Басты жаңалықтарМереке

Қазақстанды әлемге паш еткен ақтөбеліктер

ДИМАШ

Димаш үшін артық жарнама керек емес. Қазақстанда ғана емес, әлемде Димаш туралы еш жарнамасыз айта беруге болады. «Димаш» есімі бүгінде жеке-дара бренд атауы ретінде қалыптасты. Осы жыл қазақтың қазіргі музыка өнерінде Димаштың әлемнің ірі мәдениет орталықтарының бірі Лондон қаласында жеке концертінің өтуімен де есте қалады.

«DQ» атты жаңа шоу Ұлыбританиядағы «Indigo at the O2» концерт залындаұйымдастырылды. Оған Лондондағы ғана емес, Димаштың төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріндегі фанаттары ағылды. Димаш бұл концерттен түскен қаражатын

Қазақстанның дарынды жастарын халықаралық беделді байқаулар мен концерттерге қатыстыруға қолдау көрсету үшін жұмсады.

Димаш былтыр Қытайда өткен «I аm a Singer» музыкалық конкурсында тұтас әлемдік музыка өнерін дүр сілкіндіріп, дүниенің бетін Шығысқа қаратты — кәсіби өсуді жалаңаш эротизммен алмастырып алған Батыстың музыка индустриясы Азиядан атып келе жатқан жаңа жұлдызға, ерекше құбылысқа таңырқай қарады. Осы саланың кәсіби майталмандары алты октаваны қиналмай ала беретін ерекше дауысты зерттеуге кірісті. Нота тақтасында жоғарыдан төменге, төменнен жоғарыға қиналмай өте беретін ғажайып техникасы бар әншінің қабілетін адам қабілетінен тыс техника деп бағалағандар да болды.

Димаштың ерекшелігі — ұлтжандылығында. Әлемнің қай сахнасында болмасын аузынан ана тілі, қолынан домбырасы түспейді. Бұл оның миллиондаған фанатының Қазақ ұлтына, Қазақ еліне деген қызығушылығын туғызды. Димаштың өнеріне табынушылар қазақ тілін білуге ұмтылып жатыр. Бұл — қазақтың баласының өз ұлтының алдында жасаған үлкен еңбегі деп бағалауға болады.

Димаштың тағы бір ерекшелігі — қарапайымдылығында. Ол өзінің инстаграмдағы парақшасына Дінмұхаммед Қонаевтың: «Қанша биікке көтерілсем де, халықтан төмен екенімді ұмытқан емеспін», — деген сөзін іліп қойыпты. Ол осы сөзге үнемі лайық болғысы келеді: атағы аспандаған сайын кішіпейіл бола түседі. Бүгінде Димаштың өнеріне әлемге белгілі әншілер, актерлер, сәнгерлер, бизнесмендер, басқа да сала мамандары бас иіп, мойындады. Оған дәлел көп: Джеки Чан,Ева Лонгория,Игорь Крутой,Джек Ма,Аль Бано, тағы басқалары.

Димаш биыл Шанхайда өткен «The Silk Road Cohesion Awards 2018» халықаралық кинофестиваль шеңберінде «Жыл әншісі»атағына ие болды. Бұған қоса «Ұлы Жібек жолы» елдерінің шешімімен «Жібек жолының мәдени елшісі» атанды.Ол бұған дейін тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет ресми түрде «Қазақ туризмінің елшісі» атанған болатын.Биыл Ақтөбеде Димаштың қатысуымен тұңғыш рет «Baqytty Bala-2018» халықаралық балалар шығармашылығы байқауы өтті. Байқау барысында Димашты, оның туған жерін, оқыған орындарын, өскен ортасын көргісі келген фанаттар әлемнің төрт бұрышынан — АҚШ, Франция, Германия, Жаңа Зеландия, Польша, Финляндия, Қытай, Жапония, Малайзия, Ресей, Украинадан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келді…Осы байқау барысында Димаштың фанаттары үшін Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында арнайы туристік тур жасалған. Бұл — еліміздегі жеке адамның атына жасалған алғашқы тур болатын.

Биыл Димаштың шын мәнінде «жұлдызды» жылы болды. Ел мен елді, мәдениет пен мәдениетті, әлемнің әр түкпіріндегі ұлты мен тілі бөлек адамдарды бір мақсат пен мүддеге ортақтастырған, жақындастырған, музыкада шекара болмайтынын тағы бір дәлелдеген қазақтың баласы рухани дүниелерге мұқтаж болып отырған әлемдік аудиторияға бекзат өнердің құдіретін ұқтырды. Алдағы жыл Димаш үшін биылғыдан да нәтижелі, биылғыдан да өнімді жыл болары сөзсіз!..

ҒАЗИЗА

 … Кішкентай сүйір саусақтарымен фортепианода ойнағанда музыка әлемінің тереңіне сүңгітіп әкетеді. Пернелі аспаптың құлағында ойнайтын кішкентай қыз баланың талантына сүйсінесің. Талай байқауда жеңіске жетіп жүр өзі. Ақтөбелік Ғазиза Қалмағанбетова жақында Орынбор қаласында өткен «Урал собирает друзей» атты халықаралық конкурста І орынға ие болып, лауреат атанды. Ақтөбе қаласында өткен «Классика-2018» Жас дарындардың облыстық фестивалінде де Гран-при иегері атанды. Ақтөбеде өткен «Салют талантов» халықаралық жобасында І орынға лайық болса, «Весенние напевы» І халықаралық балалар мен ересектер шығармашылығы байқауында Бас жүлдені ешкімге бермеді. Көкшетауда өткен «Бурабай таланттарды қарсы алады» атты халықаралық байқауда да жүлделі ІІ орынға ие болды.Ал биыл әлемдік музыка астанасы — Вена қаласында «WIENER STERNE-2018» («Вена жұлдыздары») XVII халықаралық фольклорлық ән мен би байқауында І орын алып, лауреат болып келді Ғазизаның өнер додаларында қоржынына салған жеңістері баршылық.

