Жаңалықтар

Армандар орындалады!

Жаңа жыл қарсаңында ақтөбелік Есқалиевтер отбасы баспаналы болды. Жаңа пәтер иелерін бейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, қала әкімі Ілияс Испанов, қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова арнайы құттықтап барды.

Қоныстойын тойлап жатқан ерлі-зайыпты Марал мен Наталья — бірінші және екінші топтағы мүгедек жандар.

2012 жылы көлік апатына түскен Марал қарттар мен мүгедектер интернат-үйіне барады. Сонда Натальямен танысып, кейін екеуі отбасын құру туралы шешім қабылдайды.

— Екеуміз бас қосатынымызды айтқан соң интернат үйінің басшылығы бізге бөлек бөлме берді. Осы уақытқа дейін сонда тұрдық. Наталья өзіне тігін машинасын сатып алып, төсек-орын жабдықтарын тіге бастады. Тапқан ақшамыздың барлығын баспанаға жинадық. Жинаған ақшамыз 3 миллионға жеткен кезде, жергілікті билікке өтініш білдірген едік. Олар сөзімізді жерде қалдырмады, — дейді Марал Есқалиев.

Жергілікті биліктің өтінішін қолдап, демеушілік танытқан «Қазхром» ТҰҚ Есқалиевтерге 5 миллион теңге қаражат бөлген.

— Үйімізді өзіміз таңдадық. Қаланың орталығында, бірінші қабатта орналасқан. Жан-жағымызда керектің барлығы бар. Жаз айларында саябақта демалуға болады. Біздің өтінішімізді қарап, осындай қуанышқа кенелтіп отырған қала басшылығына, сондай-ақ қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасоваға алғысымыз шексіз. Бүгінгі қуанышымызды бөлісіп келіп жатқан облыс әкіміне үлкен рахмет айтамын, — дейді Марал.

Облыс әкімі жаңа қоныс иелерін маңызды оқиғаларымен және келе жатқан Жаңа жыл мерекелерімен құттықтап, күш-қуаттарын ұзақ жылдар бойы сақтауын тіледі. Марал Есқалиевке заманауи мүгедектер арбасын сыйласа, отанасына тұрмыстық техника тарту етті.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button