Мереке

Бүгін — Рождество мерекесі

Биыл да дәстүр бойынша қазақстандықтар әлемдегі барлық православ христиандарымен бірге Рождество мерекесін атап өтеді. Рождество — Иисус Христостың туған күні. Христиандар бұл мерекені жиырма ғасыр бойы тойлап келеді. Рождество мейрамын католиктер 25 желтоқсан күні, ал православтар

7 қаңтарда тойлайды.

Біздің елімізде адамдарды мейірімділікке, ізгілікке шақыратын, сүйіспеншілік пен рақымшылыққа баулитын барлық діндерге бірдей құрметпен қарайды. Рождество түнінде дүние жүзінің православтары шіркеулер мен ғибадатханаларда құлшылық етіп,  жарық жұлдыздың көрінуін күтеді. Сиқырға толы бұл түні барша христиандықтар бір-бірін құттықтап, жылы сөздерін, тілектерін арнайды.

Аңыздарға сүйенсек, осыдан екі мың жыл бұрын қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні Иосиф пен Марияның отбасында Иисус есімді ұл дүниеге келген. Иисустың алдына бүкіл әлемді өзгерту міндеті тұрады. Барлық адамзат баласын құтқарушысының қай жерде, қашан өмірге келетіндігі алдын ала белгілі болып, ол дүниеге келер түні Вифлеемде өмірге келген барлық нәрестелер Ирод патшаның бұйрығымен өлтіріледі. Бірақ періштелердің қолдауымен Иисус жарық дүние есігін ашады. Болашақ құтқарушы туған сәтте аспанда ерекше сәбидің дүниеге келгенін паш еткендей жарық бір жұлдыз пайда болады. Осыдан келіп Батыс елдері бұл түнді ерекше мереке ретінде атап өтеді. Бұл түнде рождество алдындағы ауыз бекіту аяқталып, дәстүрлі тағамдарға толы мерекелік дастарқан жайылады.

Айта кету керек, Рождествоның негізгі мағынасы — сүйіспеншілік, бейбітшілік, рақымшылық, кешірім және өзгелерге жақсылық жасау.

Биыл облыста Рождество мерекесінде қала тұрғындарына арналған бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Атап айтсақ, бүгін сағат 14.00-де облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында украиндардың «Оксана» ұлттық-мәдени орталығы «Рождествоны бірге өткізейік!» атты концертін өткізсе, кешкі сағат 18.30-да Өнер орталығында «Кристалл» жексенбілік мектебінің мерекелік шарасы өтеді.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button