Әлеумет

200 баланың қуанышы

Жуырда Шалқар қаласында заманауи талаптарға сай, 200 орындық «Нұр-Бота»  балабақшасы ашылды.

Екі қабатты еңселі ғимарат Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан туындаған «Балапан» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларының қолдауымен тұрғызылған.

Балабақшаның ашылу рәсімінде аудан әкімі Бауыржан Қаниев жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, балабақшаны салған жергілікті кәсіпкер Қанат Сыдыққа алғысын білдірсе, еңбек ардагері Мақсат Қосымов тұрғындар атынан тілегін айтып, батасын берді.

Балабақша құрылтайшысы Қанат Сыдық игілікті нысанды салу барысында өзіне көмектескен азаматтарға алғысын жеткізіп, символикалық кілтті балабақша меңгерушісі Айгүл Керековаға салтанатты түрде тапсырды.

Шарада бүлдіршіндер тәуелсіздікке арнап тақпақ айтып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Балабақшаға алғаш болып қабылданған бүлдіршіндерге кәсіпкер Қанат Сыдық сыйлықтар үлестірді.

Айта кету керек, аталған нысанның жалпы алаңы — 3000,0 шаршы метр. Балабақша ғимаратында әр топқа арналған жатын бөлмелер, акт зал, мектепалды даярлық және дене тәрбиесі бөлмелері бар.

Балабақшада 8 топ бар, әр топқа 25 баладан қабылданады.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button