Мереке

Астананың туған күні

Еуразия кіндігіндегі қазақтың Елордасы 12 жасқа толып отыр.

Жоғарғы Кеңес астананы ауыстыру туралы Қаулыны 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады, 1997 жылдың соңында ұлы көш басталды. 1998 жылы 10 маусымда жаңа Елордамыздың тұсаукесер тойы өтті. Астанамызды әлемге таныстырған сол күн қала мерекесі болып белгіленіп, былтырға дейін тойланып келді. Қазақстанның «Мерекелер туралы» заңына енгізілген түзетулерден соң, 2009 жылдан бастап шілденің 6-сы мемлекеттік мереке боп танылды.

Басты себеп — тарихи әділдікке жүгіну. Қалай десек те, Қаулы осы күні қабылданған. Жергілікті ауа райының да бұл шешімге әсері бар. Маусым айының басы Арқада жауын-шашынды әрі салқын болады. Оның үстіне, 6 шілде қазақтың ХХІ ғасырдағы жаңа Елордасының іргетасын қалап, шаңырағын көтерген Елбасының туған күні.

Үшқоңырдың перзенті

Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы, бұрынғы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында, қазіргі Қарасай ауданы, Үшқоңыр ауылында дүниеге келді.

Анасы Әлжан Нұрсұлтанды 35 жасында босанған екен. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Кемеңгер немесе Елбасы туралы тебіреніс» мақаласында Мырзатай Жолдасбеков былай деп жазады: «...Нұрсұлтан Назарбаев — түп атасынан, арғы тегінен батырлық үзілмеген, қазақ та­рихында қолбасшылығымен, билігімен, шешендігімен өшпестей із қалдырған қайраткерлердің ұрпағы. Бабалары — еңсегей бойлы Есім ханның туын ұстаған қолбасшы Қарасай батыр, Қарасайұлы Көшек батыр, Назарбай би. Әкесі Әбіш пен анасы Әлжанның тұла бойы тұң­ғы­шы, әулиеге түнеп жүріп, Құдайдан тілеп алған баласы.

Әлжан ана перзент көрмей, құрсақ көтермей, аяғы жеткен жердегі әулие­лерді аралап, ақыры Райымбек батырдың ба­сы­на кеп түнеген түні түс көреді… Түсін­де ен далада жүріп келеді екен. Жүріп келе­ді, жүріп келеді, ақыры көз ұшында сағымданып көрінген бір теңізге келіп жетеді. Теңіздің түбіне түседі, жүре береді, жүре береді, бір кезде теңіздің түбінде көлденең жарқырап жатқан ұзын мылтықты көреді. Мыл­тықты көтеріп алып, иығы­на салып, сол күйі теңізді кешіп отырып, арғы бетіне шығады…

Осы көрген түсін Әлжан ана ауылдағы абысын-ажындарына айтып береді. Олар Әлжан ананың түсін жақсылыққа жориды: «Құр­сақты болады екенсің, шекесі торсықтай ұл табады екенсің, өмірі күреспен өтеді екен», — дейді. Алла анамыздың тілегін беріп, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, дүниеге болашақ Президентті әкеледі».

Бала Нұрсұлтан бес жасқа келгенше әкесі Әбіш, анасы Әлжан, әжесі Тетебала таудың қойнауындағы Үшқоңыр жайлауында мал баққан. Сәби шағында Нұрсұлтан Әбішұлы негізінен әжесі Тетебаланың тәрбиесінде болған.

1967 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бiтiрдi. Экономика ғылымдарының докторы. Одан кейінгі жылдары Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеді. Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды. Одан соң Қарметкомбинаттың партком хатшысы, Қарағанды облыстық партия комитетiнiң хатшысы, 2-хатшысы болды.

1979-1984 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы болып, 1984-1989 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесiне төрағалық етті. Одан кейінгі жылдары Қазақстан КП ОК бiрiншi хатшысы, 1990 жылғы ақпан-сәуір аралығында Қазақ КСР Жоғары Кеңесiнiң төрағасы болды.

Нұрсұлтан Назарбаев — 1990 жылдың сәуірінен бастап Қазақстан Республикасының Президенті. 1999 жылдың 10 қаңтарында өткен жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесiнде Н.Назарбаев ҚР Президентi болып қайта сайланды.

2005 жылдың 4 желтоқсанында сайлаушылардың 91,5 пайызы дауыс беріп, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды.

Нұрсұлтан Әбішұлы — Қазақстан халықтары ассамблеясының төрағасы.

Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғары Бас Қолбасшысы, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының төрағасы, биылдан бастап ЕЫҚҰ-ның төрағасы.

Жұбайы — Сара Алпысқызы Назарбаева. Ол Халықаралық «Бөбек» балалар қайырымдылық қорын басқарады.

Президенттің үш қызы бар: Дариға — саясат ғылымдарының докторы; Динара Н.Назарбаев атындағы білімді қолдау қорын басқарады; Әлия бизнеспен айналысады әрі «Элитстрой» құрылыс компаниясын басқарады.

