәселен, былтыр Астананың 20 жылдығын бүкіл Қазақстан болып, бірігіп өткіздік. Біз де өз үлесімізді қостық. Дәл сондай іс-шаралар Ақтөбе өңірінде де болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбенің бірде-бір тұрғыны осы үлкен іс-шарадан тыс қалмауы тиіс, — деген Бердібек Сапарбаев Ақтөбенің Қазақстанның төртінші қаласы, агломерация орталығына лайық болуы керектігін баса айтты. Өз сөзінде ол Елбасының «Өсе бер, өркендей бер, құтты мекен Ақтөбе!» деп бекерден-бекер емес, өңірдің әлеуеті мен мүмкіндіктерін ескере отырып, айтқанын атап өтті.

Облыс әкімі құзырлы органдарға осыдан екі ай бұрын Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойын атап өту үшін іс-шаралар жоспарын құруды тапсырған болатын. Бұл туралы жиында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова баяндады. Ол өз сөзінде қазір Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойының іс-шаралар жоспары әзірленгенін, осы бағытта бірнеше рет кәсіпкерлермен, қолөнер шеберлерімен, кулинария саласы  және гүл өсіруші кәсіпкерлермен  басқосулар өткізілгенін, қала мерейтойын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. К.Айдарханова кәсіпкерлерге өздері шығаратын өнімге «Құтты мекен Ақтөбеге 150 жыл» логотипін пайдалану тапсырылғанын айтқаны сол еді: «Бірден айтайын, бұл логотип жарамайды. Бұған дейін «Ақтөбе — құтты мекен» деген логотипті пайдаланғанбыз. Оны қайталаудың қажеті жоқ», — деді  облыс әкімі.

Бұдан кейін ол қаланың мерейтойын атап өту үшін құрылған іс-шаралар жоспарын таныстырды. Алайда Бердібек Машбекұлы бұл жұмыстарға қатысты: «Кімнің не салатыны, қай көшені, қай саябақ пен скверді, қай ауланы жөндеуі үшін келісу керектігі жайында осыдан екі ай бұрын тапсырма берілді. Ол үшін тізім болуы керек. Ал ол тізім жоқ. Сіздің баяндамаңыздан түсінгенім, Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы мамыр, шілде және тамызда, яғни үш ай ғана атап өтілетін секілді. Қаланың 150 жылдық мерейтойына арналған шаралар Жаңа жылдан, қаңтар айынан басталуы керектігін айтқан едім. Күн сайын, ай сайын осы тақырыпта іс-шаралар ұйымдастырылуы тиіс. Неге біз мамыр айын күтуіміз керек? Мерейтойға арналған іс-шаралар жоспары жыл он екі айға әзірленуі қажет. Одан кейін мен Ақтөбеден шыққан азаматтардың тізімін жасауды тапсырдым. Олардың да мүмкіндігін пайдалануымыз керек. Ол тізім де жоқ», — деді.

Б.Сапарбаев қаланың мерейтойына қатысты іс-шараларды жүзеге асыруға аудандарды тартуда, әрбір өңірдің экономикалық әлеуетін басты назарға алу керектігін де баса айтты. «Әрбір аудан ең кем дегенде 40-50 миллион теңге қаржы салуы керек. Одан кейінгі жұмыстар әрбір ауданның экономикалық әлеуетіне байланысты жүзеге асырылады», — деген облыс әкімі осы бағытта атқарылатын іс-шаралардың жүзеге асырылуына жауапты ретінде облыс әкімінің орынбасарларынан бастап, қала мекемелерінің, департамент басшылары,  депутаттар бекітілуі керектігін айтты.

Облыс әкімі мерейтой құрметіне арналған іс-шаралардың қазіргі заманның талабына, мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына сай ұйымдастырылуы керектігін де ескертті. Әсіресе, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» сынды мақалаларына сай шаралардың қамтылуын да тілге тиек етті.

Белгілі болғандай, мерейтойға байланысты әрбір ауданда Ақтөбе қаласының күндері өтпек.

Жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова: «Сүйікті қаламыздың 150 жылдық мерейтойын лайықты атап өту үшін іс-шаралар көлемі өте үлкен. Әрине, жоспарға аздап түзету енгізіп, қаланың 150 жылдық мерейтойы мен Жастар жылын біріктіріп, салтанатты түрде ашуға болады. Ұйымдастыру комитеті іс-шаралар жоспарын бекіткеннен кейін, әрбір басқарма өздеріне жүктелген шаралардың өтетінін, өткені жайында бұқаралық ақпарат құралдарында кең көлемде жариялағаны дұрыс. Ақтөбе жыл сайын 150-ге толып жатқан жоқ. Сондықтан бұл шараны көпшіліктің патриоттық рухын

көтеретіндей деңгейде халық арасында кеңінен насихаттауымыз керек, — деген ол әрбір ақтөбеліктің бұл шараға үлес қосатынына сенім білдірді.

Сол сияқты, жиында Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінің директоры Аманкелді Есіркепов Ақтөбенің тарихы өте бай екенін айта келе, мерейлі шараға дайындық жұмыстарын жүргізуде қала тарихымен таныстыратын Ю.Тарасенконың «Город. Годы. Люди. Жизнь» атты еңбегінен де көп нәрсе алуға болатынын сөз арасында атап кетті. Белгілі кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағамбетова соңғы екі-үш жылда қаламыздың ажарлана түскенін айтып, мерейтой құрметіне өз үлесін қосатынын, жалпы бұл шараға барлық бизнес құрылымдары атсалысуы керектігін айтса, «Зәру» пантоемдеу шипажайының басшысы Бану Тілегенова 150 жылдық мерейтойына орай Ақтөбенің 50 құрметті ардагерінің орталықта  он күн тегін ем алуына жағдай жасалатынын айтты. Ал облыстағы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Күлшат Масалимова жақында жұмыс сапарымен Түркияға барғанын, сол сапарда Аташехир ауданы  әкімдігінде болғанын айтып: «Бұл — Ыстамбұлдағы 36 әкімдіктің бесіншісі. Бұл әкімдік Ыстамбұлдың нақ қаржы орталығында орналасқан. Аудан әкімі алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жүргізу жайын айтты. Бұл жайында мен қалалық әкімдіктегілерге айттым. Қазір біз олардан хаттама да алдық. Алдағы уақытта тараптардың тәжірибе алмасуы секілді бірлесіп іс-шаралар өткізу жайы көзделеді. Сол сияқты, Ақтөбеден түрік үйін, ал сол жақта қазақ үйін ашу мүмкіндігі де бар. Меніңше, 150 жылдықтың құрметіне оларды шақырып, бірлескен шаралар ұйымдастырсақ,  бұл қызықты жоба болар еді», — деген ол  бұл бағытта ТМД елдерімен де бірлесіп жұмыс жасауға ұсыныс білдірді. Сондай-ақ, ол қауымдастық құрамындағы 75 іскер әйелдің мерейтойға үлес қосатынын да жеткізді.

Жиында Ақтөбе қаласының 150 жылдығына байланысты іс-шаралар жоспарын ұйымдастыру комитеті бекітілді. Оны облыс әкімінің өзі басқармақ. Жиналғандарға ұйымдастыру комитетінің мүшелері таныстырылып, дайындық жұмыстары пысықталды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button