Экономика

Кәсіпкерлер қытайлық инвесторлармен кездесті

Облыстық кәсіпкерлер палатасында ақтөбелік кәсіпкерлер Қытайдың Тяньцзин қаласының мемлекеттік ет өнімдері корпорациясы өкілдерімен кездесті.

Басқосуға қытайлық Xinjiang Sunshine International Trading Ltd компаниясының басшылары мен аймақтағы мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін «Тандем», «Жаңа тұрмыс» және «Жантізер» серіктестіктерінің өкілдері өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов жобаның маңыздылығына тоқталды. Қытай инвесторлары облыста ет өнімдерін сатып алып қана қоймай, оны өндіруді көздейтінін жеткізді. Атап айтқанда, олар асылтұқымды малды көбейтіп, ет комбинатының құрылысын бастау үшін 20 миллион АҚШ долларын бөлуге әзір.

Біз бұл жобамызды Пекин қаласында Ақтөбе басшылығымен бірігіп өткізген форум аясында жүргізіп отырмыз. Ақтөбе облысы — мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Негізінен, ет өнімдеріне, соның ішінде, қой және сиыр етіне басымдық беріледі. Жылына 5 мың тонна қой еті мен осынша мөлшерде сиыр етін сатып ала аламыз. Жоба осы жылы жүзеге асырылуы тиіс, — деді Xinjiang Sunshine International Trading Ltd компаниясының бас директоры Lei Jun мырза.

Қытайлық инвесторлардың айтуынша, бүгінгі күні жергілікті билікпен арада осы мақсатқа байланысты жер бөлу туралы келіссөздер жүріп жатыр. Алдағы уақытта шетелдік корпорация  мал шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару үшін облыста ірі ауылшаруашылық кәсіпорындарын құруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар мал басын көбейту мен асылдандыруға да мән беріледі. Кәсіпкерлер бұл ұсыныстың тиімді тұстары бар деп есептейді.

Бұл жоба мемлекет үшін де, кәсіпкерлер үшін де тиімді болары сөзсіз. Қытайлық компаниялардың қарастырып отырған инвестициясын пайдалану керек деп есептеймін. Бұл мемлекеттің жыл сайын бөліп отырған субсидия, несие үшін беретін қомақты қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай кездесулер арқылы шетелдік сатып алушылармен делдалдарсыз тікелей байланыс жасайтын боламыз деп ойлаймын, — деді «Жаңа тұрмыс» ЖШС басшысы Марат Көбиев.

Кездесу нәтижесінде тараптар келісімшарт талаптарын талқылау үшін байланыс нөмірлерімен алмасты. Сонымен қатар қытайлық инвесторлар алдағы күні «АкТеп» ЖШС және «Рамазан» ұн комбинатының жұмысымен танысатын болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button