Білім

«Самғау» — болашақтың баспалдағы

Форум

Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде әр жылдары бітірген 200 түлек бас қосқан «Самғау» форумы өткізілді. Кездесу мақсаты — түлектер мен мектеп арасында белсенді қарым-қатынас орнату, бейресми, нетворкингтік кездесулер ұйымдастыру.

Іргесі 2013 жылы қаланған заманауи білім ордасын бітірген түлектер биыл жоғары оқу орнының 4-курсында оқып жатыр. Оқушылар түрлі сала бойынша білім алып жатқан түлектермен пікірлесіп, қазіргі қоғамға қажетті мамандықтар туралы әңгімелесті.

«Мектебімізді бітірген түлектердің жоғары нәтиже көрсететініне сенімдіміз. Дегенмен, олар білімі мен қажыр-қайратын Қазақстанның, оның ішінде, туған өлкеміздің дамуына жұмсаса деген тілегіміз бар. Осы мақсатта форумға түлектерге берілетін мүмкіндіктермен таныстыру үшін аймаққа белгілі мекеме басшыларын да шақырдық», — дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Сабыржан Сәдуақасов.

Форумға қатысушылар мемлекеттік органдардың және ірі кәсіп иелерінің өмір жолы мен XXI ғасырдағы жас маманға қойылатын талаптар туралы да баяндады. Мектеп түлектеріне Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов пен «Дастан» компаниялар тобының басшысы Асхат Айтжанов заманауи экономиканың және кәсіпкерліктің даму жағдайы туралы айтты.

«Біз жыл сайын өңірдегі бизнес ахуалды анықтайтын әртүрлі талдаулар жасаймыз. Бүгінгі таңда өңірде 53,2 мың шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Онда 134 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл — экономикалық белсенді тұрғындардың 30%-ы деген сөз. Олардың 60% сауда және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Жалпы экономиканың 44%-ы өңдеу өнеркәсібне тиесілі. Міне, осы салалардың барлығына кәсіби мамандар қажет. Сонымен қатар жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша еңбек нарығында әлі де болса IT мамандары мен инженерлер, ауыл шаруашылығы, медицина және жұмысшы мамандары жетіспейді. Сондықтан осы салаларды таңдасаңыздар, қателеспейсіздер», — деді Нұрлыбек Мұқанов.

Форум соңында Кәсіпкерлер палатасының директоры жекелеген түлектерге өңірдің бизнес қажеттіліктері мен саланың даму мүмкіндіктері туралы арнайы дәріс өткізді. Түлектер компания өкілдерімен визитка алмасуға және мансап туралы әңгімелесуге мүмкіндік алды. Форумға қатысушылардың барлығы да бұл шараның өңірдегі жаңа инновациялық бастамаларға серпін беретініне сеніммен тарасты.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button