Мемлекет басшысы 2001 жылы кіндік қаны тамған жерін жырға қосты, әнші-сазгер Алтынбек Қоразбаев бұл өлеңге ән шығарды. Сөйтіп, қазір «Музарт» тобы орындап жүрген «Үшқоңыр әні» өмірге келді.

Мерей

2002 жылы 6 шілде күні ҚР халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші Мақпал Жүнісова да нәресте сүйді. Қазір сегізден асқан Мерей Заманбекқызы Алматыдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясында оқып жүр.

Интернет деректеріне жүгінейік: Мақпал Жүнісованың айтуынша, Мерей өте зерек. Ол төрт жасында-ақ 42 әріпті жатқа біліп, 100-ге дейін санауды меңгерген. Мерей әкесі Заманбек Қалабайұлының өлеңдерін жатқа оқиды екен. Жан-жақты болып өсіп келе жатқан Мерей бимен айналысып, өзге тілдерді меңгеріп, пианинода ойнауды үйреніп жүр. Анасына еліктеп, домбыра да тартады. Теледидардан көріп жүрміз ғой, кейде үлкен сахналарға шығып, ән де айтады.

Әнші Мақпал Жүнісова:

— Мұңайсам да, қуансам да кішкентай балапаным қасымнан табылады. Мерей — біздің базарымыз да, ажарымыз да. Көңілге жұбаныш. Алғыр, пысық болып өсіп келеді. Кейде әкесінің суретіне қарап әңгімелеседі. Әкесі қайтыс болғанда 3 жастан асқан болатын, бірден ер жетіп кетті де, қазір мені демейтін де, керек кезде жұбататын да осы Мерейім, — дейді.

Шетел

Буш пен Сталлоне — құрдас

АҚШ-тың 43-інші Президенті Джордж БУШ 1946 жылдың 6 шілдесінде дүниеге келді.

Оның балалық шағы Мидлэндте және Хьюстонда, Техас штаттарында өтті.

Оқу үлгерімі мақтанарлық болмаса да, жетекші жоғары оқу орындар — Йель университетінің бакалавры және Гарвард университетінің магистрі атанды.

Әкесі, үлкен Буш құрған «Череп и кости» зиялы студенттер ұйымының мүшесі болды. Вьетнам соғысы жылдарында Техастағы ұлттық гвардия эскадрильесіне ерікті боп кіріп, ұшқыш қызметін атқарды.

1975 жылы Джордж Буш мансапты мұнай және газ индустриясы саласынан бастады, энергетикалық өнеркәсіпте 1986 жылға дейін жұмыс істеді.

Сондай-ақ «Texas Rangers» атты бейсбол клубының бас инвесторы болды.

Ол — 1994 жылы Техас штатының 46-ыншы губернаторы болады, төрт жылдан соң осы орынға қайта сайланады. Губернатор кезінде жергілікті бақылау, жеке жауапкершілік принциптеріне негізделген саясатты құрушы консерватор ретінде танылады. Мемлекеттік мектептерді қаржыландыруға басымдық беріп, қылмыстық заңнамаларды қатайтып, салықты төмендетеді.

2001 жылдың 20 қаңтарында кіші Джордж Буш АҚШ-тың 43-інші Президенті болып, қызметке кіріседі. Оның президенттік мансабына 2001 жылы 11 қыркүйекте болған терроршылар әрекеті әсер етеді. Ол 2004 жылдың 2 қарашасында АҚШ-тың Президенті боп қайта сайланады.

20 жасында сол кездегі мұғалім әрі кітапханашы бойжеткен Лауре Уэлчке үйленеді. Дженна және Барбара есімді егіз қыздары, сондай-ақ иті және екі мысығы бар.

***

Сильвестр Сталлоне 1946 жылдың 6 шілдесінде АҚШ-тың Нью Йорк штатында дүниеге келді. Актер, режиссер, сценарист.

1976 жылға дейін ол кинолардың эпизодтарындағы елеусіз рөлдерге түсті. Тек сол жылы түсірілген «Рокки» фильмі ғана оны жұлдыз етті. Бұл киноның сценарийін өзі жазды. Әрі өзі туралы. Сценарийін сатып алушыға бір ғана талап қоя отырып,  азғантай ақшаға сатты. Талабы — басты рөлде өзі ойнау еді.

Шағын бюджетті фильм «Оскар» бәйгесінде ең үздік фильм атанып, Сталлоне үздік сценарийі мен ең үздік ер адам рөлі номинацияларын жеңіп алды.

«Рокки» фильмінің сәтті шыққаны соншалықты, көрермендер оны Рокки рөлінен басқа рөлдерде көргісі келмеді. Сондықтан да, «Ночные ястребы» және «Победа» (1981) фильмдері күткендегідей пайда әкелмеді.

