Мереке

Қызығы мол сол жылдар

«Қазақстан – Ақтөбе» – 50

(Жалғасы. Басы №62-63, 71-72, 74-75 сандарда)

Іссапарда

1966 жылы облыс халық шаруашылығының қай саласы болмасын, жақсы жұмыс істеді. Әсіресе, С.М.Киров атындағы Ақтөбе химия, Дөң кен байыту комбинаттары, басқа да кәсіпорындар жетіжылдық жоспарларды мерзімінен бұрын орындады. С.М.Киров атындағы Ақтөбе химия комбинаты минералды тыңайтқыштарды өндіруде жоғары табыстарға жеткені үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Бұл кәсіпорында қазақ кадрларының бар екенін бұрыннан білетінмін. Одан талай хабарлар ұйымдастырылды да. Ал басқалар ше?

Телехабар сол уақытта әсерлі, тартымды болады, егер онда адамдар сөйлеп, өндірістік табыстары жайлы сыр бөлісіп жатса. Бірақ сол кадрларды табу бізге оңайға соқпайтын, барларының өзі қазақша дұрыс сөйлей алмайды. Сондай кадрларды іздеп, аласұрып жүргенімде Ақтөбе автокөлік жөндеу зауытынан Петр Тұрмағамбетовті, сыр-бояу зауытынан Биясылов (атын ұмыттым), басқа да мамандарды тапқаным бар-ды. Петр Тұрмағамбетов – зауыт директоры. Бір күні екеуміз оның кеңсесінде кең жайыла отырып әңгімелестік, кейін түсіру тобымен келетінімді айтып, ескертіп кеткенмін. Режиссерлермен кеңесе келе Бәкеңді студияда емес, цехтың өзінде сөйлетуді жөн көрдік. Бұл үшін, әрине, киноға түсіру керек, бірақ оған әрі кетсе екі минут қана уақыт беріледі және дыбыс естілмейді.

Ойланса, ізденсе адам баласының таппайтын айласы болар ма, сірә. Радиожурналистердің портативті диктофондары бар болатын. Оның өзі әжептәуір ауыр нәрсе, белбеуін иыққа салып, асынып алып жүресің… Содан зауытқа жетіп келдік. Оператор және оның жарық берушісі бар, ондаған метрге созылатын кабель, кемінде екі прожектор – осының бәрі жеңіл жүк емес. Оператор Андрей Бекешев ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей ірі жігіт болатын. Әлгі жабдықтар оған бұйым ғұрлы көрінбеді. Шынашақтай, арық жарық беруші бала жігітті (шынында құйттай орыс жігіті еді) ұсақ-түйек (қобдишалар да баршылық) құралдарды алып жүруге қосты. Бәкеңнің дәлдікті, нақтылықты сүйетіндігін сонда бір байқадық: уәделескен сағатта, минутына дейін дәлме-дәл уақытта ол, үстінде ақ көйлегі бар, жоғарыдағы өз кабинетінен шығып, төмен түсіп келе жатты. Андрей бұл сәтті бекерге жібермеді: камераны Бәкеңе бағыттап, зырылдатып түсіріп жатты.

Енді Бәкеңді цех ортасына қарай жетектедік. Айнала гүріл, жонылған темірдің сырылы, ала шаң — бұл бізді қанағаттандырмады. Кейіпкер сөзі естілмеуі мүмкін. Амал жоқ, цех ортасынан алыстауға тура келді. Осыны байқаған Бәкең жұмысшыларға бірер минут станоктарын тоқтата тұруға әмір берді… Микрофон Бәкеңнің ерніне таяу, оны ұстап тұрған өзім, диктофон дискісі зырылдап айналып тұр. Осылайша Бәкеңді (Петр Тұрмағамбетов) он-он бес минут «қинадық».