11 жасар бала үшін бұл үлкен жауапкершілік пен еңбектің нәтижесінде келген айтулы жетістіктер мен жеңістер екені даусыз.

— Үлкен қызымыз Назеркені кішкентай кезінде бала күтушіміз Людмила Сутягина оқушылар сарайына би үйірмесіне апарып жүргенде үнемі қасында еріп жүретін Ғазизаны 5-6 жасынан бастап фортепиано класына апарған. Біз жұмыста жүрміз, мүлде ісіміз жоқ. 3-4 жасында ойыншық пианинолармен ойнап жүретін Ғазизаның бойынан бір ұшқынды байқаған болуы керек. Кейін бала күтушіміз өз немересінің үйінен баяғы «Беларусь» пианиносын алып келді. Ғазизаның бұл өнерге деген қызығушылығы осылай бала кезден басталды, — дейді анасы Әлия Таңатарқызы.

Ғазизаның ұстазы Елена Сутердің айтуынша, кішкентай өнерпаз өте еңбекқор, табанды, өзіне қатаң талап қоя білетін ізденімпаз бала. Бүгінде Ғазизаның күрделі шығармаларды тез меңгеріп алатын табандылығына, күн сайын шыңдалып келе жатқан ойнау шеберлігіне осы саладағы майталмандар да жоғары бағасын беріп үлгерді. Қазақстанның халық артисі Айман Мұсақожаева қазақ өнеріне қосылған Ғазизадай кішкентай таланттың белін буып, Астана, Алматы секілді орталық қалалардағы өнер-білім ордаларына жіберу керектігін айтады. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев те Ғазизаның өнеріне сүйсініп, батасын берді.

Ғазиза 2007 жылы өмірге келді. Осы жылы сазгер, Қазақстанның және КСРО-ның халық артисі, профессор Ғазиза Жұбанованың туғанына 80 жыл толған еді. Ата-анасы кішкентай Ғазизаның есімін Ғазиза Жұбанова апасындай болсын деп, жақсы ырыммен қойыпты.

— Венаға барғанымызда әйгілі композитор Моцарттың ХVІІІ ғасырда тұрған үйінде жасақталған қонақүйге бардық. Ескі сәулетті сақтаған, музей секілді ғимарат екен. Бір қызығы, біз орналасқан бөлмеде Ғазиза жатқан кереует орнында, кезінде Моцарттың кереуеті болған екен. Мұны да біз жақсы ырымға баладық, — дейді Ғазизаның анасы.

Ғазиза қазір республикалық арналардан көрсетілетін жаңажылдық мерекелік хабарға түсуге Астанаға кетті. Ұйымдастырушылар алқасы өткізген кастингте фортепианода ойнайтын балалар арасында Ғазизаға таңдау түсіпті…

НАРҒЫЗ

Ақтөбелік жас әнші Нарғыз Жанұзақова биыл «Baqytty Bala-2018» халықаралық балалар шығармашылығы байқауында топ жарып, Димаш Құдайбергеннің Лондонда өткен «DQ» шоуына қатысып келді. Бұл 13 жастағы жас әнші үшін үлкен жетістік.

Нарғыз жүздеген үміткер қатысқан «Baqytty Bala-2018» байқауында айтқан әнін төрт жыл бұрын дүниеден өткен әкесіне арнаған болатын. Ол қазылар алқасының ғана емес, тәуелсіз сарапшыретінде үміткерлерге баға берген Димаш ағасының да көңілінен шығып, оның әлемдік турне аясында өтетін жеке концертіне жолдама алған-ды. «Бақытты бала» байқауына қатысқан әр бала өнерлі, талантты. Нағыз қазақ эстрадасының майталмандары өсіп келе жатыр. Балалардың барлығы да талантты.  Таңдау қиын болса да, жүлде Нарғыз Жанұзақоваға беріледі. Қазір мен әлемдік турнеге шығып, жеке концертімді беріп жүрмін. Арнайы марапат алған Нарғыз бір концертіме қатысып, ән айтады», —  деді әнші Димаш Құдайберген байқау соңында.
Нарғыз Ұлыбританияның «Indigo at the O2» концерт залының сахнасында «Астана – елімнің жүрегі» әнін орындады.

«Димаш ағамен бір сахнада әрі «Indigo at the O2» концерт залында өнер көрсеттім. Мен бақыттымын. Дәл осындай бақ бұйырғаны үшін Аллаға сансыз мадақ. Кейін маған сеніп, мені қолдаған анам мен апама, Қанат, Света Айтбаевтарға алғыс айтамын. Маған сеніп, қолдаған баршаға алғысым шексіз. Армандар орындалады, сену керек», —  деп жазды жас талант Нарғыз Жанұзақова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. Жас әншінің лебізін Димаш Құдайберген жауапсыз қалдырған жоқ: «Жарайсың, балапан! Өте керемет орындап шықтың! Болашақта «менің концертіме әлемдегі №1 әнші Нарғыз қатысқан еді кезінде» деп мақтанып отырармыз»,  — деді Димаш Құдайберген.

Нарғыз алты жасынан бастап музыкаға әуестене бастаған. Кішкентайынан байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр.  Былтыр халықаралық додаға қатысып, жүлде алғаннан кейін музыкалық білімін арттыру үшін Қазанғап атындағы балалар өнер мектебіне оқуға түсті, қазір ол вокал мен фортепиано үйірмесінің белсенді оқушысы.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button