Тарих

Өзгеше өнеге иесі еді…

Бар ғұмырын, ақылы мен парасатын, терең білімі мен білігін еліне қызмет етуге арнаған Нұрман Қорбин ұлағатты да ардақты адам болатын. Оны тебіренбей еске алу мүмкін емес.  Осыдан алпыс жыл бұрын Қарауылкелдіде мектеп директоры болып, алдында басталған ұстаздық еңбек жолын жалғастырған-ды. Сол ұжымды тура отыз жыл басқарды. Оның жарық дүниеден өткеніне де соншама уақыт болған екен.

Тұлғасы кесек, ой байламы мен сөз саптауы бөлек ғибратты жан бүгінгі күні де жұртшылық жадында.

– Сөзі өтімді, ісі толымды Нұрмандай асыл ағам ұмытыла ма?! Оқу жылы басталған кез бен соңғы қоңырау сәтіндегі ұстаздар мен оқушылардың қуанышты жүздерін көргенде есіме еріксіз ағатайым түседі. Оны олардың арасынан іздеймін. Іздеймін де, таппай қиналамын. Ағамның өміршең өнегесін көз алдымнан өткізсем, көңіл көкжиегім кеңіп қалады.

Мамандығының майталманы атанып, сабырлы да салиқалы мінезімен шешім қабылдап, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін шебер ұйымдастырушы ретінде елге танымал болады. Ол басқарған мектепті күні бүгінге дейін білетіндер «Қорбин мектебі» деп атап жүр, — дейді ол кісінің қарындасы, өзі де ұстаздық қызмет атқарған Орынбике Қорбина.

Адамгершілік адамның ең жоғарғы қасиеті болса, Нұрман ағаның жүрегінде соның нұрлы сәулесі мол болатын. Өткен ғасырда халқымыздың тағдырына тап болған орасан нәубеттер оның әулетін де айналып өтпеді. Әкесі Қорба қарапайым шаруа адамы болған. 1934 жылы Қызылбұлақ ауылдық кеңесіне екі қашар, бір биесін беріп, колхозға мүше болып кірген. Нұрман ағаның өз қолымен жазған архивтегі өмірбаянында әкесі 1937 жылы колхозда күзетші болып жүргенде бір сиыры жоғалып, үстінен арыз түскені айтылады. Мемлекетке зиян келтірген деп ол халық жауы ретінде ұсталып кетеді.

Нұрман ағам жас кезінен  батыл, ақылды болып өседі. Сабаққа алғыр және суретті де жақсы салған. Анасына көмек беріп, өзінен кейінгілерге де қамқорлық жасайтын болған.

Соғыс және одан кейінгі жылдары тамақтың тапшы, киім-кешектің жоқ кезі. Қарындасы Орынбикенің мектепке күзде анасының галошын киіп барып жүргені жанына батып, қазан айында Нұрман аға қоянның терісінен аяқ киім тігіп бергенін көзі көргендер айтып жүретін. Бір үйде төрт отбасы тату-тәтті тұрады.

Бала Нұрман алтыншы класты бітірген соң сабан айдайды. Колхозда масақ теруге қатысады. Мектепті Жарқамыстан үздік бітіреді. Сол жылдары білім берген ұстаздары  Садық Аймағамбетов, Шылау Теміров, Тасқынбай Ұзақбаев, Мұздақбай Ауқатбаев, Есіркеп Төкешов болыпты.

Ол оқыған класта 18 оқушы болған. Бірге оқығандар арасында елге абыройлы қызмет жасағандар көп еді. Қазір көзі тірілерінен Сағымбай Мұстафин ғана бар.

Сол жылдары балалар қиыншылықпен оқыған. Оқу құралдары да тапшы еді. Сия жоқ, карандашты жоғалтып алмау үшін мойнына жіппен тағып алатын-ды. Шешелері тоқыған бұйымдарын соғыстағы солдаттарға жіберетін.

«Ұстаз ісін ұмытпау — ұлылықтың белгісі» деп академик Ахмет Жұбанов айтқандай, ұстаздардың ұстазы атанған Нұрман ағаны әріптестері мен шәкірттері еш ұмытқан емес. Мектепке есімін беру туралы ұсыныстар айтылғанмен әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Ұстаздардың ұстазы болған Нұрман Ықыласұлына ескерткіш тақта орнатылды. 2013 жылы облыстық телеарнаның ұйымдастыруымен «Тау тұлға» «Тау тұлғаға тағзым» атты екі деректі фильм түсірілді, мектепте мұражайы бар.

Жақсылық АЙЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Ой қамшының сабындай қысқа ғұмыр деген осы нағыз азаматтың тұлғасы деуге болатын азаматың бірі қанша ұрпақ адынан ұшып кетті бірде бір артық сөзі жоқ Нұрман аға иманы жорлдас болып жаны жанаттан орыны болсын демекпін Біздер сізді ұмытпаймыз есте сақтаймыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button