Бұл хабарды тәптіштеп айтып отырған себебім — осылайша келешекте хабар дайындауға болатындығын «сынақтан» өткізіп алдық. Кейін мұндай хабарлар беріліп те жүрді. Бірақ оның бірнеше кемшілігі болды. Ең алдымен кинопленка — лимит, оны кез келген хабарға бере бермейді, сосын радио-диктофон лентасының жылдамдығы мен сөйлеушінің ерін қозғалысы дәл келмейді екен.

Кейін мұндай «әдісті» қойып, хабарларымызға кейіпкерлерді тікелей қатыстырып сөйлеткізетін болдық. Бәкең де, Биясылов та телеэфирге талай шықты. Оларды жұрт таныды, партия органдары да біле бастаған сыңайлы. Бәлкім, біздің «көмегіміз», мүмкін тіпті өздерінің іскерлігі, қабілеттілігі себеп болған шығар. Петр Тұрмағамбетов қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, бертін келе қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал Биясылов сол комитетте нұсқаушы болып істеді.

Таныс болғандығымыз ба, әлде өзінің адамгершілік, кісілік қасиеті ме, Бәкең маған талай көмектесті. Бұл жөнінде мен «Ақтөбе» газетінің 75 жылдық мерекесіне орай жазылған «Қара шаңырақ» деген кітапшама былайша жазыппын: «Бәкеңмен туыстық-тумалығым да, бірге жүріп-тұрған онша көп таныстығым да (ол кісі бізден әлдеқайда үлкен болатын) жоқ, бар болғаны – қызмет бабымен бір-екі рет теледидарға сөзін ұйымдастырғаным ғана. Бұл – Бәкеңнің маған жасаған екінші жақсылығы. (екінші жақсылығы – Алматы жоғары партия мектебіне бару үшін қалалық партия комитетінің бюросында мені біреулер сол оқуға жібергісі келмеген, Петр Тұрмағамбетов оған үзілді-кесілді қарсы шығып, қысылтаяңнан алып шыққан еді). Біріншісі – комитетке бөліп тұрған пәтерден, кезегім келіп тұрса да, Әлқожаға қайта-қайта телефон шалып (бұл үшін де Әлекең даусын көтере ренжіген, «ол кісі кімің еді» деп сұрағаны да бар), соны тезірек бергізгені, тікелей өзі қадағалағаны. Кейін қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезінде де ол кісінің талай адамдарға жақсылық, қамқорлық жасағанын білетін едім: «…Талай аупартком хатшылары әупірімдеп бұқаралық ақпарат құралдары бетін бермегенде, оның ең болмаса өмірде бар-жоғы айтылмауы – мен үшін «қолдан кеткен соң алтынның қадірленбеуі» құсап көрінеді де тұрады…» («Қара шаңырақ», 13-бет, «Ақтөбе», 99).

Бәкең туралы пікірім әлі сол күйінде, өзгерген жоқ. Анда-санда еске алып та қоямын өзін… Бұрынғының адамдары осылай жұмыс істеген, өз қамынан гөрі басқалардың көңіл күйін көбірек аулаған-ау деп қоямын кейде.

Ондай адамдар ауыл жақта жиірек ұшырасатын. Қазақи дәстүр – ақжарма қалжың-қағыс, бар сыйлысын қонағының аузына тосу, қысы-жазы құлпы салынбайтын ашық есік – осының бәрі қалалықтарды (белсенділер), әсіресе, біз құсаған бірде аш, бірде тоқ жүретін сүрбойдақтарды әр кез ауылды аңсап жүруге үйретті. Іссапарға шығу деген ол кезде біз үшін ешқандай проблема туғызбайтын: гаражда бір емес, сегіз әлде тоғыз машине «қанеки, жүрмейсің бе» деп қаз-қатар қаңтарылып тұрушы еді. Тек белсенділік көрсет. Кейін сол ауыл жақты жиірек торуылдайтын болып алған едім.

