Жаңалықтар

Ақынға арналып кабинет ашылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетінде «LINGUISTICS-UP және сандық технологиялар» жобасы аясында Амантай Өтегенов атындағы кабинет ашылды. 

Аталған шараға зиялы қауым өкілдері мен университеттің оқытушылары, студенттері қатысты.

Шарада белгілі ақын, аудармашы Амантай Өтегеновке арнап ашылған кабинеттің лентасын ақын, публицист, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы мен филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев қиып, ардагер ұстаздар шашу шашты.

Кабинеттің ашылу рәсімінде университет ректорының ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров оқу орнында жергілікті ақын-жазушыларға, белгілі тұлғаларға арнап кабинет ашу бүгінгі күні дәстүрлі үрдіске айналғанын, бұл өз кезегінде студенттердің жан-жақты болуына, өңірдің тарихы мен тұлғаларын тануына зор ықпал ететінін жеткізді.

Шарада ақын, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы ақынның әдебиеттегі орны ерекше екенін айтып, өз лебізін білдірсе, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Мәрзия Жақсығарина ақын туралы өз естеліктерімен бөлісіп, Амантай Өтегеновке арнаған экслибрисін сыйға тартты. Сондай-ақ шарада ақынның жары Орынгүл Тургенова университет басшылығына алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.

Айта кету керек, Амантай Өтегенов атындағы кабинет заманауи ақпараттық технологиялармен жабдықталған. Кабинет қабырғасына ақын шығармаларына арналған QR-коды бар стенд орналастырылған. Студенттер стенд арқылы ақынның жинақтарымен танысып, ақпарат ала алады.

Шара соңы ақынның шығармашылығына арналған әдеби кешке ұласты. Онда ақынның өлеңдері оқылып, поэзиялық марафон жеңімпаздары марапатталды.

 Данагүл ТАУАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button