Мереке

Астананың айбынын асқақтатқан Әлия

Сарыарқаның  төсінде бой көтерген  Астананың Астана болғанына да он екі жылдың жүзі болыпты. Тәуелсіз елдің  Елордасы Астананың  ай сайын не күн сайын  емес, сағат сайын өсіп,  гүлдей жайнап, жарқырап бара жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Астананың көркеюіне аймақтардың да үлесі аз емес. Астананың 10 жылдық мерейтойында әр облыс  тойға шашу ретінде бір-бір тамаша ескерткіштен тұрғызып берді.   Әсіресе, Ақтөбе облысы тарапынан көрсетілген сый – «Әлия» монументальды кешені алыстан көз тартады. Отан үшін он тоғызында опат болған, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың еңселі ескерткіші  Астанаға айрықша көрік беріп, қала халқының бір соқпай өтпейтін   орнына айналды.   Астананың Жеңіс даңғылы мен Әлия Молдағұлова атындағы көшелерінің қиылысында  бой көтерген  ескерткіштің авторлары  — мүсіншілер,  Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбішев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ескен Сіргебаев, сәулетшілері  В.Кацев, Ж.Айнабеков.

«Астана» сауда  орталығы

«Астана» сауда орталығы  ығы-жығы халық пен көлік көп жүретін  орталық базардың қасында орналасқан. Сондықтан болар, саудасы да қызып тұр.  Көркем келбетімен көз сүйсіндіретін бұл жерге бас сұғатындар көп, күніне  мыңдаған адамдар келіп-кетіп жатады.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

***

Астананың туған күніне аттанды

Ақтөбеден  бір топ өнер адамдары  Астананың  туған күніне  арнайы  шашу ретінде даярлаған концерттік бағдарламасымен бірге   театрландырылған қойылымын алып  бара жатыр. Отыздан астам адамнан тұратын бұл топтың ішінде  «Актюбинский вестник» газетінен әріптесіміз Гүлсім Назарбаева, Т.Ахтанов атындағы драма театрдың, Ғ.Жұбанова атындағы  филармонияның  артистері бар.  Филармония жанындағы «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық және «Аққу» би анмсамбльдері өнер көрсетеді. Ақтөбенің танымал өнер жұлдыздары Қанат,Светлана Айтбаевтар,  Марат Әйтімов, Перуза Нарман, Жадыра Арыстановалар Астана аспанын әнге бөлемек. Концертте  Қанат Айтбаевтың «Астана вальсі», Мұхтар Жанғазиевтің «Астана» әндері шырқалады.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

***

Астана — Қобданың жүрегі

Қобда ауданының орталығындағы Астана көшесі бұрын кеңес өкіметі кезінде Ленин көшесі деп аталды. Оның қай уақыттан олай аталғанын қазір ешкім білмейді. Әйтеуір, кішкене лашықтары мен жертөлелері бар аудан құрылған 1929 жылы бұл көшенің болмағаны рас. 1997-1998 жылдары мемлекетіміздің бас қаласы Астана бой көтергенде еліміздің түпкір-түпкірінде болашағы жарқын қаланың атауы көшелерге беріле бастады. Сол уақыттарда ауданның орталықтағы бас көшесіне де Астана атауын беру туралы ономастикалық комиссияның шешімі шықты.

Астана көшесінің бойында Шәріп молда мешіті, аудан әкімдігі, «Қазақтелеком», орыс орта мектебі, аудандық қорғаныс бөлімі, жабық базар ғимараттары, сауда орындары, дүкендер орналасқан. Өткен жылы ауданның 80 жылдық мерейтойына байланысты осы көшеде бой көтерген спорттық сауықтыру кешенінің зәулім ғимараты биыл іске қосылады. Елбасының «Болашақ» бағдарламасы арқылы Лондонда оқып жүріп көп жетістікке қол жеткізген Айнұр Сүлейманова ұшақ апатынан қаза болғаннан кейін жерлестері білім қуған қазақ қызының атын берген орталық саябақ та осы көшенің бойында тұр. Қазір жастар демалатын орынға айналған саябақ 11 жыл бұрын ауданның 70 жылдық мерейтойында ашылды. Қазір жасыл желекке оранған парк жастар демалатын орынға айналды, онда Қобданың қасиетті топырағынан жаралып, ел қорғаған Қобыландыдай баһадүр батырларға, Ұлы Отан соғысында ерлігімен танылған қобдалықтарға қойылған ескерткіштер бар.