Қарлы қыс болды сол жылы. Сізге өтірік, маған шын — автожолдар бойы тазартылып тұрса да екі қапталы кісі бойынан асатын аққала. Жұрт «биыл да астық мол шығатын болды» деп қуанып жүрді. Оның да себебі бар еді. 1966 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жоспарынан (негізінен астықтан) Ленин орденімен марапатталды. Міне, бұл енді үлкен тақырып… Бағытымыз – Ленин ауданы. Ол кезде аудан орталығы, ұмытпасам, Қосестек болды ғой деймін. Жол қиын. Түске таман Қосестекке жетіп, аудандық партия комитеті, ауылшаруашылығы басқармасындағы лауазымды адамдармен (бәрі басқа ұлт өкілдері) кездесіп шыққанша (бұл шаруамен редактор айналысады) біраз уақыт өтіп кетіпті. Андрей тызақтап отыр: «Түнге қалатын болдық», — дейді ол. Бірақ амал қанша, бағыт-бағдар білмесең тағы болмайды. Басшылардың бізге ұсынғаны – «Большевик» колхозы. Андрей оны білетін болып шықты. Түнделетіп жеттік ауылға. Кеңсе жабық. Енді қайда барып түнейміз? Бұл да редактордың міндеті. Көшені жағалай жүріп, омбы қарға малтығып партия ұйымының хатшысының үйін сұраймыз. Таптық. Бірақ ол кісі бізді аула сыртынан қайырды: «Ірәда қысқы сауын барысын білгілерің келеді екен, сонау тұрған зоотехниктің үйі» деп бізді шығарып салды. Зоотехник жас қазақ жігіті болып шықты, бізге де керегі осы ғой. Апыр-ай, ә. Өздерінің үйленгендеріне екі-үш ай ғана болыпты. Келініміз «кеш келдіңіздер-ау» деп жатқан жоқ. Жайраңдап жүр. Шай-суын алдымызға тосып жатыр. Ал, біз болсақ, біреу емеспіз, дырдай төрт адамбыз. Таңғы бесте  тұрып, сауын сиырларын, оның сауылуын, жем-шөппен қамтамасыз етілуін түсіруіміз керек. Бұл кезде менде «ФЭД-3» фотоаппарат (кейін сол өзін толық ақтады) бар. Андрейде де фотоаппарат, оған қоса камера бар. Жарық берушіміз прожекторларды самаладай жарқыратып жібергенде, сауыншылар жас қыз-келіншектер екен, бізге қарап үн-түнсіз бажбиды да («киноға түсу» дегеннің не екенін алғаш көріп тұрса керек) қалды. Өңкиген-өңкиген қызыл күрең сиырлар да солай: «бұл не пәлекет» дегендей талпақ танауларын көтеріп-көтеріп қояды.

Сол күнгі жас зоотехниктің қызметі әлі күнге дейін естен кетпейді. Өзі көп сөйлемейді екен, ысыла қоймағаны белгілі болып тұрды. Есесіне алды-артымызды орап дөңгеледі де жүрді.

Бұл жігіт, ұмытпасам, не Шалқар, не Байғанин ауданы жақтан, қазақылық ғұрыптан қол үзе қоймапты… Осы жолдарды жазып отырғанда асай-мүсейімізді салдырлатып, үйінде төрт күндей серейіп жатып алған Алға қаласында архитектор болып жұмыс істейтін Елен Сүгіралин, қонақасыға түнделетіп келіп, екі күн әбігерге түсірген сол аудандағы Ильич атындағы колхоздың бухгалтері Жәнібек, Хромтаудан – жәй, қарапайым жұмысшы, кейін облыстық газетте жүргенімде іссапарлық аз-мұз ақшаны үнемдеу үшін үнемі үйіне ат басын тіреп баратын Қалдыбек және солар сияқты ондаған қазақ жігіттері есіме түседі. Соларға қарама-қарсы мына бір оқиғаны да ұмыта қойғаным жоқ.

