Жаңалықтар

«Сауықтыру мен демалу орындарын көптеп ашу керек…»

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы жаңа әлеуметтік нысандарды аралады.

Алдымен облыс әкімі Украинка ауылында 300 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептің құрылысымен танысты. Екі қабатты ғимаратта балалардың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалмақ. Мектепте асхана, спорт зал және акт залы бар. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жеделсаты мен автоматтандырылған пандус та қарастырылған. Бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, коммуникация жүйесі жүргізілуде. Нысан биыл ақпан айының аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биылғы жылы облыста 11 мектептің  құрылысы аяқталып, сондай-ақ Ақтөбе қаласында, Темір, Қарғалы және Шалқар аудандарында жаңа 6 мектеп бой көтереді. Жалпы Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірдегі үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін 2020 жылға дейін шешу жоспарлануда.

Бұл күні Бердібек Сапарбаев Ақтөбе мұнай және газ колледжінің спорттық-сауықтыру кешенін қарап шықты. Бүгінде мұнда шаңғы жолы мен сырғанағы бар қысқы спорттық база жұмыс жасайды. Қазіргі таңда демалыс үйі мен спорт алаңының, жағажай аймағының құрылысы жүріп жатыр. Кешеннің аумағын қарап шыққан облыс әкімі қаланың спорттық-сауықтыру инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

— Мұндағы табиғат тамаша: талдар көп, ауасы таза, Қарғалы өзені жақын. Келешекте қаланың осы бөлігінде 400 мыңға тарта адам тұратын болады. Сондықтан барлық мүмкіндікті пайдаланып, сауықтыру мен демалу үшін көптеген жаңа орындар ашу керек, — деді Б.Сапарбаев.

Бұдан кейін облыс әкімі Заречный-3 ауылында жаңадан ашылған «Арлан» спорттық-сауықтыру кешеніне барды. Кешенде футбол залы, таэквондо, грэпплинг, өзін-өзі қорғау және қоян-қолтық ұрыс, хореография, көркем және эстетикалық гимнастика секциялары бар. Кәсібін енді бастаған кәсіпкер кешеннің құрылысына 100 млн теңге қаражат жұмсаған. Күн сайын мұнда 400 адамға дейін спортпен шұғылдана алады.

Облыс басшысы тез тұрғызылатын және үнемді спорт кешендерін жер-жерде, әсіресе, қаланың шетінде және ауылдық елді мекендерде ашу керектігін атап өтті. Себебі мұндай кешендер бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеп, халықты, әсіресе, жастарды дене шынықтырумен және спорттың жаппай түрімен айналысуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button