Жастар

«Zhas project»: шынайы шарапат

Бүгінгі таңда жастардың белсенділігі мен ынтасын арттыру мақсатында көптеген жобалар мен бағдарламалар іске асырылып жатыр. Солардың бірі — «Zhas project» Жастар корпусын дамыту» жобасы. Оның  ережесі бойынша 14-29 жас аралығындағы бірнеше жас топ құрып, әлеуметтік жоба әзірлейді. Қорытындысында жеңімпаздарға 1 миллион  теңге қаражат бөлінеді.

Аталған жоба біздің өңірде былтырдан бастап қолға алынғаны белгілі.  Бүгінде облыс аудандарында өз жемісін бере бастады.

Байғанин аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Сая Сағынғалиеваның айтуынша, «Zhas project» жобасы бойынша ауданнан 27 жоба ұсынылған. Бүгінде оның 13-і жеңіске жетіп, жас кәсіпкерлер өз кәсібін бастады. Олар Жаңажол, Көлтабан, Қарауылкелді ауылдық округтерінде жүзеге асырылуда.

— Бұл жобаның негізгі мақсаты — осал топтағы жастардың бастамаларына қаржылай қолдау көрсету және осы арқылы шағын және орта бизнесті дамыту.  Мұнда ең маңыздысы — идея. 

Біздің ауданның жас кәсіпкерлері тігін ательесі, кондитерлік өнімдерді әзірлеу, жиһаз дүкені, массаж орталығы, психологиялық кабинет сынды кәсіп түрлерін қолға алды.

Бүгінде мемлекет тарапынан жеке кәсібін ашуға ниетті жандар үшін көптеген мүмкіндіктер қарастырылғаны қуантады. Сондықтан тек ізденіс пен іскерлік керек, — дейді Сая Сағынғалиева.

«Zhas project» жобасы берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз ісін бастағандардың бірі — Нұр-Динара Орынбасарова. Ол өз командасының мүшелерімен бірге Байғанин ауданының Көлтабан ауылынан «Үміт» психологиялық кабинетін ашты.

— Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауларында жастарды қолдауға бағытталған жобаларға басымдық беріліп келеді.

Біз «Zhas project» жобасы аясында жеңімпаз атанып, «Үміт» психологиялық кабинетін аштық. Мұндағы мақсат — отбасында зорлық-зомбылық көретін әйелдер, ажырасқан және ажырасуға арыз берген отбасылар, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар, жас отбасылар, жағдайы төмен отбасы есебінде тұрғандарға кеңес беру,— дейді Н.Орынбасарова.

Осындай игі жобалардың бірі — мүмкіндігі шектеулі балалар арасында шығармашылық топ құруды мақсат еткен «Жүректен жүрекке» шығармашылық кабинеті. Аталған жобаны Жасқанат Берікбаев, Марал Омарова, Мадияр Мұсағалиев сынды Байғанин ауданының жастары қолға алған.

— Жобамызды жүзеге асыру мақсатында бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Өткен жылдан бастап өз кәсібімізді бастадық.

Әр бала — еліміздің ертеңі.  Мүмкіндігі шектеулі бір жастың болса да денсаулығының, білім сапасының жоғарылауы ұлтымыздың келешегі үшін маңызды болмақ. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасы медициналық, педагогикалық, психологиялық, құқықтық-ақпараттық қолдауды қажет етеді. Дер кезінде алынған қандай да бір қолдау түрі баланың немесе отбасының кез келген әлеуметтік-психологиялық мәселесінің шешілуіне әсерін тигізеді. Біз, «Жүректен жүрекке» шығармашылық кабинеті, мүмкіндігі шектеулі балаларға және олардың аналарына жарты жыл бойы тегін қызмет көрсететін боламыз, — дейді Марал Омарова.

Жас кәсіпкер Сабыржан Алмас аудан  бойынша  мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған, көпбалалы отбасында тәрбиеленетін балалар, жетім балалардың эмоционалды көңіл күйін реттеу, оларды бақытты балалық шақпен қамтамасыз ету мақсатында «Happylon» балалар мерекесін ұйымдастыру орталығын ашты.

— Өткен жылдың қыркүйек-қазан айларында жоба менторы Сая Базаралықызымен кездесу өткіздік. Педагогикалықпсихологиялық түзетім кабинеті арқылы осы орталыққа келетін мүмкіндігі шектеулі балалардың тізімі алынды.

Бүгінде қолға алынған бұл жоба жергілікті тұрғындарға осал топтардағы адамдарды шеттетпеу керектігін, оларға мейірімділікпен, қамқорлықпен қарау, балаларға бақыт үшін көп нәрсе керек емес екендігін түсінуіне ықпал етеді, — дейді Сабыржан Алмас.

Ойыл ауданындағы жас кәсіпкер Ақбота Қосжанова да мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған массаж оңалту орталығын ашты.

— Аудан орталығында бұған дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы болған жоқ. Былтыр тамыз айында «Zhas project» жобасы бойынша 1 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Аудан орталығындағы ғимараттың бір бөлмесін жалға алып отырмыз. Топ құрамында барлығы 4 адам бар. Жобаны ұсынғаннан кейін, арнайы массаж бойынша курста оқыдық. Өзімнің мамандығым психолог болғандықтан, келушілерге психологиялық кеңес те беремін.

Сондай-ақ «Zhas project» жобасы аясында жоғары оқу орнының түлектеріне — 60 000 теңге, қалған барлық қатысушыларға  — 40 000 теңге шәкіртақы тағайындалған, — дейді Ақбота Қосжанова.

Р.S. Бүгінде «Zhas project» жобасы бойынша облыста 165 жоба жеңімпаз атанды. Оның 44-і қала жастары болса, қалғаны аудан жастарына тиесілі.  

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button