Жаз айы еді онда. Андрей екеуміз (жарық берушіні алмағанбыз) Мәртөк ауданының бір шаруашылығына бара қалғанбыз. Кадрлардың бәрі басқа ұлт өкілдері екен. Партком хатшысы бір үй тауып берер, болмаса өзі үйіне шақырар деп әдейі әңгімені ұзарта сөйлеп отыр едім, әлгі орыс хатшы сағатына қарап алды да «мен обедке кеттім» деп кете  барғаны…

Телерадиокомитетте машиналардың барлығын біле ме, әлде тамыр-таныстық па, анда-санда «құда түсетіндер» де кездесетін. Бірде Әлқожа шақырып алып: «Ертең обком қызметкері Сәдуовпен бірге Қобда ауданына іссапарға шығасыңдар» дегені. Шықтық. Андрей екеуміз. Обком қызметкері орта бойлыдан жоғары, қараторы жігіт. Әңгімеге сараң екен, мен де ондайға шебер емеспін. Мұндайда адам бірін-бірі іштей «тексеріп», ойың сан-саққа жүгіретіні белгілі. Алдында айтқан – біздің баратын шаруашылығымыз Қазақ ССР-нің 15 жылдығы атындағы кеңшар деп. Түсте Жиренқопадан (асханадан) қарынға аз-мұз ел қондырып алып, ауылға кештетіп жеттік. Тым алыс екен, сірә, ауданның ең шеткері шаруашылығы болса керек. Сәдуов ағамыз сұрастыра жүріп, өзі діттеген «танысының» үйін тапты. Қызықты қараңыз, бұл үй иесі обком қызметкерінің туысы болып шықты. Бәрі де мәре-сәре болды да қалды. Қой сойылып жатыр, дастарқан үстіне ақжаулығын тартқан ақаң, күреңіткен коньяктар (үй иесі басқа да туыстарын шақыртыпты) қаптады да кетті. Бірақ соның дәмін татар (ауылдастар көрді сол күнгі дастарқанның бар мәзірін) қонақтар болмай шықты. Сәдуов маған қарайды, мен оған қараймын (мен обком ғой деп қысылсам, ол мына журналист елге жаяр деп сескенетін тәрізді). Біз жақтан тек, мосқал орыс шопыр мен аздап Андрей ғана рахатын көрді коньяктың. Екі күннен кейін (бұл уақытта басқа үйлерден де бас мүжідік) туыстар бізді тура солтүстікке қарай алып жүрді. Шыға берістегі қыраттан машинаны ыңылдатып (құмдауыттау екен) асып түсіп ек, алдымыз – еңіс, ұшы-қиыры жоқ кеңістік. Сонау алыста – көз ұшында тал-терегі мол, ауқымы да кеңге қанат жайған ауыл көрінеді. Кейін білсек, ол – Тұзтөбе екен. Енді ойлай беріңіздер, біздің қайдан келіп шыққанымызды.

Бірақ біз ол жаққа барғанымыз жоқ. Жол солға бұрылып, жатаған белден асып түскеніміз сол еді, мұрнымыздың астынан екі үй ағараңдап шыға келді. Бұл – жайлау, малшылар болып шықты. Түннің бір уағына дейін тағы ырду-дырду, әрине, ауылдағылар. Сол күні ай асты, арба үстіндегі қалың төсекте рахаттана ұйқы қандырғанымыз – біз үшін курорттан кем болған жоқ.

Келесі күні орталыққа қайтып оралып, Андрей екеуміз «сценарий» бойынша жұмыс істеуге кірістік. Менде баяғы «ФЭД-3», Андрейде – салмағын кім өлшеп көрген, бір өзі бір тоқтыдай камераны иыққа салып алып, олай зырылдатады, бұлай зырылдатады. «Оу, бізге пленкаға түсіруді екі-ақ минутқа рұқсат берілген ғой», — деп қоямын мен. «Саспа, өзім білемін ғой», — дейді ол. Кейін білсем, адамдардың көңілін жықпас үшін Алекең камераны өтірік зырылдатады екен ғой.

