Жаңалықтар

Біз бірге келеміз!

Оқырман ойы

Мен ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттім. Кеңестік шаруашылықтар кезінде ауылдағы жұмыстың дені техникамен атқарылғаны белгілі. Бір кеңшардың өзінде автомобильдер, тракторлардың бірнеше маркілері болатын. Олардың жарақтылығын бақылау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарымен шұғылданатын техникалық қадағалау мекемесі болды. Мен ұзақ жылдар Байғанин ауданында осы мекемені басқарып, қызмет бабымен барлық шаруашылықтарды жиі аралап тұруыма тура келді.

Әрине, елді аралаған соң адамдармен кездесесің, олармен пікірлесесің. Сол уақытта жұртшылықтың газет-журнал оқуға құштарлығы ерекше болатын. Мәселен, шөп шабу науқаны кезінде дала қостарына пошта тұрақты қатынап тұрушы еді. Механизаторлар жұмыстан қолы босаған сәтте газетке үңіліп, жаңалықтарды оқып, өзара пікірлерін білдіріп жататын.

Мұны неге айтып отырмын? Баспасөздің қажеттілігі бүгінгі күні де бәсеңдеген жоқ. Өйткені, адам баласы күнделікті тіршілікте материалдық игіліктермен бірге рухани сұраныстарға да қардарлығын білдіріп отырады.

Мен облыстық «Ақтөбе» газетінің көп уақыттан бергі оқырманымын. Газеттің «Коммунизм жолы» аталуы кезінде де жанымызға жақын болған басылым бұл.

Газеттен ауыл шаруашылығы проблемаларын жиі оқитынымыз жадымда. «Малшының мың бір мұқтажы» деген тақырыпта үлкен әңгіме қозғалып, соңында облыстық партия комитетінің бюросында осы мәселе қаралып, ауқымды шешімдер қабылданды.

Бүгінде уақыт өзгерді, оқырман талғамында да өзгешелік бар секілді. Соған қарамастан бүгінде алдыңғы буын сапына іліккен біздің тұстастарымыз бұрынғысындай газет-журналдар оқуды тоқтатқан жоқ.

Биыл тоқсан бес жылдығын атап өткелі отырған «Ақтөбе» газеті біз үшін сенімді серік, үзеңгілес жолдас секілді. Өйткені біздер қаншама уақыт бойы бірге келеміз.

Газет бетіндегі «Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін» айдарымен берілген мақалаларды өз басым үзбей оқимын. Бір кездері белсенді еңбек еткен, өмірдің қиын-қыстау сәттерін бастан өткерген ақсақалдарымыз тіршіліктен түйгендерін, тұжырым-ойларын кейінгі жастарға жеткізуі қандай жарасымды. Шынында да, өткеннің өнегесін, үлкендердің ұлағатын солар айтпағанда кім айтады?!

«Ақтөбе» газетінің бетінен біз іздегенімізді табамыз. Ауыл тіршілігі алақандағыдай қолымызда. Қаладағы өзгерістер, жақсы жаңалықтар газеттің әр бетінен көрініс табады. Көңіліміздегі көптеген сауалдардың жауабы да осыннан табылып жатады.

Алдағы уақытта газет көтеретін мәселелер аз емес деп ойлаймын. Сол қатарда тәлім-тәрбие жайы да қағыс қалмаса екен деп ойлаймын.

Мырзабай БЕРДІБАЕВ,

еңбек ардагері.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button