Басты жаңалықтарМереке

Жыл оқиғалары

Биыл облыста Мемлекет басшысының экономика өсімін 5 пайызға жеткізу туралы тапсырмасы орындалды. Жыл қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Сондай-ақ биылғы жылы облыста көптеген жаңа жобалар қолға алынып, ғимараттар салынды. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды.

Жаңа жыл қарсаңында бүгінге дейін облыста атқарылған маңызды шаралар мен оқиғаларды оқырман назарына ұсынамыз.

Жыл сапары

Биыл қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында Мемлекет басшысы еліміздің батыс өңірінде тұңғыш рет ашылған «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығының жұмысымен танысты. Орталықты аралап көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ақ халаттылардың еңбегіне табыс тілеп, ел медицинасының өркендеуіне үлес қоса берулеріне тілектестігін білдірді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы облыс орталығында ашылған «Аяла» балаларды әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалту орталығына барды. Церебральды сал ауруына, сүйек-бұлшық ет жүйесі және аутизм ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға арналған орталықты аралаған Елбасы дәрігерлермен, емделуші балалармен, олардың ата-аналарымен кездесті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысына сапары аясында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтерген Мұз сарайына, «Асе» теннис орталығына да барды. Сондай-ақ Елбасы индустриалды аймақта облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың биылғы жылдың 9 айының даму қорытындысы туралы баяндамасын тыңдап, өңірде атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді.

Жыл өндірісі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Тәуелсіздігі күні қарсаңында, индустрияландыру күніне арналған дәстүрлі телекөпір барысында, тікелей эфир арқылы облыстағы заманауи газ өңдеу кешенінің жұмысын бастауына пәрмен берді.

Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір кезінде индустрияландырудың екінші бесжылдығының төртінші жылының қорытындысы шығарылды. Бұл күні ұлы даланың қуаты тағы бір көрініп, ел экономикасының одан әрі дамуына сүбелі үлес қосатын жаңа өндірістер пайдалануға берілді. Салтанатты шара барысында Елбасы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 28 кәсіпорынның тұсауын кесті. Олардың қатары сан-салалық: индустриялық, инфрақұрылымдық, аграрлық және цифрлық ірі жобалар. Елбасы жұмысын бастауына рұқсат берген кәсіпорындардың ішінде Ақтөбе облысында «Gas Processing Company» ЖШС салған заманауи газ өңдеу кешені де бар.

Айта кету керек, «Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіпорны салған ілеспе мұнай газын кәдеге жарататын заманауи газ өңдеу кешенінің қуаттылығы — сағатына 40 мың текше метр. Ол жылына 226 текше метр тауарлы газ, 37 тонна пропан-бутан қоспасын, 5,4 мың тонна газ конденсатын, 10,5 мың тонна түйіршіктелген күкірт шығаруға мүмкіндік береді. Жоба екі жылдың ішінде жүзеге асырылған. Зауыт жүйесі толық автоматтандырылған.

Жыл жобасы

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен биылғы жыл Балалар жылы болып аталып, өңірде «Бақытты бала» жобасы жүзеге асырылды. 8 топтамадан тұратын жоба аясында облыстағы әрбір баланың жан-жақты дамуына жағдай жасалды. Атап айтсақ, «Бақытты бала» жобасы жарияланған күннен бастап облыс бойынша 25 IT класс ашылса,  мектептерге 24 3D принтер, робот техникасына қажет 27 жиынтық, 28 ультрақысқа фокусты проектор әкелінген. Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау үшін Қазақстанда тұңғыш рет жыл бойы жұмыс жасайтын «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті балалар лагері ашылды. Инклюзивті білім беру жүйесі енгізілген барлық білім мекемелері 588 сенсорлы үйшікпен жабдықталды. Сондай-ақ бюджет қаражатынан тыс қаржыға оңалту орталығы мен аутизм дертіне шалдыққан балдырғандарға арналған орталық ашылды. Аса ауыр дертке шалдыққан балалар Оңтүстік Корея елінде тегін ем алуға мүмкіндік алды. Шетелдерден келген дәрігерлер науқас балаларды тегін қарап, ота жасады. Ал спорт саласы бойынша облыста 1177 ойын алаңы, 46 көпфункционалды спорт алаңы, 52 воркаут, 27 хоккей корты іске қосылды.

Облыстағы 120 мың оқушы жазғы демалыстарын қызықты өткізді. Оның ішінде 14,5 мыңнан астам бала Қазақстанның киелі және көрікті жерлеріне саяхат жасады. Облыста алғаш рет жыл бойы жұмыс жасайтын «Әсем» оқу-танымдық орталығы ашылды. Сондай-ақ ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың есепшотына 80 миллион теңге аударылды.