Бұл шаруашылық қазақтың ақбас тұқымды сиырын өсіреді екен. Шаруашылық орналасқан аймақтың табиғаты енді керемет. Оңтүстік батысы еңістік, Қиыл өзенінің басы ма, әлде соған құятын өзекшелер ме – ну қамысты, әріректе кең жайлау, шөбі бел ортадан келеді. Ауылдың тұрмыс-күйі де, мәдениеті де (тазалығын айтам) журналист қаламына ілігерліктей… Түсірілген толық үш кассета бар, кемінде екі-үш хабар ол. Бірақ соның реті келмеді.

Телестудияның «проявочный цех» дейтін тағы бір құрылымы болатын-ды. Ол драмтеатрдың оң қапталындағы жертөледе орналасқан. Операторлар, фотоаппараты бар жекелеген журналист-редакторлар іссапардан, қала ішінен түсірген өнімдерін сонда тапсыратын. Онда да орыс па, татар ма, басқа ұлт өкілдері жұмыс істейді. Үш кассетаны соларға тапсырғанмын. Келесі күні сондағы бір проявщик: «Сіздің үш кассетаңызда жарықшақ бар екен. Пленкаларыңыздың бәрі жанып кетіпті» деп жымың-жымың етеді. Кекесін бар езуінде. Алдында сондай бір кассетамды «жандырып» жібергені үшін сөзге келіп қалғанмын. Ішім күйіп, ызаға булығып шығып кеттім цехтан. Бұл болмайды екен, қалтамдағы бар ақшама пленканы проявка жасайтын әртүрлі ерітінділер, құралдар сатып алдым. Жалдап тұрып жатқан біреудің пәтері… Түннің бір уағына дейін қараңғы бөлмеде басыңа қара жамылғыны бүркеп алып отыру… Бұл жағын фототілшілер жақсы біледі.

Менде фотоаппараттың болуы — бір жағынан өзіме жақсы, әрине, екінші жағынан «көтере алмасаң қосып арқала» дегендей, бастықтар мені анда-санда «қуалайтынды» шығарды. Әлде бұл машинаны аяу ма, әлде бензин үнемдеу ме – білмедім. Бірде Шұбарқұдыққа барып, деподан хабар дайындағанмын. Кешкі пойызға дейін әлі біраз уақыт бар, бір тепловоз Ақтөбеге жүргелі тұр екен, менің өтінішімді деподағылар жерде қалдырмады, отырдым да кеттім. Бар болғырың жүріп болсайшы, ана товарнякты өткізеді, мына товарнякты күтеді – кештетіп Қандыағашқа жетсем, менсінбей кеткен Гурьев (ол кезде солай аталатын) – Ақтөбе пойызы стансада «демалып» тұр. Өзім Африканың негріндей қап-қара болыппын, тек көзім ғана жылтырайды. Бұрқырата жаққан солярканың сыйы еді бұл. Мына тұрған Алғадан кері қайтқаным да есімде. Желтоқсанның қара суық күндерінің бірі еді, вокзалда жүргелі тұрған товарняктың «осы ыңғайлы-ау» деген вагонына міне салғанмын. Кейбір жүк вагондары артында күзетшілер, әлде жол жөндеушілер түрегеп тұратын қуыс болатын. Сонда қақиып тұрып келемін. Ысқырық жел, желтоқсанның қара суығы мені одан бетер қақитты. Тісім-тісіме тимей сол күні Ақтөбеге Аллалап зорға жеткенмін.

Іссапарда бұндай оқиғалар басымыздан талай өткен. Бір жағынан ол қызық та, екінші жағынан – бұл менің телередакцияда өткен қызықты күндерім еді.

Иә, солай. Ол кез қызықты күндер болатын.

Төлеміс МЕҢДІҒАЛИ.

(Жалғасы бар).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button