Жаңалықтар

Ойын ойнады, сыйлық алды

Өткен жұма күні Ақтөбе қаласындағы «Юрта» мейрамханасында Алматы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен жетім, аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңажылдық шырша өтті. Оған 150-ге жуық бала қатысты.

Шарада Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова балаларды мерекелерімен құттықтады.

Биыл Ақтөбе қаласында Жаңа жыл мерекесі ерекше өткізіліп жатыр. Бес ауданға шырша орналастырылып, қаламызда мыңдаған ертеңгіліктер, жаңажылдық шыршалар ұйымдастырылып жатыр. Осы іс-шараларға қаламызда 5 мың бала қатысып отыр. Ал бүгінгі шараны ұйымдастырып отырған Алматы ауданы әкімшілігі, «Меркурий» компаниясы және «Юрта» мейрамханасына қала әкімдігі атынан ерекше алғысымызды айтамыз. Балалар, сіздерді қала әкімі атынан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Армандарыңыз орындалсын, дендерің сау болып, үлкен азамат болыңдар! Әрқашан аспанымыз ашық, күніміз жарқын, отбасымыз аман болсын! — деді К.Айдарханова.

Бұдан кейін шыршада балалар «Шырша жырын» айтып, ортада «Шаңғы» ойынын ойнады. Шырша маңына жиналған балалар ән айтып, би билеп, өз өнерлерін көрсетіп, Аяз ата мен Ақшақардан ерекше сыйлықтар алып, мәз болды.

Қаладағы бірқатар кәсіпкердің қолдауымен жасалған бұл игі шарада балаларға жаңажылдық сыйлықтар үлестіріліп, ақ тілектер айтылды.

Аталған жаңажылдық шыршаға қатысқандардың бірі — Ақтөбе қаласындағы №60 орта мектептің 4-сынып оқушысы Сабрина Серікова. Көпбалалы отбасынан шыққан ол шыршада тақпақ айтып, Аяз атадан сыйлық алыпты.

— Мен жыл сайын Жаңа жыл мерекесін ерекше күтемін. Себебі жаңажылдық ғажайыптарға сенемін. Аяз атаны өте жақсы көремін. Ол Жаңа жылда балалардың тілегін орындап, бізге қуаныш сыйлайды. Біз отбасымызбен жыл сайын Жаңа жылды үйде қарсы аламыз. Бүгінгі шыршаға келгеніме өте қуаныштымын. Осы шараны ұйымдастырған аға-апаларға рақмет! — дейді Сабрина.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button