Ал «Первая кровь» (1982) фильмі күтпеген табысқа кенелтті. Сөзге сараң, «крутой» Джон Рэмбо тағы да «Рэмбо: Первая кровь, часть 2» (1985) и «Рэмбо 3» (1988) фильмдеріне кейіпкер болды.

Сильвестр комедиялық киноларға да түсіп, тағы бір қырынан танылды. Мәселен,

«Стой, а то моя мамочка будет стрелять» (1992) фильміне де түсті.

Актер ресми түрде екі рет үйленді, ал ажырасу процестері баспасөз беттерінде жарияланып отырды. Мәселен, бір баласымен қалған бірінші әйелі Саша Сталлонеден «алимент» үшін 33 миллион доллар талап еткен. Ал екінші әйелі — белгілі дат актрисасы, әнші Бриджит Нильсенмен («Кобра» фильміне қатар түсті) ажырасуы барлық баспасөзді назар аудартты, алайда Бриджет тек миллион доллармен ғана шектелді.

Отбасылық өмірдің ащы дәмін татып қалған Сталлоне әзірге шаңырақ көтеруге асықпай отыр. Оның уақыты өте тығыз: ол киноға көп түседі, сценарий жазады,

балет қоюды армандайды.

2004 жылы «Претендент» бокстық реалити-шоуының құрылуына қатысып, жүргізді. Жыл соңында «Претендент» америкалық экранға шықты. Ал 2005 жылы Сталлоне «SLY» атты ерлер журналын шығарды, редакторы — өзі.

Сондай-ақ ол «Рэмбо» фильмінің төртінші бөліміне және «Рокки» фильмінің алтыншысына түсуге уәде берді.

***

Сен туған күн — мерекеміз!..

Әр жылдары 6 шілде күні шыр етіп дүние есігін ашқандар туған күндерінің бір жылдары мемлекеттік мереке боларын білген жоқ.

Сондай қасымызда жүрген Астана күні мен туған күнін қатар тойлайтын туған күн иелерінің бірі — «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның хатшысы Сандуғаш Жаңбырбаева. Анасы Райханның айтуынша, 1988 жылы шілде айы өте ыстық болыпты. Ол кезде Жаңбырбаевтар отбасы бұрынғы Қарабұтақ ауданы, «Талдық» кеңшарында тұрады екен. Сол жылы 6 шілдеге қараған түні анасы Қарабұтақ перзентханасында Сандуғашты дүниеге әкелді. Екі ағасы, бір апасы бар. Ал балалардың кенжесі Сандуғаш ерке боп, бұлаңдап өсті.

Сандуғаш бұған дейін 6 шілде мереке боп тойланбаса да, кейде достар арасында бұл күні Елбасымыздың, сондай-ақ кіші Буштың туғанын айтып, сондай-ақ өзінің де осы күні туғанымен мақтанып қоятынын да жасырмайды.

Әдемілікке жаны құмар сұңғақ бойлы, талдырмаш бойжеткен сурет салғанды және ән салғанды ұнатады. Әзірге ол жастардың арман қаласы — Астанаға қыдырып бара қоймапты. Жыл сайын Астана күні өзінің туған күнімен тұспа-тұс келетін Сандуғаш: «Алдағы уақытта туған күнімді Елордамыз Астанада өткізгім келеді», —  дейді.

P.S. Анам Сараның айтуынша, 1981 жылдың көз аштырмас жаңбырлы күні — 6 шілдеде бұрынғы Қарабұтақ ауданында дүниеге келіппін.

Бала күнімде мен де достар арасында мақтанушы едім: мен туған күні Джордж Буш туды деп. Ол кезде «Рэмбо» фильмін көреміз, басты рөлдегі Сильвестр, әрине, танымал. Оның туған күнін жатқа білетін балалар маған қызыға қарайды. Қазір күліп айтып отырамыз.

Тәуелсіздік алған жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының да 6 шілде күні туғанын білдік. Одан кейін, міне, енді Астана күнін мемлекеттік мереке ретінде атап өтіп жатырмыз. 12 жасқа толып жатқан Астана үшін оның қазіргі күйі — үлкен жетістік. Мәселен, Елбасымыздың өз идеясымен бой көтерген «Бәйтерек» кешені және мұхиттардан алыс жатсақ та «Думан» ойын-сауық кешенінде орын тепкен океанариумның өзі бір бөлек әңгіме.

Ендеше, туған күндеріңіз құтты болсын, 6 шілде күні туғандар!

Бетті әзірлеген Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді қазақ халқының бағы, маңдайдағы жарық жұлдызы болып дүниеге келген қасиетті туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймыз.Деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, еліміз тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгі берік болсын дейміз.Менің кішкентай қызым теледидардан сізді көрсе ойынын тастай салып Наз ата-деп жүгіріп келеді. Жалауымызды:- менің елім- дейді.Есейгенде әнші әрі дәрігер болуды армандайды.Сәбилеріміздің асыл армандары орындалуына бар биіктіктерді бағындырған ақ патшамызға алла тағалам ұзақ өмір сыйласынІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button