Жаңалықтар

Жыл соңы: 12 әлеуметтік нысан ашылады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңажылдық іс-шараларды өткізу мәселесіне байланысты жиналыс өткізді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова жаңа жыл қарсаңында облыста 170-тен аса ауқымды шара өткізілетінін жеткізді. Оның айтуынша, өтіп бара жатқан жылдың соңғы күндері облыс аудандарында 12 жаңа әлеуметтік нысан ашылмақ.

Атап айтқанда, сенбіде Алға ауданының Ақай ауылына ауылішілік газ құбыры қосылып, тұрғындарды бір қуантса, Алға қаласында орналасқан қосалқы шаруашылық тұрғын үй алабындағы үйлерге де мереке қарсаңында газ кірді.

Байғанин ауданының Ебейті және Миялы ауылдарында 31 желтоқсан күні орталықтандырылған ауызсу жүйесі пайдалануға беріліп, сол күні Ебейтіде заманауи спорт алаңы ашылады.

Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында көптен күткен оңалту орталығы іске қосылады, ал Ойылда сал ауруымен ауыратын балаларға арналған сауықтыру орталығы алғашқы емделушілерін қабылдайды. Сонымен бірге, Мұғалжар ауданының Жұрын ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі.

Бұдан басқа, Алға мен Қандыағаш қалаларында, Байғанин ауданының орталығында «Дина» және «Анвар» сауда желілерінің супермаркеті мен көтерме сауда орталығы, Әйтеке би ауданының Комсомол ауылында жаңа құрылыс маркеті ашылады.

Жиын кезінде облыстық полиция департаментінің басшысы Махамбет Әбисатов жаңа жыл мерекесі кезіндегі қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі жайында баяндады. Оның сөзінше, департаменттің барлық жеке құрамының әскери қызметі күшейтілген. Жаңа жыл түні көпшілік қыдыратын жерлердің барлығы да таң атқанша күзетілетін болады. Көпшілік қыдыратын барлық жерлерде полицейлермен бірге төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, өрт сөндірушілер мен медицина саласының қызметкерлері кезекшілік етеді.

Жиын соңында облыс әкімі жаңа жыл мерекесі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Оның тапсырмасына сәйкес тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен қоғамдық көліктердің үздіксіз жұмыс жасаулары үшін ерекше көңіл бөлінбек.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button