Жалпы жобаға 4,5 миллиард теңге бөлінді. Бұған қоса кәсіпкерлер де демеушілік көрсетті.

Жыл чемпионы

Ақпан айында Павлодар облысының Ақсу қаласында гір көтеру және армрестлинг спорты бойынша Қазақстан чемпионатында Ақтөбенің намысын қорғаған, бұған дейін 12 дүркін Әлем чемпионы, 24 дүркін Қазақстан чемпионы атанған Евгений Гончаров «25 дүркін Қазақстан чемпионы» деген атаққа ие болды.

Айта кету керек, Евгений Гончарев — бүгінгі күні Ақтөбе қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.

Жыл жаңалығы

Сәуір айында облыс әкімінің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті он тоғызыншы сессиясында Ақтөбе қаласын оңтайлы басқару, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін жүйелі шешу талабына сәйкес облыс орталығынан екі аудан ашылып, оларға Астана және Алматы атауын беру туралы шешім қабылданды.

Астана мен Алматы аудандарының шекаралары Ақтөбе қаласының көшелері арқылы өтетін теміржолмен белгіленді. Яғни, теміржолдың бір бөлігі Астана ауданы болса, қарсы беті — Алматы ауданының аумағы. Бұрынғы Қарғалы, Благодар, Қурайлы селолық округтері мен ескі қала, Құрмыш, Сүт зауыты шағын аудандары Алматы аудандарына тиесілі. Ал бұрынғы Новый, Сазды селолық округтері және 5,8,11,12-шағын аудандар, Батыс-2, Болашақ, Тұрғындар қалашығы, Мәскеу, тағы басқа да шағын аудандар Астана ауданына қарайды.

Жыл фестивалі

Сәуір айында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр ғимаратында көрнекті қаламгер әрі драматург Тахауи Ахтановтың 95 жылдығына орай халықаралық «Балауса» экспериментальды қойылымдар фестивалі өтті. Фестиваль аясында театр фойесінде Тахауи Ахтановтың ескерткіш-мүсіні ашылды. Мүсіннің авторы — Өзбекстан Суретшілер одағы академиясының мүшесі, мүсінші Жақсыбай Төлегенов.

Фестиваль қорытындысы бойынша «Жоғары кәсіби деңгейі үшін» аталымын облыстық «Алақай» қуыршақ театры, «Ең үздік дебюттік рөл» бойынша Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы Дамира Иса, «Екінші пландағы әйел бейнесі үшін» номинациясын А.Пушкин атындағы Орск мемлекеттік драма театрының актрисасы Татьяна Потеряева, «Екінші пландағы ер адам бейнесі үшін» номинациясын Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актері Уәлихан Кенжебаев, «Ең үздік режиссура» аталымы бойынша Дина Жұмабай, «Ең үздік әйел бейнесі үшін» аталымын «А.И» музыкалық театрының актрисасы Айнұр Бермұхамбетова, «Ең үздік ер адам бейнесі үшін» аталымын «Театр 28» театрының актері Азамат Сатыбалды жеңіп алса, ал «Ең үздік спектакль» болып  Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахналаған «Шыңырау» драмасы танылды. Әр номинация бойынша жеңімпаздарға дипломдар, фестивальдің арнаулы мүсіндері және ақшалай сыйлықтар табысталды.

Жыл мерейтойы

Биыл облыстық қоғамдық-саяси «Актюбинский вестник» газетінің шыға бастағанына 100 жыл толды. Облыстың тұңғыш басылымының алғашқы саны 1918 жылдың 19 маусымында жарық көрді. Сол күннен бастап 100 жыл бойы «Актюбинский вестник» облыста болып жатқан жаңалықтарды тұрғындарға жеткізеді.

Биылғы жылы басылымның бір ғасырлық тойына арналған шаралар  аясында ақтөбелік альпинистер республикалық альпиниада аясында адам аяғы баспаған жаңа биікке шығып, оған «Актюбинский вестник шыңы» деген атау беріп қайтты. Әлем картасына «Актюбинский вестник шыңы» деген атаумен енген жота теңіз деңгейінен 3 353 метр биікте тұр. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының аумағындағы Оңтүстік-батыс Тянь-Шань тауындағы Өгем жотасында 42,12338 градус солтүстік ендікте және 70,360346 шығыс бойлықта орналасқан.

Сондай-ақ газет редакциясы жүз жылдық уақыттың жылнамасы 110 беттік жинақ қылып «Актюбинский вестник» энциклопедиясын шығарды.

