Спорт

Ел кубогы — бізде

«Ақтөбе» мини-футбол клубы құрылғанына көп болмаса да, еліміздің Кубогы жеңімпазы атанып, Қазақстан футзалы тарихына еніп те үлгерді. Осылайша, бірнеше жыл топ бастап келе жатқан Алматының «Қайратын» кейінге шегерді.

«Ақтөбе» мини-футбол клубының бас жаттықтырушысы Олег Солодовник пен команда капитаны Қайрат Иманалин Ақтөбеге оралысымен баспасөз конференциясын өткізді.

Ақтөбеліктердің Қазақстан кубогы үшін сайыстағы ең маңызды ойыны Алматының «Қайратымен» жартылай финалдағы кездесуі болды. Алматылық футбол командасы бұрыннан үздіксіз топ бастап келе жатқан және Еуропада да күшті командалар қатарында саналады. Сондықтан да ақтөбеліктердің алдында күрделі міндет тұрды. Негізгі уақытта тепе-тең ойнаған олар он бір метрлік доп соғудан алдыға шықты.

— «Қайратпен» ойнаудың жауаптылығын ойыншыларымыздың барлығы да сезінді. Сондықтан команда мүшелері алаңға ішкі түсіністікпен шықты. Олар ерекше жігермен, ұмтылыспен ойнады. Сондықтан барлығына да алғыс сезімімді білдіргім келеді, — деп атап көрсетті Олег Солодовник.

Ақтөбеліктер ақтық ойында Рудныйдың «Аятымен» сайысқа шықты. Бірқатар жетекші ойыншылардың жарақат алуына байланысты ойынға қатыспауына қарамастан, олар топтасып ойнап, қостанайлықтарды 2:1 есебімен жеңді. «Ақтөбенің» қақпашысы Салауат Байралиев ақтық ойында саусағын сындырып алғанына қарамастан жігерлілікпен алаңнан кеткен жоқ.

— Ақтөбеге Кубокты алып келмеу біздің арымызға сын іспетті болды. Сондықтан да барымызды салдық, — деп Қайрат Иманалин өз ойымен бөлісті.

Бас бапкер Олег Солодовник ендігі міндет — жеңісті қолда берік ұстап тұру үшін тынымсыз жаттығу екенін айтты.

Жантас МАҚСҰТОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button