Экономика

«Дамудың» тиімді тетіктері

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ — еліміздегі ұлттық даму институттарының бірі. Бүгінде кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының негізгі операторларының бірі — «Даму» қоры бизнес саласының өркендеуіне бірнеше бағытта қолдау көрсетіп отыр. Біріншіден, кәсіпкерлердің кепілдігі жеткіліксіз болса, ішінара кепілдеме береді, екіншіден, банктерден алған несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемесін субсидиялайды және өз қаражаты, Ұлттық қордан бөлінген немесе шетелден тартылған қаражаттарды банктерге орналастыру арқылы кәсіпкерлерге жеңілдетілген шарттармен несие беруді жүзеге асырады. Сондай-ақ кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар бойынша тегін кеңестер беріледі.

«Даму» қорының Ақтөбе облыстық филиалы директоры Берік Нұрғалиевтің айтуынша, ақтөбелік кәсіпкерлер қор ұсынған тетіктерді белсенді пайдаланып отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде аталған даму институты филиалының жыл бойғы жасалған жұмыстары қорытындыланды.    

Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2010 жылы іске қосылған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керектігін мәлімдеді. Және осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлінетін болды. Бағдарлама іске қосылғаннан бастап облыста бірнеше жүздеген кәсіпкер мемлекеттің қолдауына ие болып келеді. Оны 2010-2017 жылдар аралығындағы жұмыстарға жүргізілген талдау да айғақтайды. Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараты бойынша, аталған кезеңде бағдарламаға қатысушылар бюджетке 50,9 млрд теңге сомасында салық төлеген. Төленген субсидия 8,9 млрд теңгеге жетті, яғни мемлекеттен қолдау ретінде бөлінген 1 теңге қаржысына 6 теңге салық түрінде қайтарылды. Сондай-ақ, бағдарлама нәтижесінде 29 мың жұмыс орны сақталып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

«Даму» қоры — «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында сыйақының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау және несиелерді кепілдендіру құралдары бойынша қаржы агенті. Б.Нұрғалиевтің айтуынша, ақтөбелік кәсіпкерлер несиелерге кепілдік беру тетігін қолдануда белсенді.

— Бүгінге дейін 94 жобаға кепілдік берді. Оның жалпы сомасы — 3,4 миллиард теңге. «Даму» қорының кепілдігімен жобаларды «Халық банкі», «Сбербанк» және «Цеснабанк» сияқты банктер белсенді қаржыландырып отыр. Несиелерді кепілдендіру бойынша Ақтөбе облысы республика бойынша өңірлер арасында Атырау облысымен тең дәрежеде (94 жоба) 1-орында тұр, — дейді Б.Нұрғалиев.

Несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша жыл басынан бері облыста жалпы сомасы 6,8 млрд теңге болатын 82 жобаға қолдау көрсетілген. Соның ішінде өңдеуші өнеркәсіп (23%), көлік және қойма (21%), өзге де қызметтер (15%), сауда (13%) және денсаулық сақтау (10%) сияқты салалар несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау арқылы белсенді қаржыландырылды.

Былтырдан бастап елімізде «Еңбек» кәсіпкерлікті жаппай дамыту бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Оның тиімділігі сол — кәсіпкерлерге берілетін несие жылдық 6 пайызбен ұсынылады. Әрі ісін бастаймын деушілерге салалық тұрғыда шектеу қойылмаған. Тағы бір артықшылығы — кепіл жеткіліксіз болған жағдайда кәсіпкер «Даму» қорынан 85 пайызға дейін кепілдік ала алады.

—  Бағдарлама іске асырыла бастаған кезде оған тіркелгеніне үш жылдан аспаған кәсіпкерлер ғана қатыса алатын еді, биыл қараша айынан бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес, тіркелгеніне үш жылдан асып кеткен кәсіпкерлер де қатысуға мүмкіндік алды. Бүгінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша Ақтөбе және Хромтау қаласындағы кәсіпкерлерге несиелер беріліп жатыр. Жыл басынан бастап жалпы сомасы 565,3 миллион теңгеге 54 жоба қаржыландырылды, оның жартысы «Даму» қорының кепілдігімен берілді, — дейді Б.Нұрғалиев.

Былтыр елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы да жүзеге асырыла бастаған болатын. Бұл — құрылыс компанияларына қолдау көрсететін бірегей мемлекеттік бағдарлама. «Даму» қоры — осы бағдарламаның  екінші деңгейдегі банктердегі сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызы мөлшерінде несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау жөніндегі операторы. Облыста  «Нұрлы жер» іске асырыла бастаған уақыттан бері жалпы сомасы 1,7 млрд теңге болатын 7 жоба қолдау тапқан, биылдың өзінде 1 млрд теңгенің 4 жобасы қолдау тапты.

—  «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Даму» қорының Ақтөбе, Қызылорда және Ақмола облыстарындағы филиалдары бірінші орында. Қазір облыста аталған бағдарлама бойынша салынған үйлер жеңілдетілген несиелермен беріліп жатқаны белгілі, — дейді Б.Нұрғалиев.

Кәсіпкерлерді қолдаудың жана құралдарының бірі —  БҰҰ Даму Бағдарламасының энергосервистік компанияларға қолдау көрсету арқылы энергияны үнемдеу және ауаға СО2 парниктік газдарының таралуын азайту бағытындағы жобаларды жүзеге асыру. Аталған жобаның кәсіпкерлерге несие беру бағытында кепілдік қою және несие сыйақысын субсидиялау жөніндегі операторы — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. «Даму» қоры кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден алған несиесінің 10 пайызын субсидиялайды, сонымен бірге қаржы сомасының 50 пайызына дейін кепілдеме береді.

—  Бүгінде аталған бағдарлама аясында «Акватория» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қазақ-орыс халықаралық университетінің ғимаратында автоматты жылу пунктін орнату бойынша бірінші жобасы жүзеге асырылды, Сондай-ақ, қоғамдық ғимараттарда, мектептерде және мемлекеттік мекемелерде жылумен жабдықтау және жарықтандыру жүйелерін жаңғырту бойынша бірқатар жобаларды қолдау жоспарланып отыр, — дейді Б.Нұрғалиев.

«Даму» қоры филиалы кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау да көрсетеді. Филиал жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында жыл басынан бері 2 289 адамға кеңес беріліп, 386 жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетілген.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button