100 жылдығын тойлаған газет ұжымын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтап, Қазақстан Президенті Әкімшілігінің Алғыс хатын табыстап, бірқатар журналисті арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

Жыл келісімі

Маусым айында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған Ақтөбе облысының делегациясы Өзбекстандағы Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нөкіс қаласына барды. Мақсат — өзбек еліндегі қандастарымыздың басым көпшілігі тұратын шаһардың әлеуетімен танысып, бұрыннан бар тарихи байланысты одан әрі дамыту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту. Бұл — еліміз тәуелсіздік алғалы Қарақалпақ еліне алғаш рет жасалған сапар.

Іссапар аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасы Қахраман Сариев, Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев қарақалпақтың ұлы ақыны Бердақтың  ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ облыс әкімі Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Мұса Ерниязовпен кездесіп, өңірлер арасындағы сауда, мәдени және экономикалық байланысты одан әрі дамыту мақсатындағы жұмыстар жөнінде әңгімелесті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған делегация қазақтың даңқты ақыны Төлеген Айбергеновтің бейітінің басына барып, рухына тағзым етті.

Сондай-ақ облыс басшысы Қарақалпақстандағы қандас ағайындармен кездесіп, Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы автомобильдер мен арнаулы техникалар шығаратын «СамАвто» компаниясының жұмысымен танысты.

Іссапар барысында Бердақ атындағы мемлекеттік драма театры ғимаратында «Ақтөбе — Нөкіс: тарихи тамырластық пен тиімді әріптестік» атты мерекелік концерт өтті.

 Жыл тартуы

Тамыз айында Ақтөбе облысы Астананың 20 жылдығына ерекше тарту жасады. Елорданың төрінде «Бейбітшілік қабырғасы» монументі ашылды. Оның ашылу рәсіміне

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Мемлекет басшысы монументтің ашылу рәсімін Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында өткізудің символдық мәні бар екенін атап өтіп, 29 тамыз Қазақстанның жаңа тарихындағы айрықша күн саналатынын айтты. Сондай-ақ Елбасы мемориалдың елорданың тағы да бір көрікті орнына және шаһардың айтулы нысанына айналатынына сенім білдіріп, елорданың 20 жылдығына тарту жасаған Ақтөбе облысына ризашылығын жеткізді.

Айта кету керек, «Бейбітшілік қабырғасы» монументі зәулім жапырақ тәріздес, бұл арқылы сәулетшілер сан ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында біріктірген Қазақстанды бейнелеген. Металл мен табиғи тастан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады: біріншісі — бөлшектеу мен оқшаулауды, екіншісі —  үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, ал үшінші бөлігі бейбітшілікті және ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді.

Монументтің жалпы ұзындығы — 111 метр, ені — 18,4 метр, биіктігі — 17,5 метр. Оны тұрғызуға жалпы аумағы 6 000 текше метр болатын 1200 тонна гранит пайдаланылған. Тағы бір ерекшелігі — мемориалда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған. Жоба құны — 1,8 миллиард теңге.

Жыл ғимараты

Қыркүйек айында облыс орталығында республика көлемінде «Анаға тағзым» аналар слеті өтіп, аталған шара аясында Батыс-2 ауданында «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына әнші, Қазақ КСР және КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген агрономы Вера Сидорова, жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Марфуға Айтқожина, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, Әбіш Кекілбаевтың зайыбы Клара Жұмабаева, академик, биология ғылымының докторы Ажар Жұбанова, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі Раиса Көзденбаева, т.б. қатысты.

Айта кету керек, аталған ғимараттың құрылысын мердігер ұйым «ЕСАТ» ЖШС жүргізсе, жобалаушы ұйым — «РегионСтройПроект» ЖШС. Үш қабатты ғимаратта «Ана даңқы» музей-галереясы, мультимедиялық экспозиция залы, хореография залы, сондай-ақ бірыңғай тақырыптық кабинеттер орналасқан.

Жыл құрылысы

 Қазан айында облыс орталығында облыс әкімдігінің және Қазақстан хоккей федерациясының бастамасымен Мұз сарайы ашылып, «Ақтөбе» жастар хоккей командасы құрылды. Аталған ғимараттың жалпы құны — 3,7 миллиард теңге. Оның 70 пайызын словакиялық «H+H TECHNIKА» инвесторлары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қаржыландырған. Мұз алаңы жыл сайын тек хоккейден ғана емес, сонымен қатар, мәнерлеп сырғанау, баскетбол, шағын футбол, бокс, үлкен теннис, гимнастикадан да кәсіби жарыстар өткізуге, сондай-ақ, мәдени ойын-сауық шараларын өткізуге мүмкіндік береді. Спорт кешенінің жалпы аумағы — 8500 шаршы метр. 2500-ден аса көрерменге арналған орын бар. Кешенде алаңнан бөлек, мәжіліс залы, жаттығу залдары, кеңселер, спорт тауарларын сататын дүкен мен кафе бар.

