Басты жаңалықтарМереке

«Жомарт жүрек» көп жүректерді жылытты

Ақтөбеде алғаш рет облыс аумағындағы меценаттардың қатысуымен «Жомарт жүрек» атты қысқы қайырымдылық балы өтті.

Жекпе-жек сарайында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, жылы лебізін білдірді.

— Жалпы, 2018 жыл ақтөбеліктер үшін табысты жыл болды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды біз толығымен орындадық. Облыстың барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері былтырғыдан, республика көрсеткіштерінен жоғары. Бұл, әрине, ақтөбеліктердің бірігіп атқарған жұмысының нәтижесі. Осы ретте сіздердің үлкен үлестеріңіз барын айта кету керек.

Біз өткен жылды аналарға, балаларға арнадық. Сіздердің қатысуларыңызбен, қолдауларыңыздың арқасында «Анаға тағзым», «Бақытты бала», «Туған жер», «Мектепке жол» деген секілді көптеген қайырымдылық шараларын өткіздік. Аталған шаралармен 500 мыңға жуық ақтөбелік қамтылып, 6 миллиард теңгеге көмек жасалды. Бұл — аз көрсеткіш емес.

Осы ретте мен облыс басшылығының атынан біздің ұсыныстарымызды қабыл алып, қолдағандарыңыз үшін, көрсеткен көмектеріңіз үшін үлкен рақмет айтамын, — деген облыс әкімі өңірдегі көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүрген үздік 4 меценатты «Үздік меценат» номинациясымен марапаттады.

Олардың қатарында, «Дару клиникасы» медициналық оңалту орталығының директоры Ғалымжан Елеуов, «Стройдеталь» ЖШС бас директоры Анатолий Симонов, «Глобал-Спецодежда» өндірістік бірлестігінің басшысы Надежда Шабаева және «Реал Газ Энерджи» ЖШС директоры Алтынай Мухановалар бар.

Облыс әкімінің алғысына ие болып, «Үздік меценат» атанғандардың бірі — облыстық мәслихаттың депутаты, «Дару клиникасы» медициналық оңалту орталығының директоры Ғалымжан Елеуов.

— Қазақ — ешқашан жетімін, жесірін жылатпаған халық. Бабалар қанымен келген игі дәстүрді біз бүгінгі күні де жалғастырып келеміз. Біз қашанда көмекке мұқтаж жандарға медициналық тұрғыдан көмек көрсетуге дайынбыз. Бұған дейін көрсетіп келдік, бұл әрі қарай да жалғаса береді, — дейді ол.

Бұдан өзге қайырымдылық кешінде облыс әкімі облыс аумағында белсенді қызмет етіп, оқуда үздіктер қатарынан көрініп жүрген бірқатар көмекке мұқтаж жастарға Алғыс хаттар мен ноутбуктар сыйлады.

Сондай-ақ шара барысында қайырымдылық аукционы ұйымдастырылып, ақтөбелік суретшілердің картиналары сатылымға шығарылып, 1 550 000 теңге көлемінде қаражат жиналды.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлованың айтуынша, кіру билеттерінің сатылымынан, аукционнан түскен, арнайы жәшік арқылы жиналған қаражат облыстағы көмекке мұқтаж мүгедектер қоғамына аударылатын болады.

Айта кетейік, «Жомарт жүрек» қайырымдылық балы барысында жиналған жалпы қаражат сомасы 5 миллион теңгені құрады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button