Басты жаңалықтарЭкономика

«Бизнестің жол картасы-2020»: әрбір кәсіпкерге қолдау бар

«Даму» қорының Ақтөбе облысы бойынша аймақтық филиалы шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын халыққа насихаттау мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, кәсібін дөңгелентіп отырған нысандарға пресс-тур өткізді. Аталған тур барысында журналистер «Парус» ЖК, «Каспий плюс» ЖШС, «Элит дентал» стоматологиясында болып, жұмыс барысымен танысты.

Аталған мекемелерге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының несие пайыздық мөлшерін субсидиялау, несие бойынша кепілдік беру сияқты қолдау көрсетілген.

Журналистер алдымен мемлекеттік қолдауға ие болған «Парус» ЖК өндірісімен танысты. Кәсіпорын «Сбербанк» АҚ арқылы 100 миллион теңге көлемінде 10 пайыздық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы несие алып, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге арналған жабдықтар сатып алған. Жабдықтардың барлығы түгелдей Ресейден әкелінген.  «Парус» ЖК базасының бастығы Жомарт Едрешовтің айтуынша, мұнда ауысымына 50 тонна өнім шығарылады.

— Бүгінгі таңда кәсіпорын құрғақ құрылыс қоспаларының төрт түрін өндіреді. Алдағы уақытта шығарылатын өнім түрлерін кеңейтіп, құю едендері мен қалау ерітінділерін шығару жоспарда бар. Өнімге сұраныс баршылық. Ақтөбе қаласының бірнеше құрылыс дүкендерімен, сондай-ақ облыстағы ірі құрылыс компанияларымен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Өнімдерімізді Ақтөбеге қоса Атырау, Орал қалаларындағы құрылыс дүкендеріне де жібереміз. Өткізу нарығын кеңейту кәсіпорынның алға қойған міндеттерінің бірі, — дейді Жомарт Едрешов.

Айта кетейік, құрылыс қоспаларына пайдаланылатын шикізат — жергілікті, ал химиялық қоспалар шетелден алынады.

— Біздің елде өз кәсібін ашып, жұмыс жасаймын деген азаматтар үшін мүмкіндік зор. Ол үшін түрлі шарттар мен бағдарламалар қарастырылған. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы біз секілді кәсіпкерлер үшін үлкен көмек. Экономиканың басым секторларында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бұл бағдарламаның кез келген кәсіпкер үшін берері мол, — дейді  «Парус» ЖК базасының бастығы Жомарт Едрешов.

Қаладағы құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын кәсіпорын жұмысымен танысқан журналистер «Каспий плюс» ЖШС өндіріс базасында болды. Тау-кен және мұнай-газ өнеркәсібі үшін бекіту бұйымдарын өндірумен айналысатын кәсіпорын — «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының белсенді қатысушыларының бірі. Бағдарлама аясында 7 пайыз көлемінде субсидиялауды пайдалана отырып, құны 100 миллион теңге болатын өндіріс базасын сатып алған.

Кәсіпорынның бүгінде Ақтөбе және Атырау қалаларында базалары бар. Ақтөбеде тау-кен өнеркәсібі үшін бекіту бұйымдарын шығарса, Атырау қаласында мұнай-газ өнеркәсібі үшін өнім шығарады.

Серіктестіктің коммерциялық мәселелері жөніндегі директоры Санжар Жабаевтың айтуынша, компания бүгінгі таңда өнімдерін Германия, Грузия мемлекеттеріне экспорттап отыр. Ендігі басым міндеттердің бірі — Моңғолия нарығын бағындыру.

Бүгінде шикізат өнімдерінің дені Ресейден әкелінеді. Ал мұнай өндіруші алпауыт компаниялардың тапсырысын орындау үшін шикізат арнайы Еуропадан алынады.

— Өнімдерді экспорттаумен қатар, импортты алмастыру да біздің компанияның басты міндеттеріне кіреді. Кәсіпорын бүгінгі таңда тау-кен, мұназ-газ саласына қажетті 500-ден астам өнім түрін шығарады. 50-ден астам жұмысшымыз бар. База толықтай автоматтандырылған. Жұмысшылар да үнемі арнайы біліктілігін жетілдіру курстарынан өтіп тұрады, — дейді Санжар Жабаев.

Журналистер барған үшінші нысан — «Элит дентал» стоматологиялық клиникасы болды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланған жеке кәсіпкер Айнұр Қалдығұлова қызметін кеңейтіп, жаңа стоматологиясына коммерциялық жылжымайтын мүлік сатып алған. Ғ.Жұбанова көшесінде орналасқан жаңа ғимараттың жалпы алаңы 540 шаршы метрді құрайды. Екі қабатты жаңа ғимаратта протездеу бөлмесінен бөлек, терапия, хирургия кабинеттері бар. Бүгінгі таңда «Элит дентал» стоматологиялық емханасында 24 маман жұмыс жасайды. Стоматология қызметкерлері өз біліктіліктерін Еуропа елдерінде арттырады. 15 жылдан бері стоматология саласында жүрген кәсіпкер болашақта тағы бір несие алып, шетелдік өндіріс жабдықтарын алуды жоспарлап отыр.

***

Айта кетейік, Мемлекет басшысы таяуда жолдаған Жолдауында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың тиімділігін атап өтіп, жыл сайын осы мақсатта республика бойынша қосымша 30 миллиард теңге бөле отырып, оның жүзеге асырылуын 2025 жылға дейін ұзартуды тапсырды. Үкімет қаулысына сәйкес, бағдарламаның несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі ҚР Ұлттық Банкінің ставкасынан 5 пайыздан аспауы тиіс. Бүгінгі таңда Ұлттық банктің базалық ставкасы 9,5 пайыз болса, екінші деңгейлі банктердегі несие бойынша ең жоғарғы мөлшерлеме 14,25 пайызды құрайды.

— «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге банктен алатын несиесі бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және олардың кепілдігі жетіспеген жағдайда ішінара кепілдеме беру түріндегі мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Ақтөбе қаласы бойынша қолдау экономиканың басым бағыттарында жұмыс жасайтын азаматтар үшін көрсетілсе, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге ешқандай шек қойылмаған. Ауылда тұратын кез келген кәсіпті бастаған кәсіпкерге қолдау көрсетуге әзірміз. Қалада экономиканың басым бағыттарында жұмыс жасайтын кәсіпкерлер үшін субсидияланатын сыйақының мөлшері 40 пайызды құрайды. Ал ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге пайыздық мөлшерлеменің 50 пайызын субсидиялаймыз. Яғни 14 пайызбен банктен несие алатын болса, оның 7 пайызын үкімет төлейді. Субсидия кәсіпкерлерге 5 жылға беріледі. Ең жоғарғы сомасы экономиканың басым бағытында жұмыс жасайтын кәсіпкерлер үшін 2,5 миллиард теңгеге дейін, ал ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер үшін субсидияланатын несиенің ең жоғарғы мөлшері 750 миллион теңгеден аспауы тиіс, — дейді «Даму» қорының Ақтөбе облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Берік Нұрғалиев.  

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру жұмыстары басталғалы 2010 жылдан бастап Ақтөбе облысында 867 жоба бойынша  жалпы сомасы 99,8 миллиард теңгеге субсидиялау шартына қол қойылған. Ал 2018 жылы облыс бойынша 80-ге жуық кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, 6,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсалды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button