Айта кету керек, биылғы жылы облыс орталығында Мұз сарайымен қатар «Асе» теннис орталығы, жедел жәрдем бекеті, облыстық тарихи-өлкетану музейі, Неке сарайы ашылды.

 Жыл саябағы

 Қазан айының аяғында Ақтөбе қаласының орталығында «Астана» саябағы ашылды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, құрылыс жұмыстары биыл тамыз айының соңында басталған. Жоба бойынша құрылыс мерзімі 6 айға жоспарланыпты. Нысанды қаржыландыру «Парыз» және Астана қаласы қоры есебінен жүргізілді. Құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны —  466 млн теңге. Бас мердігер ұйым — «Мерей Билдинг Групп» ЖШС. «Астана» саябағы орталықта орналасқан, яғни саябақтың оңтүстік бөлігі Әбілқайыр хан даңғылымен, шығыс беті «Нұр Ғасыр» мешітімен, солтүстігі Неке сарайы аумағымен шектеседі. Саябақтың Әбілқайыр хан даңғылына шығатын бөлігінің ұзындығы — 210 метр, оңтүстік бағытының ұзындығы да сол шамада. Астана саябағының жалпы алаңы — 4,3 гектар.

Сондай-ақ биыл облыс орталығында Әбілқайыр хан даңғылы бойында Арбат ашылды.

Жалпы ауданы 30 мың шаршы метрді алып жатқан Арбатта жаз айларында ақтөбеліктер мен қала қонақтары жаяу жүріп, мүсінші Ерік Жауынбаевтың авторлығымен салынған ерекше субұрқақты тамашалай алады. Бүгінде Арбат аумағына адамдардың тынығуы үшін орындықтар орнатылып, шағын архитектуралық формалар қойылған.

Жыл жетістігі

ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Ақтөбеде облыс әкімдігінің қолдауымен тұңғыш Баспасөз үйі ашылды. Ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.Аталған шарада Баспасөз үйі ғимараты алдында мемориалдық тақта ашылып, «AktobeMedia.kz» медиа порталы өз жұмысын бастады.

Айта кету керек, жалпы алаңы шамамен 6,8 мың шаршы метр болатын Баспасөз үйі төрт қабаттан тұрады. Бүгінде мұнда баспахана мен облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері, олардың сайттары, «Ақтөбе», «Адырна», «Үш таған» журналдарының,  «АқтөбеМедиа.kz» медиа порталының, «Aktobenews» ақпараттық сайтының меншік иесі «Ақтөбе Медиа» ЖШС орналасқан. Сондай-ақ ғимараттың бірінші қабатында қос газеттің тарихына арналған мұражай жасақталған. Ал Баспасөз үйінің төртінші қабатында «Баспасөз клубы» белгілі теле жүргізуші Гүлназ Әлімгерейдің онлайн-студиясы мен авторлық медиа мектебі орналасқан.

Жыл сағаты

Желтоқсан айының басында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Aqtobe» телеарнасы эфирінде облыс тұрғындарымен тікелей байланысқа шықты. «Әкім сағаты» бағдарламасы аясында жұртшылықтың өз сауалдарын қоюына, ұсыныс-пікірлерін айтуына толық мүмкіндік жасалды. Телеарнаның тікелей эфирі барысында барлығы 701 сұрақ келіп түсті. Оның 253-і Саll-орталыққа қоңырау арқылы түссе, 448-і әлеуметтік желі арқылы жарияланыпты

Эфир барысында көтерілген сауалдардың барлығына облыс әкімі нақты жауап берді. Бердібек Машбекұлы биыл облыста жүзеге асырылған «Бақытты бала» жобасы әрмен қарай да жалғасын табатынын атап өтіп, бағдарламаға белсене қатысқанқан тұрғындарға алғысын білдірді.

Жыл қоныстойы

Тәуелсіздік күнінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыс орталығындағы «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында 255 отбасыға көп қабатты үйден пәтер, ал 80 адамға коттедж берілді. Қоныс той иелеріне пәтер кілтін облыс басшысы Бердібек Сапарбаев табыстады. Облыс әкімі жаңа қоныс иелерін құттықтай отырып, өңірде жыл соңына дейін кемінде 700 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланғанын атап өтті.

 

Айта кету керек, «Нұр Ақтөбе» тұрғын массивінің 1 және 1 «а» шағын аудандарында 122 коттедж және 2500 пәтерлік 56 аз қабатты үй салынуда. Жылдың соңына дейін 1200-ден астам пәтер пайдалануға берілмек.

   Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button