Осы көшедегі үйлердің тұрғындары ауласының іші-сыртын, үйлерін таза ұстауға, тал отырғызып, гүл егуге әбден бейімделіп алған. Жыл сайын көктем шығысымен асқақ Астананың атымен аталған көшенің сәнін келтіруге бірінші болып кірісетін де осы көшенің тұрғындары.

— Менің отбасымның осы көшедегі екі қабатты үйде тұрғанына 20 жылдай болып қалды. Ленин көшесі болғанда да аудан әкімдігі  орналасқандықтан болар, орталықтың бас көшесі ретінде қарап, көршілерімізбен бірге тазалық жағына қатты мән бердік. Ал беріде Астана болып өзгерген кезде көшеге деген құрмет одан сайын артты. Соңғы жылдары Астананың өзіндей көшеміз құлпырып кетті. Өткен жылы ауданның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарушы биліктің тезге салуының арқасында көше әктеліп, сырланып, жасыл көшеттер отырғызылып, Елбасымыздың суреті бар баннерлер ілініп әдемі болып кетті. Біз, осы көшенің тұрғындары, көше тазалығына асқан жауапкершілікпен қарауды әдетке айналдырдық. Ауданымыз тоғыз жолдың торабына алып шығатын Самара-Шымкент тас жолының бойында орналасқандықтан, жолаушылар да, қонақтар да осы көшенің бойымен өтеді. Үйдегі кішкентай немерелерімізге тілі шыққан бойдан  Астана көшесінің тұрғыны екенін үйретіп қоямыз. Бұл патриоттық тәрбие берудің үлгісі деп санаймын. Бір сөзбен айтқанда, Астана қаласы — Қазақстанның жүрегі, Астана көшесі — Қобданың жүрегі, — дейді осы көшенің қарт тұрғыны Әділ Құлбарақов.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

***

Ұлтымыздың көшбасшысы —  Нұрсұлтан Назарбаев

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 70  жасқа толу мерейтойына орай  Ақтөбе облыстық С.Бәйішев  атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының ақпараттық-библиографиялық бөлімі дайындаған  «Ұлтымыздың көшбасшысы — Нұрсұлтан Назарбаев» атты библиографиялық көрсеткіш жарыққа шықты.

Онда Елбасының қысқаша өмірбаяны, ғылыми-саяси және  мерзімді басылымдар бетінде жарық көрген еңбектері жинақталды. Н.Назарбаевтың  кітапхана қорындағы  1991- 2009 жылдардағы  еңбектері, 2002 -2010 жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары, «Елбасы жолдады — елі қолдады»  атты ҚР Президентінің Қазақстан халқына 1997 жылдан бергі жыл сайынғы кезекті Жолдаулары  туралы әдебиеттердің тізімі қамтылған.

Ел мен жер, қоғам ортақ болғанымен, әр адамның өмірдегі жолы өзінше бір әлем. Демек, әр заманның өз кейіпкері, өз тұлғасы болатыны заңдылық. Мемлекеттік, ұлттық деңгейдегі осындай мың сан өзгерістерге өлшем болған егемен Қазақстанның тұңғыш Президенті, туған халқын тәуелсіздіктің сара жолымен бастап келе жатқан азамат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарих тудырған тұлға екені хақ.

Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновтың: «Қазақтың да өзге ұлттармен жарысатын кезі келді», — деген сөзі бар. Сол кез дәл осы уақытта, тәуелсіздік таңымен, замана өсірген, дәуір тудырған тұлға Н.Назарбаев көшбасшымыз болғанда туды. Қазақстанды «жер бетіндегі бейбітшіліктің көшбасшысы» деп әлем елдері мойындап отыр.

Елбасы әлемдегі дамыған мемлекеттердің бай тәжірибесін таразылай отырып, тәуелсіздігін жаңа алған еліміздің жаһандық өркениет көшіне қосылуының бірден –бір дұрыс жолын нұсқап және жүзеге асыруды өз жауапкершілігіне алып, оны жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында егжей-тегжейлі баяндап келеді.

Қазақстан Орталық Азияда маңызды рөл атқарады, өйткені ол тұрақтылықтың темірқазығы болып табылады. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін ТМД-дағы тұңғыш ел ретінде Ұйымның болашағын айқындауда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі шешуші болды…

М.АЛЕНОВ,

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми  кітапханасының

ақпараттық-библиографиялық бөлім библиографы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button