Жастар

Фестивальға жастар жиналды

Әйтеке би ауданында «Ауыл тірегі — жігерлі жастар» атты ауыл жастарының фестивалі өтті. Жастар жылына орай аудандық «Целинник» мәдениет үйінің жанынан құрылған «Замандас» халықтық театрының ұйымдастыруымен өткен шараға 9 ауылдан келген 100-ге жуық жас белсене қатысып, өнерлерін ортаға салды. 

Шараға қатысушылар «Үздік бейнеролик», «Үздік өнерпаз», «Интермедия» және басқа да спорттық шаралардан барлығы 5 кезең бойынша сынға түсті.   

— Бұл фестивальдің басты мақсаты — шалғайдағы өнерлі ауыл жастарын көпшілікке таныту, олардың бос уақытын тиімді пайдаланып,  ұйымшылдыққа жұмылдыру.

Аудан орталығында Мұрат Қалмағанбетовтің бастамасымен «Замандас» театры 2001 жылы құрылып, 2003 жылы халықтық атағын алды. Қазір ұжым құрамында көптеген аудан жастары бар. Осы театр ұжымының атсалысуымен алғаш рет аудан көлемінде аталған фестиваль өткізіліп отыр. Алдағы уақытта жалғасын табады деген сенім бар.

Шараны ұйымдастыруға үлес қосқан, демеушілік танытқан азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз,  — дейді «Замандас» театрының режиссері Гүлдана Қалмағанбетова.

Байқау нәтижесінде жалпы командалық есепте Талдық ауылының жастары жеңімпаз атанды. Қарабұтақ жастары жүлделі II орынға қол жеткізсе, Комсомол жастары III орынға ие болды.

— Біз «Үздік өнерпаз» номинациясы бойынша акапелла жанрында жанды дауыста ән айтып, жеңімпаз атандық. Топтың құрамында 14 жас болды. Жалпы командалық есепте де жеңімпаз атандық. Ауданда осындай іс-шаралар мен жобалар көбірек ұйымдастырылса екен дейміз.

Мен болашақ математика пәнінің мұғалімімін. Алдағы уақытта туған ауылымының өркендеуіне, білім саласына өз үлесімді қоссам деймін, — дейді фестиваль жеңімпаздарының бірі Гүлдана Ғабиденқызы.

Жүлдегерлерді Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашов құттықтап, дипломдар мен қаржылай сертификаттар табыс етті.

Фестиваль соңында «Замандас» халықтық театрының әнұраны шырқалып, көрермендер ыстық ықыластарын білдірді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button